457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Абайдың тәлімі терең мұралары дүние жүзіне дәріптелуде

Ұлттық әдебиетіміздің көсегесін көгерткен әйгілі ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы еліміздің әр түкпір-қойнауында, одан әрірек айтсақ, халықаралық аренада жалғасын табуда. 

Сондай берері мол кеш елордадағы Ұлттық кітапханада мәреге жетті. Хакім қазақ өркениетін жаһанға жайғаны мәлім. 23 қазанда көпке таныстырылған «Ұрпаққа ұлағат» атты жаңа жинақта шайыр шығармалары жеті тілге тәржімаланып берілген. Мерейлі шараға  қарымды қаламгерлер мен  қоғам қайраткерлері,  көзіқарақты оқырмандар  жиылды. Көрнек саналатын толымды кітапты жаңашыл мәнерде жазып, жариялаған үлгілі ұстаз, тәжірибелі педагог Гүлмира Амандықова.

Танымды мәні терең кітап дүние жүзінің ықпалды тілдері  ағылшын, қытай, испан, түрік,  француз, орыс һәм немісшеге тәржімаланғандығы болар. Еселі еңбекпен баспа бетін көрген жинақта кемеңгер қарасөздерінің терең иірімдері әлемге ортақ көзқарастарға бағыттайтын кемел ойларды жүрекпен түйсінуге болатындай. Жазба әдебиетіміздің тамыр жаюына сүбелі еңбек сіңірген ақынның Гете, Пушкин, Лермонтов, Крыловтан жасаған аудармалары соны туындылар санатында.   

Көп жылғы ізденіс жемісі ауыз толтырып айтарлықтай мәнге ие. Аталмыш басылымға Қытайда тұратын аудармашы, сөз зергері Акбар Мажит, франциялық зерттеуші Кэтрин Пухаль, түркиялық Анна Түкерхан, Анна Рапатхандар кеңесшілік етіп, рецензия жазғаны белгілі. Сонымен қатар, Франция, Испания елшіліктерінің қызметкерлері де қызу қолдап, оң бағаларын берген. 

Басылымның рецензенттері мен кеңесшілері ретінде Испания Корольдігінің Қазақстандағы Елшісі Луис Франсиско Мартинес Монтес, Қазақстан Республикасындағы Франция елшілігінің құрметті консулы Доминик Пажес, Қытайда тұратын жазушы және аудармашы қандасымыз Әкбар Мәжит, неміс жазушысы, Анкара университетінің профессоры Анна Рафатхан және Анна Тукерхандар көзден кешірген екен.

Абайдың мерейтойын атап өту бастамасы шетелде де лайықты жалғасуда. Жақында Мажарстандық оқырманға Абай мұрасы ашық дәріс ретінде таныстырылып, дәріптелді. Игі шараны қолға алып, іске асырған еліміздің сол мемлекеттегі елшілігі мен «Тіл-қазына» ұлттық-ғылыми орталығы. Осы ғибратты мәжілісте көрнекті ғалым Ербол Тілешов хакім туындыларын сана таразысына тартып, баяндамасын ұсынды.

Абай институтының қазақ тілі курсын бойларына сіңіріп жүрген Түркия, Франция, Моңғолиядағы  тіл үйренушілер осы жүздесуде  Құнанбайұлының әндерін әуелетіп, жырларын бұқара назарына жеткізді.    

Фото: АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