Базар жырау өлеңдері

Базар жырау Оңдасұлы – 1842 жылы қазіргі Қармақшы ауданында дүниеге келіп, 1911 жылы Өзбекстан Республикасы, Тамды ауданы Жалпақтау деген жерде өмірден өткен. Жыраудың жырлары, термелері ел арасына кең тараған.

Malim Админ

  • 25.09.2024

ТІРШІЛІКТІҢ ТҮРЛЕРІ

Жоғарыдан төменге
Жүйесін тауып су ағар.
Жазғытұрым болғанда,
Жердің бетін бу алар.
Күн жадырап, көк шығып,
Жан-жануар қуанар.
Жапырақтары жайқалып,
Ырғалып желмен шайқалып,
Түрленіп гүлдер қызарар.
Бұлбұлдар сайрап бағында,
Байғыздар тасқа ұялар.
Батырлар жауға шапқанда,
Қолына байрақ, ту алар.
Найзасын қарға асынып,
Алмасын қанға суарар.
Палуан топта тұрғанда,
Балтырын түріп, болысып,
Ақ білегін сыбанар.
Алысқан жерден аударып,
Әлі келген жыға алар.
Қияға тартсаң, қайыспас,
Дулығалы құба нар.
Наз бедеу аттың тұяғы
Тасқа тиіп тұралар.
Екі талай жер болса,
Ердің басы сыналар.
Жесірдің қамын ойласаң,
Жетімнің көңілі жұбанар.
Екі мұңды бас қосса,
Тарқатып шерін шығарар.
Жабырқап досың қайғыңа,
Дұшпаның сырттан сығалар.
Өнбейтін даудың ізінен
Өспейтін жігіт қуалар.
Айбаты кетсе ауылдың,
Әдепсіз жұртта ажуаның
Жиналып басы құралар.
Амалын жұрттан асырған,
Ұрлығын ептеп жасырған,
«Екі өсті – бір қой» деп,
Есебін тапқан сұм алар.
Жан кеудеден кеткен соң,
Жайнаған көзің жұмулы,
Ақша бетің қуарар,
Тірліктегі істерің,
Қараңғы көрге кірген соң,
Бастан-аяқ сұралар.

 

ЖӘМИҒЫ ҚАЗАҚ БІР ТУҒАН

Атамыз алыс болғанмен,
Жамиғы қазақ бір туған.
Бір пәлеге жолығар,
Есебін таппай сөз қуған.
Әуеде ұшқан көк шулан,
Әуезі төмен аққудан.
Жақсының сөзі жылайды,
Тілі тәтті бал судан.
Жаманның сөзі ащы дүр,
Адам ішпес зәру - дан.
Шойынменен тең болмас,
Тұтқасы күміс жем құмған.
Басында іспет бермесе,
Ағармас күнде бет жуған.
«Шүу!» дегенде озбай ма,
Асыл туған наз бедеу
Қаптай шашқан көп дудан?!
Алысқа шапсам, арымнан,
Тұлпардан туған мен будан!

 

*  *  *

Дүние, әттең әуре еттің мені,
Көп қудым әуре болып залым сені.
Бір күні санды соғып, «аһ» ұрамын,
Көшкен соң жігіттікің керуені.
Көшкен соң керуені жігіттікің,
Жігітке пайдасы жоқ көп біліктің.
Тұсынан қызды ауылдың өлеңдетіп,
Жош етіп, қызыл тілім, сен желіктің.
Жош етіп сен желіктің, қызыл тілім,
Жігітке пайдасы жоқ асқан білім.
Жапанда ақ киіктің сүргініндей,
Тездетіп кеттің өтіп, есіл күнім.
Тездетіп, есіл күнім, өтіп кеттің,
Сен шіркін, бізден өтіп кімге жеттің?
«Мен сенен айырылмайтын!» дейтін едің,
Опасы жоқ екен ғой айтқан серттің.

 

МЕН БАЛҚЫНЫҢ БАЗАРЫ

Сәлем беріп, қол алған -
Мен Балқының Базары!
Дәулетіңе кез келдім,
Сіз Тоқаның Назары.
Алты ай жатып түрмеде,
Арып - ашып келемін,
Назекеңді көрген соң,
Базардың кірді ажары...
Сақалың алтын, мұртың жез,
Дәулетіңе келдім кез.
«Сөйле!» десең, Назеке,
Табылады бізден сөз...

