Ақтамберді жыраудың толғаулары

Ақтамберді Сарыұлы (1675-1768) – қазақтың ұлы жырауы. Жауынгерлік рухта бірегей толғаулар жазған, өзі де қолбасшы, батыр болған. Көптеген шайқастарға қатысқан.

Malim Админ

  • 25.08.2024

ЖАҒАМА ҚОЛДЫҢ ТИГЕНІН

Жағама қолдың тигенін,
Жалғыздық, сенен көремін.
Жамаулы киім кигенім,
Жарлылық, сенен көремін.
Атадан тудым жалқы боп,
Жақыннан көрдім талқы көп,
Жасым жетпей он беске,
Қорғайтын жан адам жоқ.
Кәрі ақсайды ақылдан,
Ер ақсайды жақыннан,
Қазір әлсіз болсам да,
Үмітім бар ақырдан.
Жасым жетіп он беске,
Кірер ме екем кеңеске,
Бұғана қатып, бел бекіп
Ерегескен дұшпанмен
Шығар күн туса күреске!
Дұшпаннан көрген қорлығым
Сары су болды жүрекке.
Он жетіде кұрсанып,
Қылыш ілдім білекке.
Жауға қарай аттандым,
Жеткіз деп, Құдай, тілекке!
Салпаң да салпаң жортармын,
Сары азбанға қосымды артармын.
Торлаусыз өскен құланмын,
Мезгілсіз жусап өрермін.
Байраққа біткен құрақпын,
Саусағым жерге түсірмен.
Жапанға біткен терекпін,
Еңсемнен жел соқса да теңселмен.
Қарағайға қарсы біткен бұтақпын,
Балталасаң да айрылман.
Сыртым құрыш, жүзім болат,
Тасқа да салсаң, майрылман!

 

КҮЛДIР ДЕ КҮЛДIР КIСIНЕТIП

Күлдiр де күлдiр кiсiнетiп,
Күреңдi мiнер ме екенбіз,
Күдерiден бау тағып,
Ақ кiреуке киер ме екенбіз!
Жағасы алтын, жеңi жез,
Шығыршығы торғай көз
Сауыт киер ме екенбіз!
Ор қояндай жүгiнтiп,
Аш күзендей бүгiлтiп,
Жолбарыстай шұбарды
Таңдап мiнер ме екенбіз!

Сол шұбарға мiнген соң,
Қоңыраулы найза қолға алып,
Қоңыр салқын төске алып,
Қол төңкерер ме екенбіз.
Жалаулы найза жанға алып,
Жау қашырар ма екенбіз!
Тобыршықты әндiген
Толтыра тартар ма екенбіз!
Тобылғы түбi құралай,
Бытыратып атар ма екенбіз!
Жарлауға бiткен жапырақ –
Жамылсақ тоңар ма екенбіз.
Жазыққа бiткен бүлдiрген –
Сұғынсақ тояр ма екенбіз!

Тобылғы сапты қамшы алып,
Тұмар мойын ат мiнiп,
Қоныс та қарар ма екенбіз!
Ел жазылып жайлауда
Жақсылар кеңес құрғанда
Мұртымыз өрге шаншылып,
Бұрын да сөйлер ме екенбіз!

Күлдiр де күлдiр кiсiнетiп,
Күреңдi мiнер ме екенбіз
Күдерiден бау тағып,
Қамқапты киер ме екеміз?!
Өзенге бие байлатып
Төскейге орда орнатып
Төрткілдеп ошақ қаздырып
Төбел бие сойғызып
Төменде бидің кеңесін
Біз де бір құрар ма екеміз ?!
Құлаты тауға қол салып
Садақтың оқын мол салып
Бетпақтың ен бір шөлінен
Төтелеп жүріп жол салып
Қолды бір бастар ма екеміз?!
Майданда дабыл қақтырып
Ерлердің жолын аштырып
Атасы басқа қалмақты
Жұртынан шауып бостырып
Тәйедегі наршасын
Әлпештеген ханшасын
Ат артына мінгізіп
Тегін бір олжа қылар ма екеміз?!

