Доспамбет жырау толғаулары

Доспамбет жырау (1490–1523) – жырау, қолбасшы, батыр. Доспамбет жырау қазақ халқының қалыптасу кезеңінде өмір сүрді. Кіші Ноғай ордасында әскери қолбасшы болды. Дешті Қыпшақты көп аралаған, Бақшасарайда, Стамбұлда болған. Қырым ханының жағында көптеген әскери жорықтарға қатысқан. Доспамбет жырау тайпааралық ұрыстардың бірінде 1523 жылы Астрахан маңында қаза тапты.

Malim Админ

  • 05.09.2024

АЙНАЛА БҰЛАҚ БАСЫ – ТЕҢ

Айнала бұлақ басы – Тең,
Азаулының Стамбұлдан несі кем?!
Азаулының Аймадет Ер Доспанбет ағаның
Хан ұлынан несі жоқ,
Би ұлынан несі кем?!
Тәңірінің өзі берген күнінде
Хан ұлынан артық еді менім несібем!
Азаулыда аға болған ерлер көп еді,
Әйтсе де аламанға ат байлағаны жоқ еді!

 

Сере, сере, сере қар,
Асты кілең, үсті мұз,
Күн-түн қатса жібімес.
Мен көлікке қосымды артқанмын,
Көмбідей ару жаларға
Күректей мұзды тондырып,
Кірмембес ауыр қолға бас болып,
Күңіреніп күн түбіне жортқанмын!
Дүниенің басы сайран, түбі ойран,
Озар сойды бұ дүние
Азаулының Аймадет Ер Доспанбет ағадан.

 

Ағарып атқан тандай деп,
Шолпанды шыққан күндей деп,
Май қаңбақта ағалардың аты жусап жатыр деп,
Ақ шандақты құрып қойған шатыр деп,
Жазыда көп-ақ жортқан екенбіз -
Арғымақтың талдай мойнын талдырып,
Үйде қалған арудың
Ал иіндігін аудырып.

 

Арғымаққа оқ тиді
Қыл майқанның түбінен.
Аймадетке оқ тиді
Отыз екі омыртқаның буынынан.
Зырлап аққан қара қан
Тыйылмайды жонның уақ тамырдан.
Сақ етер тиді саныма,
Сақсырым толды қаныма.
Жара бір қатты, жан тәтті,
Жара аузына қан қатты.
Жарықшылар жоқ па екен
Жармай білте саларға?!
Жағдайсыз, жаман қалып барамын
Жанымда бір туғанның жоғынан!..

 

Қарағайлы көдік бойында
Қамшым қалды ойында:
Бүлдіргесі бұлан терісі,
Өрімі құнан білдің қайысы,
Шырмауығы алтын, сабы жез.
Бейазының бойында
Күзен, қарсақ жер ме екен?!

 

Алғаным Әли ағаның қызы еді,
Қас арудың өзі еді.
Мандайы күнге тимеген,
Желге шашын үрмеген,
Серпіліп адам бетін көрмеген,
Қалай күні кешті екен!
Қосақай, Қосай, Ер Досайдың анасы
Хан қызындай сұлтанның
Айдындықтай ақ білегін жастанып,
Ерең үйін тіктіріп,
Омыраудағы он түймесін ағытып,
Кейінгі қалған көпекке
Қалай да белін шешті екен!?..

 

***

Қалаға қабылан жаулар тигей ме,
Қабырғадан дұспан жалдап жүргей ме,
Қатарланып, қарланып,
Қайран ер қарт күреңге мінгей ме!
Қабырғадан қараған
Достым менен дұспаным:
«Апырым, ер Доспанбет!» - дегей ме!..

 

***

Азау, Азау дегенің
Әл-Ғұсман паша жұрты екен,
Дін ісләмнің кірті екен.
Азаудың ер Доспамбет ағасы
Азаудың бір бұрышындай нарты екен!
Білейім мен жаман күн
Болатсыз қылыш кесерін,
Айналасы алты жылдың ішінде
Есақай, Қосай екі ұл
Азау билеп өсерін!

 

***

Қоғалы көлдер, қом сулар
Қоныстар қонған өкінбес.
Арыстандай екі бұтын алшайтып,
Арғымақ мінген өкінбес.
Кілең бұздай кілшейтіп,
Көбелер киген өкінбес.
Жұпарын қардай боратып,
Арулар құшқан өкінбес.
Торы төбел ат мініп,
Той тойлаған өкінбес.
Құрама шапшақ көп қымыз
Құйып ішкен өкінбес.
Екі арыстап жау шапса,
Оқ кылқандай шаншылса,
Қан жусандай егілсе,
Аққан судай төгілсе, Бетегелі
Сарыарқаның бойында
Соғысып өлген өкінбес!

