АБАЙМЕН ОЙНАУ – ҚАЗАҚ НИГИЛИЗМІНІҢ АЙНАСЫ (мерейтойлық емес мақала)

Белгілі әдебиеттанушы ғалым, эссеист Мақсат Тәж-Мұрат өзінің Абайдың тарихи тұлғасына қатысты соңғы жылдары көрініс тауып жүрген шетін көзқарастар мен келеңсіз бейнежазбалардың белең алу себептерін тереңнен тарта талдаған “Абаймен ойнау - қазақ нигилизмінің айнасы» атты сыни жазбасын «мерейтойлық емес мақала» деп атаған екен. Оқыңыз, ой жүгіртіңіз, оқырман.
Кешелері Абай мен Ділдәні «неткізген» сөзі үшін жұрт талпа-талпаға бөлініп алып, бір жағы Әлия Әшімді мүйіздеп, екінші тарап оны қорғаштап, қазақ дейтін қоғамыңыз ойда жоқ жерден «мінез» танытып жатқан уақытта, біз де қарап отырмай, «беш тиынымызды» қыстырып едік. Қазақтың бірінші землемері Асан Қайғы атамыздың: «Семейдің шөбін жеген мал, ол малдың етін жеген адам құтырады» деген сөзін келтіріп отырып, сөз соңын: «Сірә, Әлия құрбысымен әлгі музейге кірер алдында әлгіндей бір малдың еті мен сорпасын «нетпеді» ме екен?!» - деп қыжыртқанбыз. Эструсқа түсіп кеткен жоқ па екен деген астар да.
Қатты сынаусыз, әшкерелеусіз, аздап сарказммен шалапталған стеб еді ол. Постқа жарай береді, ал мына жерде, үшбу масһаланы негізгі тақырыбымыздың орайында таратыңқырап, тәпсірлегіміз келіп тұрғаны.
Әлия – гәп жоқ, Белла Ахмадуллина айтқан «венециялық тәсілмен үрленген шыны». Поп-жазғыштардың, журналистиканы блогерлікке айналдырып алғандардың арзан хайп һәм монетизация қуып, әртүрлі фолк-хисторилермен әуейіленуі. Тарихқа балама (альтернативті) көзқарас та емес, халық өз басынан өткерген, сол себепті де ресми тарихтан өзгешерек болып келетін тауарих та емес. Бұл – өткен тарихты, ондағы тарихи тұлғаларды өзінің деңгейінде, яғни социумдық, тіпті тобырлық (плебстік) түсінікпен түсіну. Мысалы, «Абай іші пысқан байдың баласы ғой, шалқып өмір сүрген байлықтан жалыққасын философ болып кеткен» деген сияқты формалды логика (инстаграм, ma.ma5913 нимді фолловер қалдырған коммент).
Ал енді, осыны бұл теріс дегеннің өзінде онда бір заңды құбылыс бардай көрінеді. Басқаша айтқанда, мұны шулы даңқ көксеген жазғыштың (айтқыштың) блогерлік ағынына қарсы жүзгісі келетін дивандық анархизмі деп бағаласа да болады. Бұл да сталинизмнің бір түрі, тек айнада кері сәулеленуі, зияткерлік жалған өңділікпен құбылуы. Бұл – тургеневтік «Әкелер мен балалар», ондағы өткеннің бәрін белінен бір-ақ тартып сызып тастайтын жектік («бесы», «бесовщина»).
Қосанжар, қатар өмір сүріп жатар екі дүние, бұдан бес жыл бұрын Абай тақырыбына атышулы мақала жазып, Қазақ елін ат тепкендей шулыған қылған Зәуре Батаева меңзеп кеткен параллель әлем. Ие, ие, жай блогер ғана емес, аудармашы һәм әдебиеттанушы ретінде танылған Зәуре Батаева – Зәурет ханым.
Абайды жұмбақ деу бұрыннан бар. Бұл ыңғай, сірә, Тәкен Әлімқұловтың осы аттас («Жұмбақ жан») кітапшасынан басталады. Одан соң Рамазан Тоқтаров «Абайдың жұмбағы» деген роман шығарды. Осы тақырыпқа соңыра жазылған дүние – Қалибек Алтыбаевтың «Абай» кроссворд-кітабы. 1980-жылдары Евгений Курдюков деген қазақстандық ақын Абайдың өлеңдерін зерттей келіп, оны апиыншы деп тапқаны, көкнәрінің суы өңіріне тамып сауыс-сауыс болып отыратын нашақор ретінде суреттеп, онысы қазақ қоғамына біраз шулыған әкелгені бар еді. Кезінде осы Курдюков және оның К°-сы қазақ қоғамынан, соның ішінде білгір де беделді абайтанушы ғалымдар тарапынан лайықты жауабын алғанына куә боп едік – әлгі Курдюков ақыры Қазақстаннан кетіп тынды.
Ал енді осы сөзді Зәуре Батаеваның адресіне айта аламыз ба?
Бұл сұраққа жауап іздемес бұрын батаевалық кейске көз салайық. Автордың «Загадка Абая: величайший неизвестный поэт Казахстана» (8 тарау) және «В поисках Абая: письма Адольфа Янушкевича, еще одна советская подделка» (2 тарау) дейтін көлемді мақалаларының айтпағы мынау: «Абай – өмірде болған адамның аты емес, гетероним болуы мүмкін. Себебі Абайдың ғылыми ғұмырнамасы да түзілмеген.
