Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Шархан Қазығұл. Сиқырлы да салиқалы симбиоз

Әдебиет
Шархан Қазығұл. Сиқырлы да салиқалы симбиоз
Коллаж: Abai.kz

Қазақтың талантты ұлдарының бірі Ақберен Елгезек роман жанрында жазған тұңғыш дүниесінде туған халқы басынан кешірген сұрапыл тағдырды аллегориялық кейіпкердің аяқ астынан алыпқа айналуынан бастайды. Шығарманың атауы да ерекше. «Дардай». Автор кейде Адам-Уақыт-Кеңістік философиялық ұғымына бағынбайтын басы ашық оқиғаларды сопылық мақамдар жүйесі арқылы қарастырған. Салған беттен айтайық, «Мистикалық ілім-Саясат-Тарих» үштағанынан тұратын симбиоз-романды автор адамды ойлауға үйрететін тың әдіс ретінде саяси памфлет деңгейіне көтеріп әкеткені  – жазушының ең үлкен табысы.
Бұл романда бәрі бар. Мистика да, саясат та, ғылым да, дін де, тобыр психологиясы мен тұлға позициясы да. Бірақ мипалаудай араласып жатқан быламық жоқ. Қыздың жиған төсегіндей. Соқырға таяқ ұстатқандай. Олардың өзара байланысы органикалық тұрғыдан нондалып қалған. Өмірдің өзіндей әдемі өрілген. Ол өз алдына. Ал жазушылық шыңдалу тұрғысынан келсек, роман көркем шындықтың шыңына шыққан шығарма екенін байқамау мүмкін емес. Туындыда қоғам мен билік, әділет пен күш, рух пен нәпсі арасындағы мәңгілік күрес бар.
«Дардай» романын бір деммен оқып шығасыз. Дей тұра, жеңіл қабылдана қоймайды. Өйткені рухани кесек шығарма миға салмақты түсірудей-ақ түсіреді. Мұнда бәрі ең алдымен мистикаға құрылған. Тіпті, кітаптың жазылуы да. Автор кітаптың әу басындағы қысқа түсіндірме жазбасында бұл туралы егжей-тегжейлі айтып өтеді: «2023 жыл. Қарашаның 4-і. Түнгі сағат 03:40. Бастығырылып ояндым. Сол сәтте қолыңыздағы романның идеясы мен сюжеті санама құйылып түсті. Қасымда ояу жатқан жарым: «Не болды?» – деп сұрағанда, жағдайды айттым. Ол маған бірінші қабаттан ноутбугімді әкеп берді де: «Жаз!» – деді. Егер сол сәтте Дина ноутбукті әкеп бермегенде, бұл роман дүниеге келер ме еді, келмес пе еді, бір Аллаға аян».
Романның композициясы мен құрылымы да қатты ұнады. Әдеби саңлау (литературный пробель) таппайсың. Спойлер сапырып отырудың жөні жоқ, алайда романдағы оқиғалар бір-бірімен терең қабысып жатыр. Артық ауыз оқиға таппайсыз. Сценалар тізбегі керемет логикаға құрылғаны да жазушының қиялы мен ойлау деңгейі қатар дамығанынан хабар береді. Романның тілі мен стилі де ешкімге ұқсамайтынымен баурап алды. Сөзді өзі жетектеп отыратын жазушының сөз саптауы романның басынан соңына дейін ат құлағын теңестіргендей көркем көрінеді.
Романды сырттай қарағанда тарихи-мистикалық оқиға сияқты қабылдауға болады. Бірақ оның өзегінде ерекше дүниетаным жатыр. Автор өз кейіпкері Дардайды адам баласының ішкі болмысының символына айналдыра алған. Ақберен өз туындысында адам рухының нәпсі, күмән, таным, ақиқат сияқты сатыларынан абыроймен өтетін кейіпкерінің бастан кешкен қасіреті, адасуы, билікке жақындауы немесе одан безінуі сияқты құбылыстарды нақты өмірдің көркем көрінісіндей суреттейді.
Шынайы өмір мен тылсым дүниенің синтезінен туған романда детектив, хоррор және фэнтези элементтері елес, сиқыршылық, жұмбақ жаратылыс пен өзге әлем күштерімен бетпе-бет келу әрекеттерімен ұштасып жатыр. Сондықтан болса керек, оқырман кейіпкерлердің ішкі қайшылығымен біте қайнасып, оқиға астарындағы құпияларды автормен бірге шешуге ұмтылып отырады. Дәл осы сәтте Ақберен Елгезек драматургиядағы Брехт схемасын көркем әдебиетке алып келгендей әсер қалдырады.
Түсіндіруге келмейтін құбылыстардың, рухтар мен жындардың, сиқырдың немесе паранормалдық қабілеттердің көрінісі романда нанымдылығымен баурап алатыны да – қызық құбылыс. Дарынды қаламгер романның өн бойында құпия мен қорқынышқа толы ахуалды соңғы нүктесіне дейін сөздің жақсы мағынасында иірімді интригамен алып шыққаны оның жазушылық шеберліктің шыңына жеткенін дәлелдеп тұрғандай. Романдағы конфликтіні автор ішкі және сыртқы қақтығыстармен қатар алып шыққан. Бұл тұста да кейіпкердің өз-өзімен іштей қақтығысы және өзге әлем күштерімен күресі романға дүлей динамизм беріп тұр.
Ең қуанарлығы, барлық кейіпкерлердің әрбір іс-қимылында логикалық байланыс қатаң сақталған.
Романдағы мәңгілік, күнә, кешірім, тағдыр туралы ой толғаулар философиялық тереңдік деңгейіне жеткенін де айту – уәзипа. Шығарма сюжетіне тереңдік беретін бейнелер мен астарлы белгілер де жазушының символизм заңдылықтарын терең меңгергенін айғақтайды. Мистиканың ажырамас бөлігі екені дәлелдеуді керек етпейтін тылсымдық ұғымын автор өзінің түпкі мақсатына жету жолындағы басты құрал ретінде пайдаланған. Кейіпкерлердің құпия күштерге деген сенімі, олармен байланысуы, өзге әлеммен араласу қабілеті романның қозғаушы күшіне айналғанын жасыра алмайсыз. Романда күнделікті өмірде мүмкін емес көрінетін оқиғалар суреттеледі. Сонымен қатар, сакралдық діни тәжірибе де қатар өріледі. Бұны Құдаймен, рухтармен және басқа да жұмбақ жаратылыстармен байланыстан көруге болады. Шығармадағы құпиялылық пен спиритуализм оқырманның бойында алаңдаушылық сезімін тудырып отыратыны оның ішкі тазаруына жол ашатынына таңданбау мүмкін емес. Содан да болар, автордың романда жұмбақ болып келген қылмыстарды тылсым күштермен шешуге ерекше мән бергені – шығарманың ең басты фишкасы.
Туындыда мистикалық махаббат романдарына тән элементтер де молынан кездеседі. Романдағы сүйіспеншілік пен тылсым элементтердің үйлесімі осы ойымыздың нақты дәлелі бола алады. Ақберен Елгезек Құдайды іздеудің негізгі екі құралы махаббат пен тану жолы екенін тап басқан. Басты кейіпкер Дардай-Бекеттің өзін тануы және рухани өсу жолы романда өрнекті өрілген. Дардайдың тағдыры арқылы автор бір шындықты айтады: әділетке жету сыртқы күрестен бұрын ішкі тазарудан басталады. Осы орайда романдағы Ораз ақсақал мен Зақан имам образдары жарқын адамның феноменіне көтерілгенін де тілге тиек ете кеткеннің айыбы бола қоймас. Бұл ойымызды романдағы мына жолдар дәлелдей түседі: «Зақан өмірінде тылсым дүниенің талай құбылысына куә болған. Бірақ ешбірін тірі жанға айтқан емес. Сопы адам көрген-білген, сезген-түйсінгенін біреуге айтса – біткені. Жеткен дәрежең бір сәтте құмға айналып, мініп келген ақбоз атыңнан аударылып түсесің. Сосын келген жағыңа жаяу қайтарыласың. Қайтадан бастайсың. Әрине, егер қайта бастау бұйырса. Өйткені Ладуни ілімі – Алла мен пенде арасындағы нәзік сыр. Екеуі ғана білетін тәтті құпия. Тассауфтың шарты сондай. Ал шартын Зақанның тариқаттағы алғашқы ұстазы әрі туған атасы – Анарбай мықтап түсіндіріп, мұның жас көкейіне шегелеп тастаған. Басқа жұртты былай қойғанда, қырық жыл отасқан кемпірі де мұның кім екенін толық білмейді. Бейнесі қарапайым көрінетін, дидары нұрлы ақсақал – таңдаулылар ғана байқай алатын биік дәрежелі Пір, ілімі терең кісі еді».
