Ақын Әбділда Тәжібаевтың өлеңдері

Әбділда Тәжібайұлы Тәжібаев (1909-1998) – ақын, драматург, әдебиет зерттеуші ғалым, филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның Халық жазушысы.

Malim Админ

  • 24.09.2024

БҰЛ КІМ?

Осы бір тыным таппас елгезектік
Білмеппін көп сырларын, елемеппін.
Әншейін, пысық қана, адал жан деп,
Кейде оның дегеніне көне кеттім.
Ізденгіш жаңалығын астананың,
Құптағыш үлкендердің бастағанын,
Ішінде кәрілердің кәдешіл-ақ,
Айтады жас тобында жастар әнін.
Жаюлы дастарқаны мейманына,
Әдебі әжептәуір сыйлары да.
Ағаға семіз бағлан басын тартып,
Жеткізер іні қолын сирағына.
Адамның бәрімен дос бағы барда.
Көрінер тым бауырмал жағынарда.
Шаттығын шабыттанған жасыра алмас,
Арада араздык от жағыларда.
Көрмеген бітім айтып өмірінде,
Атану аралық дос жеңіл мүлде.
Қоштаса қошеметтеп күндіз оны,
Табады кешке мұның көңілін де.
Бағып тұр көргіш көзі алыстарды,
Танып тұр алысқанды, жарысқанды;
Күтіп тұр құлағанын биіктердің,
Тілеп тұр жылағанын таныстардың.

 

О, ТУҒАН ТІЛ

О, туған тіл! Дүниеде
Сен болмасаң, не етер ем?
Аңмен бірге аң болып,
Шаңмен бірге шаң болып,
Ұстағанның қолында,
Тістегеннің аузында
Олжа болып кетер ем.

Сені берген атамнан,
Сені үйреткен әжемнен,
Қалай айналмаспын мен!
Сенен алған намыспен
Қырқып түсер қылыштай
Қалай қайралмаспын мен!
Ерлігімді мұқалтпай,
Елдігімді жұқартпай,
Еңсемді еркін ұстауды
Қалай ойланбаспын мен!

Өз тілімдей тіл қайда еркін басар?!
Тілім барда еркіме кім таласар?!
Туған тілім күрмеліп әлсіресе,
Ыстық қаным суынып, сиқым қашар.

 

КЕМЕДЕ

Бір кемеде бір қазақ
Алыс сапар алдында.
Шыға қапты жолға ұзақ
Жатпай тыныш аулында.
Қуанудың орнына
Қынжыла ма, не етеді?
Қимай қарап артына
Жалтақ-жалтақ етеді.
«Европаға саяхат!»
Айтуға да тамаша.
Аңсайды аулын сол қазақ,
Алыс жолға қараса.

 

КӨКЕК

Бір қонып, бір секектеп,
Атым менің «көкек!»- деп.
Керек болса саған жаз
Келдім дейді жетектеп.
Қорықпандар жаз өтет деп,
Мен ғой келген жетектеп,
Тұрады жаз тамылжып,
Қойсам болды «көкек!»- деп.

Көкек ойы

Мен ұшпасам «көкек!» - деп
Жылыр еді күн қалай?
Мен ұшпасам «көкек!» - деп
Жібір еді жер қалай?
Тұрар ма еді жаз жайнап,
Жаяр ма еді жапырақ?
Шығар ма еді құс сайрап,
Ағар ма өзен сарқырап?

Көкектің түсі

Түсінде көкек көріпті:
Кенеттен өзі өліпті.
Көкекпен бірге өлем деп
Көктегі күн де сөніпті;
Әлемді түнек басыпты,
Адамзат, хайуан сасыпты.
Қозғалып таулар көшіпті,
Жұлдыздар үрке қашыпты.
Айналмай жер де қалыпты,
Ормандар отта жаныпты,
Теңіздер кеуіп кетіпті,
Қалдырып құмда балықты.
Түсінде көкек көріпті:
Тіріліп, есі еніпті.
«Көкек:» деп қалса бір рет,
Қалпына дүние келіпті.

Көкек айы өткенде

Көзі ашылды өңгенің
Көкек айы бітті де,
Өтті күні «мен - меннің!»
Жоғалтпадық түкті де.
Қыран қалқып тауда жүр,
Бұлбұл сайрап бауда жүр,
Үнсіз көкек қайда жүр?
Жыра менен сайда жүр!

MalimBlocks
Базар жырау өлеңдері

Базар жырау Оңдасұлы – 1842 жылы қазіргі Қармақшы ауданында дүниеге келіп, 1911 жылы Өзбекстан Республикасы, Тамды ауданы Жалпақтау деген жерде өмірден өткен. Жыраудың жырлары, термелері ел арасына кең тараған.