- Абайдың шығармалары деп қабылданған дүниелер оның өз қолынан шығуы күмәнді;
- Абай Құнанбайұлы деген адам өмірде болмауы әбден мүмкін, ал архивке түскен «Ыбырай Құнанбай» басқа адам, қысқаша және статистикалық өмірбаяны болғанымен, 1888-1901 жылдар аралығында ондай ақынның болғанын дәлелдейтін ешбір тарихи дерек жоқ.
- 1905 жылы Әлихан Бөкейханов жазатын қазанамаға дейін, «Дала уалаяты» газетінде 1889 жылы жарияланған «Жаз» өлеңінің кейіпкері ретінде аталғанын санамағанда, ешбір тарихи дереккөзде ақынның аты-жөні аталмаған;
- «Абай шығармалары» деген атпен қазақтың үш оқығаны – Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов және Міржақып Дулатов арнайы жоба (проект) жасауы, яғни сол атпен шығарма жазуы ықтимал, ол топтың басында Әлихан Бөкейханов тұруы мүмкін, соның ішінде Абай қай өлеңін қашан және қалай жазғаны толық айтылған «Тұрағұл естеліктері» тіпті көп кейін 1933 жылы жарық көрді, оның авторын жоғарыдағы үш жазушының бірі деп есептеуге негіз жоқ емес. Жалпы, Әлихан Бөкейханов жазған мәтіндер мен Абай шығармалары арасында идеялық және стилистикалық тығыз байланыс бар;
- Абайдың «Қара сөздері» аталып жүрген шығарманың авторы Абай емес, Әлихан Бөкейханов пен Мұхтар Әуезов болуы әбден мүмкін, әйтпесе Мұхтар Әуезовтің Ресейдегі архиві неге 2093 жылға дейін құлып астында құпия ұстауға жатқызылған?!
Бұған не деуге болады? Зәуре Батаеваның мақалалары жанрлық жынысы жағынан попхистори, стилі жағынан полемикалық әдебиеттануға, соның ішінде белгілі Тынянов стиліне келіңкірейді. Яғни, әдебиеттану ыңғайымен жазылған дәйектеме материалдар (инфоэссе). Әдетте, мұндай текті зерттеу жоғарыдағыдай даулы тақырыптарды гипотеза түрінде қозғаған кезде, авторы өмірде болған тұлғалардың аты-жөнін бадырайтып айта бермейді, себебі, бұл бар болғаны болжам, жорамал, гипотеза, яғни ықтималдылықтың белгілі бір пайызы болғанымен, ондай зерттеу еңбек мәселенің түбегейлі жауабы болып саналмайды. Адамның аты-жөнін анық, нақты келтіру үшін зерттеушінің қол астында жеткілікті дәлел-дәйек жатуы тиіс. «Көш жүре түзеледі» принципімен құрылған жеткізіп айту (домысел), қосып айту (вымысел) емес, факты жатуы керек. Фактілер үстемдегі.
Өкініштісі, Батаеваның ұсынғаны негізінен бұл талаптың үдесінен көріне алмаған. Дәлел-дәйекке жүргізген сөздері сыңаржақ таңдалатын, өзі көргісі келгеннің жетегінде кететін «Солженицын синдромы».
Осы жерде Зәуре Батаеваның жазғандарына белгілі зерттеушілеріміз білдірген реакцияларға аз-кем тоқтала кетейік (ондай қарсы мақалалар көп, бұл жерде біз соның бір-екеуін ғана келтіреміз).
«В доказательство своей правоты она (З.Батаева – М.Т-М) не без пристрастрия, но совершенно не к месту приводит мнения далёких от абаеведения лиц, ещё лучше – некоего загадочного блогера, – деп жазады әлихантанушы Сұлтан Хан Аққұлы «Геростратова слава» дейтін мақаласында. – < ... > Сам Алихан с юношества стал критически переосмысливать всё происходящее вокруг себя именно под влиянием поэзии Абая ... : «Кто не знает казахских (в ориг. «киргизских») акынов Чуртанбая, Чуже, Орынбая, Найман бала, Чернияза, Кунанбай и др.» < ... > Свои стихи Абай написал в 1887 году, когда Кыр баласы (Алихан Букейхан – М.Т-М) ещё учился на І курсе... нет, не гимназии, как опрометчиво пишет автор гипотезы, а Омского технического училища < ... > Если 1870-ый как год рождения Алихана окончательно потвердится, то стихи «Өлең сөздің патшасы...», которых Батаева сенсационно приписывает ему, он сочинил их в 17 лет < ... > он был гением! < ... > Автор знакома с биографией А.Н.Букейхана лишь поверхностно и её вселенские гипотезы, если точнее – домысл строятся на неверных и крайне искажённых сведениях... < ... > Она владеет темой заочно < ... > Однако из всех гипотез и домыслов З.Батаевой верхом цинизма6 откровенным кощунством выглядит её безосновательные сомнения относительно физического существования поэта-мыслителя. < ... > Предложу отчет Семипалатинского областного статистического комитета за 1903 год,< ... > в нём в составе действительных членов областного статкомитета фигурируют И.Кунанбаев и А.Букейханов. < ... > Помимо прочих курьёзов, З.Батаева подвергает сомнению само существование не только Абая-Ибрагима, но и его сына Акылбая, друга и поэта-ученика Кокбая Жанайтулы < ... > Фотография Абая с двумя сыновьями – Акылбаем и Тургаулом... – лучшее опровержение домысла З.Батаевой < ... > Словом, её анализ отличается редким дилетантизмом. < ... > это не более чем плод бурной фантазии автора, не имеющего ни малейшего представления об истории казахов и ситуации в Великой степи в ХІХ в. < ... > Посему видно, что ею двигала неутомимая жажда славы. Однако эта слава оказалась «геростратовой», на протяжении тысячи лет напоминающей о самых постыдных поступках людей...»
Екінші жауап мақаланы жапон ғалымы Томохико Уяма ағылшын тілінде жариялаған (қазақшаға аударған – С.Ыбырай): «Өкінішке орай, Батаеваның мақаласы мұқияттықтан алыс. Біріншіден, ол негізгі маңызды фактілерді білмейді. Мен олардың кейбіреулерін ғана келтіремін, - деген өз жазбасында Уяма мырза. – Ол бірқатар мұрағат құжаттарында кездесетін «Волостной управитель» Ибрагим Құнанбаевтың барын білмейтін сияқты. < ... > Ол Абайдың алғашқы кітабын 1909 жылы Санкт-Петербургте И.Бораганскийдің баспадан шығарғанын растау мүмкін емес деп айтады, өйткені Орталық академиялық кітапхананың сайтында басылымның мәліметтері бар титулдық парақ кітаптың екі электронды нұсқасында жоқ. Бірақ басқа кітапханаларда, соның ішінде Санкт-Петербургтегі орыс ұлттық кітапханасында да бұл кітап бар. Қ.Мұхамедхановтың Бораганский туралы кітабында титул парағының фотокөшірмесі бар. < ... > Ол Мұхтар Әуезов Абай туралы 1933 жылға дейін жазбаған дейді, бірақ оның Абай туралы бірнеше шығармалары бар, олар 1918 жылы «Екеу» бүркеншік атымен шыққан, Турағұл Кұнанбаев пен Әуезовтікі деп саналған немесе Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытовтікі. < ... > Батаеваның зерттеуіндегі ең жағымсыз тұсы – оның араб графикасында қазақшаны оқымауы (ол араб жазуын транскрипциясы үшін басқа адамға алғыс білдіреді). Оның дәлелдерінің көпшілігі Абайдың алғашқы кітабы мен Мүрсейіт қолжазбалары жалған деген болжамға негізделеді, бірақ қалай ол өзі оқымаған кітап пен қолжазбаның шынайылығына дау туғызуы мүмкін?? Ол мағыналы текстологиялық және лингвистикалық талдау жүргізбейді, стилистикалық талдауға тырысқаны ыңғайсыз. < ... > Мен Мүрсейіттің қолжазбаларын мұқият зерттеген жоқпын, бірақ әлі күнге дейін ешқандай күмәнді белгіні таба алмадым. < ... > Абай жазуларының маңызды, бірақ елеусіз қалған жағы – олардың діни сипаты. Алаш зиялыларының да, советтік насихатшылардың да күрделі ислам терминологиясын қолдана отырып, діни философияға енген мәтіндерді жасауға ешқандай негізі болмады. (Және мүмкін шамасы да келмеді)».
Осы және өзге де материалдардағы нақты да затты фактчекинг бір жаман жарамыздың аузын ашты: Айнұр Әбдірасылова айтқандай, шынында да қазіргі жастардың білім деп жинап жүргендері – ақпарат. Не нәрсені жазғанда, яки айтқан кезде маңдайға ұсталатын нәрсе – сол тақырып жайында жазылғанның бәрін тауып, игеріп, ой сарабына салып қорытынды шығару болса, кейінгі жастар сол «матчасттан» ада. Ақын Айнұр Төлеудің сөзімен жіберсек, «сөзі жоқ үн». Ағысы біліне бермейтін терең өзендерді пайдалану, яғни Серік Әбікенұлы жазған «Тірнектеп терген ғалымнан ұрлай «емген» желілік зәлімнің бағы басым» плагиаттық. Әйтпесе Дина Имамбай көрсеткендей, жоғарыдағы Әлия Әшімнің өзі былтыр бір ролигінде Ұлттық кітапханада сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры бар екенін енді білгенін мойындауын, тіпті ол Алматыда Орталық ғылыми кітапхана барынан бейхабар болып шығуын басқа немен түсіндіруге болады?!
«Алдыңғы буын алдыңғы заманның көп жамандығын ала келді» – Мұхтар Әуезовтің бұл сөзі сол жамандықтан ендігі жас буын аулақ болса, әдебиетке адалдық, әділдік келсе дегендік еді. Алайда арада қауырт өзгерген уақыт, заман, замана, оның құбылып соққан желі бізде адалдықтың, әділдіктің, білім мен сауаттың деңгейі әлі де көп төмен екенін, бір кезде Ницше айтқан «просвещенный сволочтар» дәуірі орнай бастағанын ыспат етіп отыр. Қазірде бұрынғыны, өткен тарихты ой сарабына салып таразылауға көп білімнің, ақыл зеректің қажеті жоқ, мәшіннің аккумуляторының клеммасы сықылды плюсті минусқа оп-оңай ауыстыра салады. Заманауи тарих, тарихнама сырт көзге іш пыстырарлық болып көрінетін ақиқаттан гөрі жарқ-жұрқ еткен шындыққа қызмет етуде. Бұл өзі жалғыз қазақ тарихына ғана қатысты нәрсе емес. Шекспир өмірде болған ба, әлде осы атпен «әдеби негрлер» тобы жұмыс істеген бе деген тақырып Батыста қаузалғалы әлденеше ғасыр. Татар ақыны Ғабдолла Тоқайдың өмірде шын болғанына күмән айтыла бастады. Михаил Шолохов – Кеңестердің әдеби проектісі, Николай Островский де «Құрыш қалай шынықтыны» өзі жазбаған, оның атымен жеті адамнан жасақталған «әдеби артель» жұмыс істеген, Расул Гамзатовтың да өлеңдері орысшада мүлдем басқа сипатта жасалған, т.б. Десе де, солардың бәрін біздің қазақ тарихын тәпсірлеушілер жолда қалдырып бара жатқандай. Мен бұл жерде Ербол Құрманбаевтың «Очерки фальсификации казахской истории» кітабындағы Жамбыл ақын болмаған, ол болып орыс ақындары өлең шығарып, соңыра қазақ тіліне аударылған деп келетін «Несчастный великий Джамбул» тәрізді материалдарды айтып отырғаным жоқ – Жамбылдың ақын болғаны, айтысқа түскені, эпик жырлар жырлағаны еш күмәнсіз, бірақ оған советтік мазмұнда өлеңдер шығарылып берілуі әбден мүмкін – менің айтып отырғаным, Қазыбек Тауасарұлының «Кітабы» секілді яки Шыңғысханды қазақ қып шығаратын фальсификация. Көбінекей этникалық, трайбалистік ыңғаймен бұрмалау, тарихты бұрмалау.
Ал Зәуре Батаева жайлы әңгіме басқа. Мұнда әдеттегі ура-патриоттық жоқ, мұның тамырлы астары тереңірек.
Сұлтан Хан Аққұлы жоғарыдағы мақаласын түйіндей келіп, бір маңызды мәселенің шетін басып өтіпті.
«< ... > С другой стороны, бесспорно одно, что современному казахскому обществу предстоит пересмотреть, переосмыслить и переписать многое из того, что нам досталось в наследство от советского периода, в том числе тот Абай, образ которого создавался в основном в советский период.
Да, важно признать, что статья Зауре Батаевой взбудоражила общество. Этаки нестандартный взгляд не только на фигуру и творчество великого Абая, но и Алихана Букейхана, первого биографа поэта-мыслителя, Ахмета Байтурсынулы, Миржакыпа Дулатулы, первых абаеведов, и других. Чрезвычайно смелый анализ, граничащий разве что с безумством, сокрушительные ураганные выводы и заключения, «убийственные» для всех без исключения абаеведов. Постановка совершенно неожиданных, чаще бессмысленных и абсурдных вопросов и задач, на которые сама же пытается ответить. Правда, немалое из них ошибочны, голословны, нередко из-за недостатка или даже полного отсутствия фактологических материалов, чуть реже – из поспешных и субъективных, гипотетических умозаключений. В попытке избавить Абая и абаеведение от советских стереотипов, лжи, мифов, она пыталась примерить на Абае и абаведении западноевропейский шаблон. Иначе говоря насильно надеть на свободолюбивого степняка Абая узкий европейский кафтан вместо широкого шёлкового халата».
Бұл пікірді талдамас бұрын Зәуре Батаева әлгіндей ашық полемистік материалдарға неге барғанын білмек керек.
«< ... > Жалпы, көптеген қазақтардың Абай жайлы оқығаны, білері өте аз, соған қарамастан Абайға сын айтқан адамға тарпа бас салудан ешбір именбейді. Тіпті білімді деген мырзалар мен ханымдардың өздері мақаланы оқымай жатып, мәселенің мән-жайына бармай жатып, жаппай шабуылға, тіл тигізуге кіріседі, – дейді автор Зәуре Батаева Stan.kz сайтының тілшісімен сұхбатында. – < ... > Қаншама дарынды ақыны бар ұлттың бір ақынға осынша табынуының себебі не? Әрине, бұл – ұзақ уақыт жүргізілген кеңес идеологиясының нәтижесі. Абай көптеген қазақтар үшін ақын емес, пұт, ескерткіш.»
Сонымен, Абай қазақ үшін мызғымайтын пұтие (кумир) және оны советтік идеология әдейі қолдан жасаған. Ал енді осылай деудің өзі терең түкпірінде Сұлтан Хан айтып өткен батысеуропалық шаблонға – кеңқолтық шапанның орнына тылтиған батыстық кафтан кигізудің әрекеті емес пе?!