 

Кеуде бір жерді жол қылсам
Шөлең бір жерді көл қылсам
Құрап жанды көп жиып
Өз алдына ел қылсам!
Асқар бір тауды жайласам
Желілеп бие байласам
Күнде жиын, күнде той
Қыз- бозбала ойнатсам
Тентегін түзеп байқа деп
Ішінен биді сайлатсам
Ғалым бір құлдай киінсе
Көркемін көрген сүйінсе
Атымтай жомарт секілді
Атағым жұртқа білінсе!
Өзім бір бөлек жайласам
Жігіттен нөкер сайласам
Ойпақ жерге он отау
Қырақ жерге қырық тігіп
Қонағымды жайғасам!
Пышақтан малым кетпесе
Қазаным оттан түспесе
Ауылдан топыр үзілмей
Ошақтың оты өшпесе
Май жемесе қонағым
Қан жемесе барағым
Он кісіге жараса
Бір кісіге арнап тартқан табағым!
Халыққа атым білініп
Шүлеңгір мырза атанар ма екенбіз?

 

ЕДІЛ, ЖАЙЫҚ – ЕКІ ӨЗЕН

Еділ, Жайық – екі өзен,
Талсыз болар деймісің.
Көкшетаудың көп көлі
Елсіз болар деймісің.
Бота көзді бойжеткен
Жарсыз болар деймісің.
Абылай қонған кең қоныс
Елсіз болар деймісің.
Еркін жайлап қонған соң,
Малсыз болар деймісің.
Тұлпар туған құлыншақ
Ерсіз болар деймісің.
Тебінген тепкі тиген соң,
Терсіз болар деймісің,
Алқынған арын баспайтын
Өрсіз болар деймісің.
Орын тапқан ер жігіт
Жерсіз болар деймісің.
Орда тігіп орнаса,
Торсіз болар деймісің!

 

ЖАУҒА ШАПТЫМ ТУ БАЙЛАП

Жауға шаптым ту байлап,
Шепті бұздым айғайлап.
Дұшпаннан көрген қорлықтан
Жалынды жүрек қан қайнап,
Елді-жұртты қорғайлап,
Өлімге жүрміз бас байлап!

 

ЖАҒАЛБАЙ ДЕГЕН ЕЛ БОЛАР

Жағалбай деген ел болар,
Жағалтай деген көл болар.
Жағалтайдың жағасы
Жасыл да байтақ ну болар.
Атадан алтау туғанның
Жүрегінің бастары
Алтын менен бу болар.
Атадан жалғыз туғанның
Жүрегінің бастары
Сары да жалқын су болар,
Жалғыздық, сені қайтейін!..

 

УА, ҚАРТ БӨГЕНБАЙ!

Уа, Қарт Бөгенбай!
Құяр жауын аспаннан,
Қара бұлт торласа.
Пәлекет елде көбейер,
Жігітті жігіт қорласа.
Ақбөкен келіп жығылар,
Алдын қазып орласа.
Пенденің бағы ашылмас,
Мандайы қалың сорласа.
Дұшпан қорлап не қылмақ,
Бақыт басқа орнаса!
Қынаптан қылыш суырмай,
Қарысқан жау бүлк етпес,
Жуылмай қастың қанымен,
Намысқа тиген кір кетпес.
Шабыссаң, қане, шығып көр,
Жау емессің күш жетпес,
Дарабоздай қолбасы
Абыройын кірлетпес!
Ұрын келген күйеу қайда,
Жесір қайда тіл отпес?
Жендетті көрсет көзіме,
Желіккен басты кім кеспес?!
Елінді жүндей түткізіп,
Қанды көбік жұтқызып,
Жайратамыз осы кеш!..

 

САРЫ АЯЗДА ҚАТА МА

Сары аязда қата ма
Қайнардың аққан тұнығы?
Қап түбінде жата ма
Болаттың асыл сынығы?
Халқың тозып, кем болмас,
Әділ болса ұлығы.
Рақымсыз жақыннан
Халқы қатты түңілер.
Сырқат болсаң жат жерде,
Жаныңа кім үңілер?!
Әділ туған жақсыға
Екі даугер жүгінер,
Тізесін қисық бұрмаса,
Асылдығы білінер.

 

ТҮЙЕ МОЙНЫН ТҰЗ КЕСЕР

Түйе мойнын тұз кесер,
Жігіт мойнын қыз кесер,
Сартылдаған сары аяз,
Жылқының мойнын мұз кесер.
Бұлан да бұлан, бұлан сан,
Бұланның санын оқ тесер,
Бұландап жүрген жігіттің
Жомарт қолын жоқ кесер!

Байланысты жаналықтар

Базар жырау өлеңдері

25.09.2024

Доспамбет жырау толғаулары

05.09.2024

Қазтуған жырау толғаулары

04.09.2024

Бұқар жыраудың жырлары

01.09.2024

Махамбет Өтемісұлының өлеңдері

18.07.2024
MalimBlocks
Базар жырау өлеңдері

Базар жырау Оңдасұлы – 1842 жылы қазіргі Қармақшы ауданында дүниеге келіп, 1911 жылы Өзбекстан Республикасы, Тамды ауданы Жалпақтау деген жерде өмірден өткен. Жыраудың жырлары, термелері ел арасына кең тараған.

Доспамбет жырау толғаулары

Доспамбет жырау (1490–1523) – жырау, қолбасшы, батыр. Доспамбет жырау қазақ халқының қалыптасу кезеңінде өмір сүрді. Кіші Ноғай ордасында әскери қолбасшы болды. Дешті Қыпшақты көп аралаған, Бақшасарайда, Стамбұлда болған. Қырым ханының жағында көптеген әскери жорықтарға қатысқан. Доспамбет жырау тайпааралық ұрыстардың бірінде 1523 жылы Астрахан маңында қаза тапты.

Қазтуған жырау толғаулары

Қазтуған Сүйінішұлы (1420, қазіргі Астрахан облысы Красный Яр қала маңы - ө.ж.б.) - жырау. Қазтуған Сүйінішұлының туған, қайтыс болған жылдары белгісіз. Халық арасында Қарға бойлы Қазтуған атанып кеткен. Қазақтың XV ғасырдағы айтулы жорық жырауы. Әскербасы, батыр болған.Еділдің Ақтума, Бозан бойларында туып-өскен. XV ғасырдың орта шенінде іргесі жаңадан қаланған Қазақ хандығына қоныс аударған.

Бұқар жыраудың жырлары

Бұқар жырау Қалқаманұлы (1693–1787) – әйгілі жырау, Абылай ханның ақылшы-биі, абыз. Сол кездегі хандық биліктің бас идеологы болған. Жұрт оны «Көмекей әулие» деп атаған. Сөйлегенде үнемі қара сөзбен емес, көмекейі бүлкілдеп, түйдек-түйдек жырмен сөйлейтін болған. Көбіне-көп Абылай ханның өтінішімен, «сәуе айтшы» деген тілегімен түсінде көрген істерін болжап айтады екен, бұлары дәлме-дәл келіп отырған.

Махамбет Өтемісұлының өлеңдері

Махамбет Өтемісұлы 1804 туған. 1846 жылы 20 қазанда қаза тапқан. Қазақтың әйгілі жырауы, күйші композиторы, отаршылдыққа қарсы Исатай Тайманов бастаған көтерілісті (1836–1837) ұйымдастырушылардың бірі. Осы көтерілістің жалынды жыршысы. Оны Қазақ хандығының соңғы жырауы деп тануға болады.