Автордың осы қорытындысынан бір байқағанымыз, Ақберен Елгезек мистикалық ілімді халықтық деңгейде  емес, тұлғалық деңгейде көтере білгені – оның діни фанатизмге бармағанының бір белгісі. Әрине, сопылық идеялар мен тәсілдер әлемдік мәдениетке әсер етіп келе жатқанын ешкім жоққа шығара қоймас, дегенмен бұл жерде Ақберен Елгезек өз туындысында Жаратушы мен адам арасындағы байланысты, ішкі жан дүниенің трансформациясын, рухани тәжірибелер мен символизмді басы артық детальсыз алып шыққаны  жазушының сергек ойдың иесі екенін танытады. Ең алдымен, адам жанын терең түсінуге шақыратын бұл шығарма исламдық мистицизмнің канондарына толықтай байланып қалмағанымен селт еткізеді.
Талантты жазушы бұл шығармасында ақ пен қараны айқын шекарамен бөліп, олардың күшін бір-бірінен алшақтатып тастамағанына жүрегіміз жылып қалды. Біз айтар едік, бұл керек десеңіз, шығарманың философиялық тереңдігін арттыра түскен. Сонымен қатар автор қара күш тек зұлымдық иелері емес, кейде адамның өз ішіндегі қорқыныш, мансапқұмарлық, үнсіздік болатынын да тайға таңба басқандай анық айтады. Оған қоса автор ақтық – тек қарсылық ғана емес, ар алдындағы тазалық, шындықты айтуға тәуекел етудің алғышарты екенін айту арқылы да шығарманың философиялық объективтілігін алдыңызға жайып салады.
Ақберен Елгезек қазіргі қазақ әдебиетінде мистикалық жанрды алғаш пайдаланумен бірге ең бірінші болып «шайтан» сыртта емес, адам нәпсісінің ішінде болатынын ашық айтқан автор екенін де еске сала кетсек дейміз.
Романда билікке жеткен кейіпкерлердің біртіндеп рухани азғындауы – осы ойдың дәлелі. Олар әділет орнатамын деп келіп, өздері зұлымдықтың бір бөлігіне айналады. Автор билікті бір жағынан, тәртіп пен тұрақтылық орнататын күш ретінде, екінші жағынан, шындықтан қорқатын, халықтан алшақтаудың бір тетігі ретінде көрсетеді. Өмірдің мәнін шын түсінген автор ақ пен қараның осы ара қатынасында таразының басын тең ұстап үйренгенін бажайлайсыз.  Олай дейтініміз, жазушы романда езгідегі халықтың трагедиясы оның немқұрайлығы мен үнсіздігінде жатқанын дәл көрсетеді. Романда көп жағдайда халық әділеттің не екенін білгенімен, соны қорғауға рухы жетпейді. Автор оқырманына сұрақ тастайды: «Зұлым билікті билік қылып отырған кім? Олардың өздері ме, әлде үнсіз қалған халық па?». Романдағы мистикалық көріністерді (түс, аян, белгі, ғайыптан естілген үндер) автор дәл осы тұста ақыл жетпейтін жердегі шындықты сезім арқылы ұғыну тәсіліне айналдыра білгенін байқадық. Романдағы кейіпкерлер көрген тылсым көріністер олардың рухани күйін бейнелесе, сонымен қатар автор адам шындыққа жақындаған сайын қалыптасқан дүние логикасы бұзыла бастайтынын да оқырман есіне сала кеткен.