 

ҚИМЫЛДАП ҚАЛ ҚЫЗЫЛ ТІЛ

Он сегіз мың ғаламнан
Біз бір пенде Адамнан.
Неше дүркін ел өтті,
Содан бергі заманнан.
Жетсе тағдыр, аумайды -
Өлшеулі өмір қадамнан.
Сайраған тілім сап болар,
Санаулы күнім таусылса,
Аузымдағы жаланаған.
Сол барында сөйлейін,
Атырапқа назар сап,
Жұмылмай көзім қаранған.
Қарындастар қашындар,
Нәпсіңді тиып арамнан.
Бір құдайдан тілеңіз:
«Несіп бер, - деп, - адалдан!»
Атамыз Адам пайғамбар,
Он сегіз мың әлемнің -
Абзалы болып жаралған.
Ұлықтығы мұншама -
Құдайым әмір еткен соң,
Періште күллі қамалған.
Әзезіл қалған айырылып,
«Нәсілім - от!» - деп о жолдан.
Құдіреті күшті құданың,
Тағдырына шара не,
Бос болған соң әзәлдан?
«Әмірді тәрік еттің» деп,
Құдырет мұны шам алған.
Нұсқасыз сезім жоқ еді,
Қарасаң молда, тәліптер,
Осы сөзім ғазалдан.
Сөйлеріне келгенде,
Судағы қара сүліктей,
Қызыл тілім қадалған!
Шабарына келгенде,
Қашаған қуған жүйріктей,
Оңды-теріс оралған!
Озарына келгенде,
Түрікпен соққан мылтықтың -
Толқыған шойын оғындай,
Қарадан шығып жоғалған.
Қызметіңді шегейін,
Қаумалаған қарындас;
Қеңестің арзан келуі -
Пайда болған самалдан.
Қимылдап қал, қызыл тіл,
Жарығым - болар қараңғы,
Қарындастар, мен сені
Енді бір қайтып таба алман.
 

ӨЛЕҢНІҢ АҚҚАН КӨЗІ ЕДІМ

Қайыңның қатты безі едім,
Өлеңнің аққан көзі едім!
Сөйлер сөзге келгенде,
Шебердің құрған тезі едім!
Есіткендерді емірентіп,
Өртедім оттай өзегін!
Талай жерді таңдантып,
Қызыл тілді безедім!
Алшаңдаған Базар ем,
Амалым қанша, бір күні
Кездесер нәубет кезегім.

Байланысты жаналықтар

Ақын Әбділда Тәжібаевтың өлеңдері

24.09.2024

Доспамбет жырау толғаулары

05.09.2024

Қазтуған жырау толғаулары

04.09.2024

Ақтамберді жыраудың толғаулары

25.08.2024

Махамбет Өтемісұлының өлеңдері

18.07.2024
MalimBlocks
Ақын Әбділда Тәжібаевтың өлеңдері

Әбділда Тәжібайұлы Тәжібаев (1909-1998) – ақын, драматург, әдебиет зерттеуші ғалым, филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның Халық жазушысы.

Доспамбет жырау толғаулары

Доспамбет жырау (1490–1523) – жырау, қолбасшы, батыр. Доспамбет жырау қазақ халқының қалыптасу кезеңінде өмір сүрді. Кіші Ноғай ордасында әскери қолбасшы болды. Дешті Қыпшақты көп аралаған, Бақшасарайда, Стамбұлда болған. Қырым ханының жағында көптеген әскери жорықтарға қатысқан. Доспамбет жырау тайпааралық ұрыстардың бірінде 1523 жылы Астрахан маңында қаза тапты.

Қазтуған жырау толғаулары

Қазтуған Сүйінішұлы (1420, қазіргі Астрахан облысы Красный Яр қала маңы - ө.ж.б.) - жырау. Қазтуған Сүйінішұлының туған, қайтыс болған жылдары белгісіз. Халық арасында Қарға бойлы Қазтуған атанып кеткен. Қазақтың XV ғасырдағы айтулы жорық жырауы. Әскербасы, батыр болған.Еділдің Ақтума, Бозан бойларында туып-өскен. XV ғасырдың орта шенінде іргесі жаңадан қаланған Қазақ хандығына қоныс аударған.

Ақтамберді жыраудың толғаулары

Ақтамберді Сарыұлы (1675-1768) – қазақтың ұлы жырауы. Жауынгерлік рухта бірегей толғаулар жазған, өзі де қолбасшы, батыр болған. Көптеген шайқастарға қатысқан.

Махамбет Өтемісұлының өлеңдері

Махамбет Өтемісұлы 1804 туған. 1846 жылы 20 қазанда қаза тапқан. Қазақтың әйгілі жырауы, күйші композиторы, отаршылдыққа қарсы Исатай Тайманов бастаған көтерілісті (1836–1837) ұйымдастырушылардың бірі. Осы көтерілістің жалынды жыршысы. Оны Қазақ хандығының соңғы жырауы деп тануға болады.