Үй кезегінде тұрғандар азайды

Malim Админ

  • 12.11.2020

Қарағанды облысында баспана кезегінде тұрғандардың саны азайды. Ал биылғы 2020 жылдың 10 айының қортындысы бойынша құрылыс саласы жанданып, жұмыс көлемі 105,5%-ға жеткен. Бұл туралы бүгін Нұр-Сұлтан қаласында өткен бирифингте өңір басшысы жеңіс ҚАСЫМБЕК мәлімдеді.

«Соңғы айдың қортындысы бойынша желтоқсан айында алты жүз шаршы метр тұрғын үйдің құрылысын аяқтаймыз. Бұл көрсеткіш былтырға қарағанда жиырма бес пайызға артқан. Он айдың ішінде Қарағанды облысында баспана кезегінде тұрғандар алты пайызға азайды. «Бақытты отбасы» бағдарламасын 560 отбасы пайдаланды. 2676 отбасы жыл соңына дейін түрлі бағдарламалар арқылы және  демеушілердің көмегімен баспаналы болады. Алты жүзден астамы көпбалалы аналар. Бұл адамдардың барлығы жергілікті әкімдікте үй кезегінде тұрғандар», - деді облыс басшысы Жеңіс Қасымбек өз баяндамасында.

Облыста тұрғын үй құрылысы Қарағанды, Жезқазған, Балқаш, Қаражал қалаларында қарқынды жүріп жатыр. Ресми ақпарат бойынша өңірде баспана кезегінде 34 766 мың адам тұр. Олардың 2 151 көпбалалы отбасы болса, 13 061 тұрмысы төмен отбасылар. Ал 12 171 бюджеттік мекемелердің жұмысшылары. 7 057 жетім балалар болса, 326 адамның үйлері апатты жағдайда.

Апатты демекші, брифингте әкім Жеңіс Қасымбекке Жезқазғандағы апатты жағдайдағы үйлерге қатысты да сауал қойылды.

«Жезқазған қаласында 25-26 үй апатты жағдайда. Абай көшесіндегі қоғамда резонанс туғызға үйге қатысты экспертиза жүргізіліп жатыр. Он күннің ішінде қортындысы шығады.  Қаладағы апатты үйлердің он жетісі сүріледі. Қалғандарына жөндеу жұмысы жасалады. Үйлері сүрілетін тұрғындарға өтемақы  я болмаса үй беруіміз керек. Осы жылдың соңына дейін және келесі жылдың бірінші тоқсанына дейін тоғыз үйдің тұрғындарын көшіру жоспарда бар. Өтемақыға келіспеген тұрғындарға үй беріледі. Қалада мемлекеттік бағдарламамен салынып жатқан тұрғын үйлер бар», - деді Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек.