Абай. ӘЛИФБИ
Әлиф-дек ай йүзіңә ғибрәт еттім,
Би – бәлаи дәртіңә[1] нисбәт[2] еттім.
Ти – тілімнән шығарып түрлі әбиат[3],
Си – сәнәи[4] мәдхіңә[5] хурмәт[6] еттім.
Жим – жамалың[7] қандай ақ рузи[8] маған,
Хә – хәлиллик[9] тапмадым, жаным, сәнан.
Хи – халайық, мен емес, бәрі интизар,
Дәл – дариға ғишық[10] оты бермес аман.
Зәл – зәлиллік[11] көрген соң, сайрай бер, тіл,
Ре – риза қылмағыңды, яр[12], өзің біл.
Зе – заһардай[13] күйдірді ғишқың қатты,
Сын – сәләмат қалмағым болды мүшкіл.
Шын – шәкәр ләб[14] есіме түскен сайын,
Сат – сабырым қалмады, мен не әйләйін[15].
Зат – заиғ[16] өмірім өтті менің бекер,
Та – талаптан әйтеуір құр қалмайын.
За – залым көп қылыш боп жанға оқталды,
‘Айн – ақылымды басымнан тартып алды.
Ғайын – ғариблік[17] басыма түскеннен соң,
Фи – файдаң[18] тие ме деп жаза салды.
Қаф – қабыл болар ма екен жазған хатым,
Кәф – кәміл[19] ақылың, асыл затым.
Ләм – ләбіңнен[20] ем қылсаң мен дәртліге,
Мим – меһріңнен қалмас ед бар апатым.
Нун – нала ғып қайғыңмен күйдірдің көп,
Уау – уәйлана[21] ғишқың[22] уайым жеп,
Һи – һеш файдаң тимесе өлді ойлаңыз,
Ләм-әлиф – лә иләһа иллалла[23] деп.
Я – ярым, қалай болар жауап сөзің,
Мәд[24] – қасың, тәшдид – кірпік, сукун – көзің[25].
Үтірмен асты-үстілі жазуда бар,
Болуға асты-үстілі көнсең өзің.
[1] درد – (арабша). [дәрд] – ауру, азап шегу. Мұнда ғашық болып дерттену деген мағынада.
[2] نسبت – (арабша). [нисбәт] – байланыс, қатынас, бір нәрсемен байланыста болу
[3] ابیات – (арабша). [әбиат] – өлең, жыр; бәйт сөзінің көпше түрі.
[4] ثنا – (арабша). [сәнә] – мақтау, мадақтау
[5] مدح – (арабша). [мәдх] – мадақтау, мақтау
[6] حرمت – (арабша). [хурмәт] - құрмет
[7] جمال – (арабша). [жәмал] – көркік, сұлулық, әдемілік
[8] روزی – (парсыша). [рузи] – несібе, үлес
[9] خلیل – (арабша). [хәлилл] – шын дос, сүйген жар.
[10] عشق – (арабша). [‘ишқ] - ғашықтық
[11] ذلیل – (арабша). [зәлил] – қорлық, азап.
[12] یار – (парсыша). [йар] – дос, сүйікті жар мағынасында.
[13] زهر – (парсыша). [зәһәр] – у, заһар
[14] شکر لب – (парсыша). [шәкәр ләб] –тәтті ерін.
[15] ایلاماک – (түркише). [әйләмәк] – істеу, жасау
[16] ضایع – (арабша). [заи‘] – бүлінген, бұзылған, зая
[17] غریب – (арабша). [ғәриб] – ғаріп
[18] فایده – (арабша). [фаидә] - пайда
[19] کامل – (арабша). [камил] – кемел, толық
[20] لب – (парсыша). [ләб] - ерін
[21]ویلان – (парсыша). [уәйлән] – қаңғырып жүретін, тентірейтін
[22] عشق – (арабша). [‘ишқ] - ғашықтық
[23] لا اله الا الله – (арабша). [Лә иләһә иллаллаһ] – Алладан басқа ешбір тәңірі жоқ.
[24] ٓ مد – мәд, ْ سوکون – сукун, ّ تشدید – тәшдид – араб жазуын сауатты оқу үшін әріптердің үстіне қойылатын айрықша белгілер