Ілгерідегі интервьюде сайт тілшісі бұл тақырыпқа әдейі тоқталып, Батаеваға «Абай жұмбағы» әлдекімнің тапсырмасымен арнайы жазылған ізденіс емес пе?» деген сұрақты тіке қойған екен. Автор, әлбетте, ондай тапсырыс болмағанын дәлелдеп баққан. «Мен мақаланы пайда табу үшін немесе «хайп» үшін жазған жоқпын. Мақаланы жаза бастағанда мақсатым мүлдем басқа болған еді. Зерттеу барысында қандай да мамандардың көмегі қажет болғанда, қаламақыны өз қалтамнан төледім. Себебі дереккөздерді оқу кезінде бұрын ешқашан ойыма келмеген ғылыми сұрақтар туындады және солардың жауабын іздеу өзіме қызықты болды. < ... > Жаңа технологиялық әдістемелер арқылы Абай шығармашылығын, оның мәтіндерін, жеке тұлғасын мұқият зерттеу – заман талабы. Ал бұған қарсы ғалымдардың өздерінің ғылыми біліктілігі жаңа заман талабына сай емес деген сөз».
Өз басым бұл жерде Зәуре шынын айтып отырғанына сенемін. Терең, түбегейлі зерттеу барысында тақырып басқа жақтарға бұрыла бастайтынын, мәтін кенет әңгіменің рәтін бөтен бір арналарға алып қашатынын филология кандидаты, эссеист қаламгер ретінде өз тәжірибемнен білемін. Десе де, бұл құбылыстың өзіндік түрткі себептері болмақ. Олар – соған дейінгі оқып-тоқығаның, сені өсірген, тәрбиелеген орта, әлеуметтік жағдайлар, т.б. жағдаяттардың сырттан, іштен білдірмей тигізетін әсер-ықпалы. Осы тұрғыдан келгенде, кейінгі ұзақ жылда Батыс Еуропада оқып, сонда қалып жұмыс істеп жүрген Зәуренің батыстық мәдениетпен, еуропалық менталитетпен мықтап ауалануы заңды және осы орайда оның әлгі сұхбатында: «Қазақтар демократиялық қоғам құрғысы келе ме? Онда демократияның негізгі шарты – сөз еркіндігін құрметтеп үйренсін», - деп нығырта айтуы қисынды да. Ретінше, сынының садағы демократияның қас жауы болып есептелетін кеңестік жүйеге (оның бүгінгі мирасқоры Ресейге) бағытталуы да заңдылық. Айтты-айтпады, посткеңестік кеңістікте, соның ішінде біздің Қазақстанда идеологиялық фетиштер әлі іргесін бере қоймағаны, тіпті ұлт жасақтау ісі бір кезде кемалистік Түркияда орын алғанындай мифтендірілген тарих базасында жүріп жатқаны өтірік емес қой. Батаева және сол секілділер – осы үдеріске жауап реакция.
Ие, белгілі шындық, әлдебір ел, әлдеқандай бір халық өзінің өткеніндегі өтірікпен өмір сүрер болса және оны айыптауға өз бойынан күш-жігер таба алмаса, онда әлгі ел, халық адамзаттың өзге бөлігімен қатар өмір сүруі қиындайды. Ондай елге, ондай жұртқа сенуге болмайды. Үлкен мәселеде де, шағындау нәрселерде де. Сол себепті қазақ үшін бүгінде Абайға көп нәрсе байлаулы. Әсіресе, біздегі қоғам бұрын болмаған деңгейде маргиналданып, мың қырыққа бөлініп кеткен қазіргідей тарихи ситуацияда. Бізде соңғы кездері сананы отарсыздандыру мәселесі мемлекеттік идеология дәрежесінде қолға алынып жатуының елеулі себебі осында. Алайда, отарсыздандыру – таяқтың екі ұшы сияқты саясат. Шоттың басын бассаң, келдегі сарт етіп маңдайға соғатыны секілді. Ол келдектің аты – рефремдинг (отарсыздандыру), посткеңестік кеңістікті отарсыздандырудың Батыстағы ұғымы.
Біз мәселенің мәнін қысқа да нұсқа жеткізу мақсатында ЖИ көмегіне жүгіндік. Чат ждипити былай дейді: «Батыстық түсініктегі посткеңестік кеңістікті отарсыздандыру постколониализм концепциясымен тығыз байланысты және ол кеңестік империядан қалған мұрадан және оның ішіне саясат, мәдениет және біркелкілік кіретін әртүрлі салаға ықпал етуінен азаттануынан тұрады. Батыс зерттеушілері КСРО кезеңіне көбінесе отарлау формасы ретінде, ал Одақтың ыдырауын және содан кейін бұрынғы кеңестік республикалардың тәуелсіздік алуын деколонизация актісі деп қарайды. Бұдан да кеңірек алғанда Батыста мұндай отарсыздандыру саясаты төмендегідей жәйттерді қамтиды:
- саяси тәуелділіктен құтылу (Батыс аналитиктері бұрынғы КСРО елдеріне Ресейдің саяси үстемдігінен азаттанып, шешім қабылдауда толық тәуелсіздікке қол жеткізу қажет деп санайды);
- экономикалық құбылыс (экономиканы әртараптандыру, ресейлік ресурстарға тәуелділікті азайту және әлемдік экономикалық жүйелерге – соның ішінде еуропалық құрылымдар көмегімен – кірігу);
- мәдени деколонизация (кеңестік мәдени мұраны қайта ой сарабынан өткізу және жаңадан бағалау, ұлттық біркелкілікті дамыту, жергілікті тіл мен салт-дәстүрді дамыту, сондай-ақ ресейлік мәдени үстемдікке қарсы тұру);
- сананы отарсыздандыру (менталдық отарландырудан азаттану, яғни кеңестік дәуір күшпен таңған стереотиптер мен ұғым-түсініктерден құтылу, тарихқа және қазіргі заманға сын көзімен қарайтын ойлау жүйесін қалыптастыру).
Біздің түсінгеніміз, «отарсыздандыру дискурсының» шығу тегі екеу. Бір жағынан, оған тәуелсіздік алған елдердің өз ішінде сұраныс бар. Посткеңестік дәуірде мемлекеттік құрылыс, ұлт жасақтау, ұлтты ұйыстыру мәселелері бойынша туындап отырған қажеттілік. Яғни, қоғамды топтастыру үшін отар дәуірден «кінәлі» факторларды тауып әшкерелеу керек болды және болып та отыр.
Екінші жағынан, ілгеріде рефремдингке байланысты көргеніміздей, «отарсыздандыру дискурсы» – сырттан, үшінші бір елдердің тарапынан нақты беріліп отырған тапсырыс (шартты «батыстық өс» елдерінен келетін қаржы көмегімен жұмыс істеуші әртүрлі үкіметтік емес ұйымдар мен медиаресурстар). Бұл дискурс инструменталдық сипатқа ие, оған жүктелген міндет – бұрынғы КСРО елдерін қазіргі Ресейден аулақ ұстап, арада араздық отын тұтатып отыру. Бұл үдеріс 2022 жылғы гибридтік соғыстан кейін әсіресе қарқындады.
Сонымен, бүгінде Қазақстан екі үлкен күштің идеологиялық саясатының ортасында қалды: бір тарап – өткен тарихымызды түбегейлі түрде қайта форматтауға күш салып отырған Батыс, екінші тарап – бұрынғы КСРО республикаларын «ортақ тарих» негізінде жаңадан қалыптап, ықпалынан шығарғысы келмейтін Ресей. Қазірде бізде – Қазақстанда алдыңғы тарап – Батыстық «отарсыздандыру» жеңіске жетіңкіріп тұр, себебі кеңестік режиммен байланысты символ, мифологеммадан және тұлғалардан бас тартуға халықтың өзі ынтызар, ал сол халықты топтастыруды көздейтін мемлекеттік идеологиямыз да осы дискурсты ұстануға мәжбүр; екіншіден, бұрын да – Алаш дәуірінен бұрын да – Орталық Азия халықтары арасында алдымен вестернизацияланған қазақ санасы тәуелсіздік алған соң Батысқа толық бет бұрды, еуроамерикан цивилизациясының посткеңестік республикалар жастарын өзіне әлпештеп шақырып, оқу, қызмет ұсынатын «модус вивендус» саясатының құрығына алдымен ілікті. Қазақ Батыстың 1990-шы жылдардың басында өзінің экономикалық талаптарымен Қазақстан экономикасын іс жүзінде күйретіп, елді тұтыну рыногына айналдырғанына да қарамады. «Бүгінде Қазақстанды Гарвард пен Оксфорд студенттері басқарып отыр» деген қанатты тіркес туды. Ал, Батыс экономиканы біржайлы қылғаннан кейін идеологиямызды қолға алды. Бұл жолы халықтың рухани дүниесі, тарихи жады экономикамызды күйреткендей күйретілмеді – бұлар батыстық демократиялық құндылықтар негізінде қайтадан бағдарланды. Соңғы жағдай шынды өтірікке қосып жартыкеш шалапталған, адамдардың санасын сапырылыстырған және мемлекеттік террорды құрал еткен кеңестік идеологияның бетпердесін аяусыз сыпыруымен көпшілік арасында, әсіресе жастар арасында тартымдылыққа ие болды. Бізде Кеңес Одағы тұсында өмір сүрмеген, сәйкесінше бұл кезеңнің шындығын білмейтін екінші ұрпақ өсіп келеді, ал батыстық «отарсыздану дискурсының» көздегені де осы орта. Салдарынан біз тарихи өткенімізді біршама бұрмаланған түрде түсінетін екі буынға ие болып отырмыз. Зәуре Батаеваларға, Әлия Әшімдерге. Біз бұларды сырттан нақты диверсиялық тапсырма алды, қаржылық қолдау көрді деуден аулақпыз. Жоқ, бұл компания – кеңес дәуірінің мистификаторларына өздігінен қарсы бола жүріп, оларды әшкерелеймін деп отырып өздері де радикал демистификаторларға айналып кеткен буынның өкілдері. Кісі сырқат сандырағында да айтпайтын «Абай өмірде болмаған» дейтін шалық – әлгі демистификацияның шыңы. Осы буын айтып-жаза беретін «Қазақ жаңармай Абай ескірмейді», «Абайдың әлі өзектілігін жоғалтпауы – екі ғасырда қазақтың өзгермейтіндігінің белгісі», «Ондай өзектілік жоғалса, онда ол қазақтың өзгергені» деп келетін сентенциялар – бар болғаны жоғарыдағы батыстық «отарсыздандыру дискурсы» ыңғайындағы софизм. Объективті шындыққа, білімге, моральға, құндылықтарға, өмірдің мәніне күмән келтіретін нигилизм.