 

***

Тоғай, тоғай, тоғай су,
Тоғай қондым, өкінбен.
Толғамалы ала балта қолға алып,
Топ бастадым, өкінбен.
Туған айдай нұрланып,
Дулыға кидім, өкінбен.
Тобыршығы биік жай салып,
Дұшпан аттым, өкінбен.
Тоғынды сарты нар жегіп,
Көш түзедім, өкінбен.
Ту құйрығы бір тұтам
Тұлпар міндім, өкінбен.
Зерлі орындық үстінде,
Ақ шымылдық ішінде
Тұлымшағын төгілтіп,
Ару сүйдім, өкінбен.
Бұрын соңды өкінбен,
Өкінбестей болғанмын.
Ер Мамайдың алдында
Шаһид кештім, өкінбен!..

 

***

Айналайын Ақ Жайық,
Ат салмай өтер күн қайда?!
Еңсесі биік боз орда
Еңкейе кірер күн кайда?!
Қара бұлан терісін
Етік қылар күн қайда?!
Күдеріден бау тағып,
Кіреуке киер күн қайда?!
Күмбір, күмбір кісінетіп,
Күренді мінер күн қайда?!
Толғамалы ақ балта
Толғап ұстар күн қайда?!
Алты құлаш ақ найза
Ұсынып шаншар күн қайда?!
Садақ толған сайгез оқ
Масағынан өткеріп,
Басын қолға жеткеріп,
Созып тартар күн қайда?!
Кетбұғадай билерден
Кеңес сұрар күн қайда?!
Еділдің бойын ен жайлап,
Шалғынға бие біз байлап,
Орындықтай қара сабадан
Бозбаламен күліп-ойнап,
Қымыз ішер күн қайда?!
Озушылар, озмаңыз,
Озсаңыз, бізім бетке бармаңыз!
Бізім бетке барсаңыз,
Есақай, Қосай - екі ұл
Алдыңызға жыр құшақлай
Жылай шықса, не айтарсыз?!
Оларға айтарыңыз сол болсын:
Жәмішіден қос айтып,
Жараға мамық тосатып,
Келе жата дегейсіз.
Ол айтқанға тимесе,
Бұрынғылар түскен жүрі жол
Бұрылып оңға түсті дегейсіз!..

Байланысты жаналықтар

Серікбай Қосан: Ғалымдардың көбі ерте қайтыс болып кетті...

03.12.2024

Жайыққа тасталған бойжеткеннің мәйіті бір айдан бері табылмай жатыр

14.11.2024

АШМ балық шабақтары қалай құтқарылып жатқанын көрсетті (ВИДЕО)

20.10.2024

Базар жырау өлеңдері

25.09.2024

Қашаған жыраудың өмірі

20.09.2024

Мәделі Жүсіпқожаұлы өлеңдері

14.09.2024
MalimBlocks
Серікбай Қосан: Ғалымдардың көбі ерте қайтыс болып кетті...

Марқұм ұстазымыз Үшкілтай апай, Қабиболла ағай, менің достарым Тоқтар Әлібек, Қарашаш Алпысбаева, Бақыт Әбжет – бұлардың бәрі қолжазбаның зияны тиген адамдар.

Жайыққа тасталған бойжеткеннің мәйіті бір айдан бері табылмай жатыр

Екі ер адам қызды өлтіріп, өзенге ағызып жіберген

АШМ балық шабақтары қалай құтқарылып жатқанын көрсетті (ВИДЕО)

Биыл маусымнан бері 120 млн-нан астам шабақ құтқарылған

Базар жырау өлеңдері

Базар жырау Оңдасұлы – 1842 жылы қазіргі Қармақшы ауданында дүниеге келіп, 1911 жылы Өзбекстан Республикасы, Тамды ауданы Жалпақтау деген жерде өмірден өткен. Жыраудың жырлары, термелері ел арасына кең тараған.

Қашаған жыраудың өмірі

Қашаған Күржіманұлы (1841–1929) Жырлары мен өлеңдері халық арасына кеңінен таралған, суырып салма ақын Қашаған Күржіманұлы 1841 жылы Түрікменстанның Ташауыз қаласының маңында туған ақын. 1929 жылы Маңғыстауда өмірден озған.

Мәделі Жүсіпқожаұлы өлеңдері

Мәделі Жүсіпқожаұлы (1816-1888 ж.) – Қазақтың байтақ даласында көрнекті ақын әрі батыр атанған азаматтың бірі . Мәделінің кіндік қаны тамған жері қазіргі Түркістан облысының Қызылқұм ауданының қожатоғай кеңшары (бұрынғы Ақбұлақ болысы, Бадам жері). Зерек, болашақ ақын жігіт жастайынан діни медреселерді оқып, жан-жақты болып өседі. Қолына түскен кітаптарды көп оқып, мұсылманша оқыған білімі арқасында Құранды да оқып жатқа білетін болған. Кезінде кеңінен тараған шығыс әдебиеті, оның ішінде араб әдебиеті үлгілерінен, ертегі, дастан, қиссаларды көңіл қоя оқиды. Мәделінің өз заманында діни білімімен молдалық құрған кездері де болған.