Мақпал Мыса 28 миллион теңгелік кешін түсіндіре алмады
Zertteu Research Institute Нұр-Сұлтан қаласының мәдениет басқармасы ақын Мақпал Мысаның авторлық кешін ұйымдастыруға 28 миллион теңге жұмсағанын анықтады.
Алтай Көлгінов басқаратын әкімдіктің мәдениет басқармасы ақын Мақпал Мысаның кешін ұйымдастыру үшін ARDA production ЖШС-мен бір көзден тікелей келісімшарт жасалған. Бұл астананың мәдениет басқармасы Мақпал Мысаның поэтикалық кешін ұйымдастыру үшін тендер жарияламай-ақ, оны ашық конкурсқа салмастан, 28 миллион теңгенің кешін ұйымдастыруды ARDA production ЖШС-ға міндеттеді деген сөз. Қызығы, ақын Мақпал Мысаның жыр кеші астанада 23 ақпан күні дүркіреп өткенімен, тендер бойынша келісімшарт 3 сәуір күні ғана жасалған.
Осы тендерді әлеуметтік желіде талқылап жатқан жұрт астанадағы мәдениет басқармасы неліктен Мақпал Мысаның кешін бюджет ақшасына ұйымдастырғанын түсінбей отыр. Тендердің техникалық ерекшелік құжатына қарағанда, 28 миллион теңге "Ақ қанатты періште" поэтикалық кешін ұйымдастыруға және өткізуге жұмсалған. Мәдениет басқармасымен бір көзден тікелей келісімшарт жасасқан ARDA production ЖШС кем дегенде 500 орындық концерт залын тауып, оған Мақпал Мысадан басқа жеке орындаушылар, би және орындаушылар тобын қатыстыруға және оларға гонорар төлеуге міндеттелген. Өнім беруші тіпті шараға қатысушылар мен ұйымдастырушылардың ұшақ билеттерін төлеп , Нұр-Сұлтан қаласының ішіндегі көлік қызметімен қамтамасыз етуге тиіс болған. Әрі міндетте бойынша, шараның республикалық телеарналардың бірінен көрсетуін қамтамасыз ету тиіс болған.
Тағы бір қызығы, әкімдікпен бір көзден келісімшарт жасасқан ARDA production ЖШС 2020 жылдың 9 ақпанында ғана құрылған. Құрыла салысымен бірнеше күн өткен соң, 12 ақпан күні мемлекеттік сатып алулар порталына тіркелген. Бұл компания Мақпал Мысаның жыр кешін ұйымдастырудан басқа осы күнге дейін бірде-бір тендер ұтып көрмеген.
Бәлкім, Алтай Көлгінов басқаратын әкімдіктің мәдениет басқармасы поэзияны сүйетін қауымды жыршашумен қуантқысы келген шығар, бірақ оны не себепті салық төлеушілердің ақшасы есебінен жасағаны түсініксіз. Әрі басқа-басқа емес, неліктен дәл Мақпал Мысаның жыр кешін ұйымдастырғаны да тендер құжаттарында түсіндірілмейді.
Біз осы сұрақтарды әуелі жыр кешінің иесі Мақпал Мысаның өзіне қойып көрмек болып хабарластық. Алайда "мен тек шығармашылыққа қатысты жауап беремін, ақша, құжат мәселесіне Нұр-Сұлтан қаласының мәдениет басқармасы жауап береді. Маған сұрақ қоймаңыз" деген Мақпал Мыса сұрақтарымызға жауап беруден бас тартып, телефон тұтқасын қоя салды. Сөйтіп, 28 миллион теңгеден қанша қаламақы төленді деген сұрағымызға жауап ала алмадық.
Тендерді ұтып алған ARDA ЖШС басшысы Мұрат Қожамқұловқа да хабарласып, тендер бойынша бірқатар сұрақ қоймақ болдық. Алайда "жиналыста отырмын, сұрақтарыңызды WhatsApp-қа жазып жіберіңіз" деген М.Қожамқұлов біз жолдаған сұрақтарға әзірге жауап бермеді.
Сонымен, осы кешті бюджет ақшасынан ұйымдастырған Нұр-Сұлтан қаласының мәдениет басқармасының баспасөз хатшысы Салтанат Муксимоваға хабарласып, мән-жайды сұрадық. "Ақпан өтіп кеткен жыр кешіне тендер келісімшартын сәуірде жасасқаныңыз қалай?" деген сұрағымызды ести салған баспасөз хатшысы әзірге оның жауабын өзі де білмейтінін жеткізді.
"Бұл мәселе бойынша хабарласқан бірінші адам емессіз. Маған таңертеңнен бері хабарласып жатыр. Бұл маған да беймәлім болып отыр. Қалай ақпарат белгілі болады, ресми жауап береміз. Қазір өзім де білмей отырмын соны. Басшылық қарастырып жатыр. Барлығын заңгерлер анықтап, анық-қанығын жазып беруі керек. Сол кезде бәріне жауап береміз", - деді Салтанат Муксимова.
"28 миллион неге дәл Мақпал Мысаның кешіне бөлінді?" деген сұрағымызға баспасөз хатшысы: "Ол маған да түсініксіз. Өзім де әзірге білмей отырмын. Толық ақпарат белгілі болғанда хабарын айтамын", - деп қайырды.