Осы тұрғыда тұрып қарар болсақ, Абайды сынау – бүгінгі қазақ нигилизмнің айнасы деу жөн. Абайдың өзін сынау емес, Абай арқылы бүткіл өткенімізге «еуроамерикандық дискурсте» күмәнмен қарау. Әлия Әшім бұл алған бетінен қайтпайтынын жуырда әлеуметтік желі арқылы жұртшылықтан кешірім сұрауында аңғартты. Стилистикасын қараңыз: «Менің Абайды мазақ ету, қазақтың мәдениет, тарихын қорлау дейтін ниетім ешқашан болған емес. Керісінше, тарихи жадты қалпына келтіру, сананың деколонизациясы, өткенге жаңа рефлексия жасауға ниеттеніп, жастарға жобалар жасап келеміз. Әлі жасаймыз да».
Бұл ештеңе емес, дәл сол күндері (14.07.25) Ринат Азамат дейтін «жас пері» қоғам белсендісі пабликтер арқылы «Абай мен Ақылбай бір әйелге таласқан! Абай – маған авторитет емес!» деп, жаһанға жар салды. Айтатыны: Абайдың інісі Оспан қайтыс болғасын ол баласы Ақылбай екеуі Оспанның бір әйеліне (сірә, Еркежанға – М.Т.М) таласқан; Абай жеңген; Оспанның әйелі Ақылбайға кіші шеше болмай ма? Намыс қайда? Ұят қайда?
Ие, көп ұзамай қоғам Мұқағалиға тіл тигізген жігітке және Әлияға кешірім сұратқаны сияқты бұл жас жігітті де тізерлетіп қалар. Бірақ, Рашиля Мүрсалиева жазғандай «кешіккен кешірім де жоқ ұятты көбейтпес», әсіресе ондай кешірімдер нигилистік өрекпулерден арылмай тұрып сұралатын болса. Өте қауіпті құбылыс. Чернышевскийлік сұрақ: Не істеу керек?
Анық – «өлгеннің соңынан сөз айтпа» дейтін, ұлтымызда да, ата дінімізде де бар табу бұл жерде ойнамайды. Осы бір «шындықты айту» дейтін әбден адами тілек басқа уақытта қадірлі, тек бұл жерде емес. Бәлкім, кейбір оңтүстік-шығыс Азия елдеріндегідей «Ұлттың алтын қорын» жасақтап, Қорға кіретін сакральды тұлғаларды көрсетіп жазып, оларға тіл тигізбеуді, анайы сөйлемеуді заңдастыру, бұл заңға мойынсұнбағандарды «иноагент» ретінде тізімге енгізу керек шығар? Немесе мемлекеттік деңгейде «Абай – қандай да бір саясаттан, идеологиядан тысқары тұратын тұлға» деп жариялап, көше-көшелерде, үлкен жолдардың бойында «Абайша ойла!, Абаймен ойнама!» яки «Абайы жоқ халықтың Құдайы жоқ!» деп (ие, ие, дәл осылай – леп белгісімен) айқартып жазып, плакат етіп іліп қойса ше?! Ал қоғам, жұртшылық өз тарапынан қандай да бір қабылдауға болмайтын не ар-намысқа тиді деп бағаланған әрекеті, сөзі үшін башибузук адамға (ұйымға) қоғамдық айыптау, бойкот жариялайтын кэнсел (бас тарту) мәдениетін қалыптастырса. Қоғамға әсер ететін ортада жүргендерді – айтқанынан қайтпай, 2020 жылы жазғанына 2023 жылы қайтып оралып, шетелде отырып сызданған батаевалар мен сыпылдаған әлияларды, дандайсыған ренаттарды әлеуметтік желі арқылы қысып, өрістерін кесіп, тыныстарын тарылтып тастаса ше?!
Тізім жасау, плакат ілу – әлбетте, асыра сілтеу, ал қоғамның, жұртшылықтың бақылауы да ырықтан шығып кетуі кәдік (оны бақылауда ұстау үшін жаңадан мекеме ашу керек болады). Біздіңше, мұндайда мемлекеттік идеологияны жүргізіп отырған ресурстар бағдар етіп ұстауы тиіс екі жағдай бар. Оның біріншісі, мәселе Абайда ғана емес деп тауып, бір нәрсені негізі идеологиялық ұстаным ретінде ұстану, яғни қазақ қоғамының одан әрі мың қырық жікке бөлінбеуіне тосқауыл қою, осы жолда ұлттық біркелкілену бойынша басталған істі соңына дейін апарып, осы өреде отандық тарихқа бірыңғай көзқарас қалыптастыру. Ол үшін жаудан да жаман және тарихи тақырыптар бойынша батаевалық аллюзиялар туғызатын шындықты бүркемелеу, ақиқаттың жартысын айтып, жартысын бүгіп қалу секілді (кеңестік) құралдардан арылу. Тарихты идеологияландырудан, қолдан әрілету, киепеттендіруден, қолдан ұлттық сакралдар жасаудан батыл бас тарту. Бізде тарих бойынша шындық, ақиқат керек, соның ішінде Абайға қатысты түрде де «Абай табынатын пұт емес, ол сондай қарапайым досың; бірақ бәрі де, сөзінен де, ісінен де ұлылық самалы есіп, еріксіз өзіне қызықтырып қоятын магиясы бар тұлға» (Бақытбек Қадыр) дейтін түсінікке келмек керек. Әңгіме Абай жайында халықтық таным-деректер, (соның ішінде көбінекей ауызша айтылатын) мен ғылым пәнсаласы ретіндегі абайтану арасында орын алып отырған бояулы айырмашылықтарды жою жөнінде. Осы жерде бір нәрсені ашық айтуға тиіспіз: жоғарыдағыдай аксиологиялық кеңістік абайтанудың өзіне де, оның қалың көпшілікпен, қоғаммен жұмыс істеу деңгейіне де қатысты. Бірақ абайтанушы ғалымдарымыз Зәуре Батаева мақалаларына өз саласы тұрғысынан келіп, жекелей жауап берумен шектелді, бірақ жұмған жұдырықтай бір ұжымдық соққы жасалған жоқ. Кешегі Әлия мен Ренатқа да әзірге тарихшылар мен әдебиеттанушылар тарапынан бірде-бір жауап берілмеді. Бұл абайтану мен тарих ғылымымыз кәсіби тұрғыдан абдырап қалғанын және абайтанудан белгілі зерттеушілер бақилық болып кеткенінің соңында кейінгі толқын абайтанушылар олардың деңгейіне жете алмай жатқанын ыспат етеді.
Осының өзі үкімет салаға аямай қаржы төгіп, ішінде Әдебиет және өнер институты, Абай Академиясы бар бірнеше тұтас ғылыми ұйымдар мен орталықтар құрған жағдайда орын алып отыр. Құдайшылығын айтайық, осы күнге шейін біздің филологтар Абайдың ғылыми ғұмырнамасын толық түзіп болды деп айта алмаймыз, сол сияқты ойшыл ақынның шығармалары дәйекті зерттелінді деу қиын (академиялық түсіндірмесімен екі-ақ том). Мұның өзі айтылмыш тақырыпқа Батаева сияқты дилетанттар еркіндей келуіне жол ашып отыр, Ренат Азаматтардың ауыздарына келгенін көкуіне мүмкіндік береді. Жоспар орындалды. Онсыз да күмән ұялаған көкіректерге сенбеушілік ұрығы себілді. Сұлтан Хан Аққұлы Әлихан Бөкейханды «Екі тілде жазған қазақ болуы мүмкін» деп жазады, ал бір кезде Ғарифолла Әнес, Аманқос Мектептегі секілді Алаш дәуірінің білгірлерінен Әлиханның ешқашан қазақша жазбағанын, оның орыс тіліндегі жазбаларын Міржақып Дулатұлы қазақ тіліне аударып, жариялап отырғанын естіп едім. Ал осы және өзге де деректер бізде ауызша ғана тарап жүр, ғылыми айналымға қосылмаған. Сол сияқты Батаева және оның К°-сымен айтыс-тартыс барысында әдеби шығармалардың тарихи негіздері де назарға алынбады, мысалы, «Абай жолы» дәуірнамасының екінші кітабында Әзімхан Жабайханов деген атпен шығарылған Әлихан Бөкейханның Абайды көргісі кеп іздеуі, сол сияқты Абайдың Әлиханды көргісі кеп ауалануы суреттеледі.
Мәселенің мәселесі – абайтанудағы бұл «бозтаңдақтардан» бөлек, кәдімгідей «ақтаңдақтар» орын алып отырғандығы. Осы жерде З.Батаеваның Абайдан бір жол өз қолымен жазған қолжазба (автограф) қалмауы жөніндегі күмәні ойландырмай қалмайды. Яғни, абайтану бойынша түпнұсқа проблемасы бар. Мүрсейіттің немересі Мүфтибектен жеткен бір дерек сақталған: «Қай жылы Мұхтардан (Мұхтар Әуезов – М.Т.-М) Сарымырзаның Ғайсасы (Ғайса Сармурзин – М.Т.-М) келіп, соның сұрауымен әкем Шолпандағы шешесінің қабырының бас жағын қазғанда еш жері бұзылмай сақталған атам қолжазбасы шығады. Ғайса арқылы Алматыдағы Мұхтарға жөнелтіпті». Сондай-ақ Мұхаң 1920-1930-жылдары елге бір келгенінде өзіне ел адамдары берген және бір Абай қолжазбасын қойнына тығып әкеткен. Сол қолжазбалар қайда, ОҒК қорындағы «Китаб-и тасдих» соның біреуі болса, қалғандары қайда және олар, сондай-ақ «Китаб-и тасдих» әліге дейін толық зерттеліп, академиялық басылым ретінде неге жарық көрмей отыр?!
Сұрақ көп. Бір кезде Олжас Сүлейменовтің «Аз и Я»-сы ортағасырлық орыс әдеби ескерткіштерін зерттеу ісіне тыңнан серпін беріп, бұл саланы біраз ілгерілетіп тастағаны сияқты, Зәуре Батаева мен оның ізбасарларының Абай тұлғасына байланысты шулыған еңбектері мен роликтері бір есептен абайтануға да жаңадан серпін беріп, осы саланың кенжелеп қалған тұстарын, кем-кетіктерін толтыруға септессе абзал. Бәлкім, сонда қазақ қоғамын соңғы кезде теміреткідей жайлай бастаған қауіпті сырқау – ұлттық нигилистік арамшөптердің де тамырына балта шабылар.
Мақсат Тәж-Мұрат. Түпнұсқа: https://adebiportal.kz/kz/news/view/abaimen-oinau-qazaq-nigilizminin-ainasy-mereitoilyq-emes-maqala__10000512
Фото: adebiportal.kz

Ең көп оқылған
