Вейп, сталкинг және қыз ұрлау: Тоқаев жаңа заңға қол қойды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасын оңтайландыру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды, деп хабарлайды Malim.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Заң аясында Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Қылмыстық-атқару кодекстеріне, сондай-ақ "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" кодекске, "Жедел-іздестіру қызметі туралы", "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" және өзге де заңдарға түзетулер енгізілді.
Бірінші блок – қылмыстық заңнаманың тұрақтылығын қамтамасыз ету.
Екінші блок – қылмыстық заңнаманы жетілдіру және кейбір қоғамдық қауіпті әрекеттер үшін жауапкершілікті күшейту.
Атап айтқанда, Қылмыстық кодекске сталкинг (адамның еркіне қарсы байланыс орнатуға немесе оны бақылауға бағытталған, зорлық-зомбылықсыз, бірақ елеулі зиян келтірген қудалау) үшін жауапкершілік енгізілді.
Сонымен қатар, сату мақсатында вейптерді жеткізу және сақтау да жазаланатын болады.
Жаңа заңда дропперлік (жалған тұлғалар арқылы қаржы операцияларын жасау) пен қалыңдық ұрлауға да жаза қарастырылған.
Үшінші блок – азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту, қылмыстық процестегі жарыспалылықты арттыру және оны оңтайландыру.
Төртінші блок – қылмыстық-атқару заңнамасын жетілдіру.
Заң мәтіні ресми баспасөзде жарияланады.
Фото: Ақорда

Ең көп оқылған