«Дардай» романы бір ғана ойға әкеліп тірейді: әділет сырттан келмейді. Ол рухани сергек адам арқылы ғана орнайды. Билік ауысады, жүйе өзгереді, бірақ адам өзгермесе, зұлымдық атаулы өз формасын ғана ауыстырып отыратынын талантты автор тап басқан. Бұл – өте ащы, бірақ шынайы тұжырым. Шығарма осы тұрғыдан алғанда билік пен адам санасының диагнозын дәл қойғандығымен төрге озып тұр. Қандай қоғамда өмір сүрсек те, кейбір романдар уақытпен өлшеуге келмейді. Өйткені ондай шығармалар белгілі бір дәуірді ашып көрсетумен қатар ең басты мәңгілік сұрақ болып табылатын адам табиғатын ашуға ұмтылады. «Дардай» – сондай шығарма. Айтары жоқ, бұл туынды біз өмір сүріп жатқан күннің тамырын тап басқанымен кітап сөресінің жоғары жағынан орын алады. Бүгін біз басқа технологияда, басқа жүйеде өмір сүріп жатқандаймыз. Бірақ билік пен адам арасындағы қарым-қатынас, әділет пен мүдденің текетіресі сол күйі қалғанын да жоққа шығара алмаймыз. «Дардай» қазіргі қоғам жағдайын психологиялық, әлеуметтік, керек десеңіз, философиялық тұрғыдан жан-жақты ашып көрсете алғанымен алға озып тұр.  
Бұл романның мәні дейміз бе, рационалдық дәні дейміз бе, автор адамзатқа тән рухани қажеттілікті қанағаттандыруға көп акцент жасай білгені әсіресе қуантты. Аталмыш роман оқырманды өзін-өзі тануға, ішкі сезімін терең зерттеуге, адамның өмірдегі шынайы мақсатын іздеуіне жетелейді. Оның үстіне, Ақбереннің басты ойы жарық дүниедегі барлық құбылыс тылсым күштің бақылауында тұр дегенге келіп саяды. Бұл тұрғыда да онымен келіспеу – қиынның қиыны. Жазушы осы үдеден шыға білгеніне аямай қол соққың келеді. Романның аяқталар тұсы кез келген оқырманға ой салары анық: «Әр заманда халық алыпқа айналатын кезеңдер болады. Жан баласы ғасырлар бойы құлша езгі көріп, табанда тапталып, талып кетуі мүмкін. Бірақ күндердің күнінде ол алып болып ояна салады. Кеше ғана қарапайым құрылысшы болып нәпақасын тауып жүрген жан бүгін мұқым елдің санасына төңкеріс жасап, Құдайдың сүйікті құлына, әділдік орнатқан елдің оғланына айналып шыға келді. Бекет оны білді ме?! Әрине, жоқ. Сіз де ертең кім боларыңызды, қандай ұлы іс жасай тыныңызды білемісіз? Сезуіңіз ықтимал. Егер сезсеңіз, соған бар ынтық көңіліңізбен сенуіңіз керек. Алла сізді бір ұлы іске дайындап жатса, демек, сіз – Дардайсыз!...Ақиқатында, адам денемен өлшенбейді. Өйткені Адам ең әуелі – Құдай денеге жасырып қойған ғаламат, құдіретті рух».
Иә, шығарманы оқып шыққан әрбір оқырман өзінің кеудесінде ғаламат рухтың барын сезінеді. Өз оқырманын осындай ұлы сезімге бөлей алған жазушы – бақытты.

Шархан ҚАЗЫҒҰЛ

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу