freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Ерболат Қамен. Ашық теңіздегі ажалмен арпалыс

Әдебиет
Ерболат Қамен. Ашық теңіздегі ажалмен арпалыс
massaget.kz

Әр сәті бейкепіл – фәни жүзі. Дегенмен, бәлкім содан да, пенде басымыз таң қаларлық сәттер, кездер аз емес. Мәселен, үш-төрт жыл бұрын өз басым айрықша қадірлейтін Елемес Рахметов ағамыздың әңгімесі ерекше елең еткізді. Сәті қазір түсіп, ақ қағазға қаттап қоюды жөн санадым. Бұл жердегі ең негізгі ой – адам баласы үшін тіршілік атаулының, перзенті алдындағы адалдығының қаншалықты құнды екені туралы. Расында, осынау оқиғаны әдеби шығарма түрінде беруге ықыластанғам әу баста. Эрнест Хэмингуэйге ұсынсаң, тағы бір «Шал мен теңіз» шығар­масына ұласарлық оқиға. Құрметті оқырман, журналист Ерболат Қаменнің осылай басталатын мақаласын Malim.kz Egemen Qazaqstan газетіне сілтеме жасап назарларыңызға ұсынады. 

Есімде. Бала кезім. Анамнан айырылған жаз. Биыл отыз жыл толғалы тұр. Аудан бойы у-шу. Айдың-күннің аманында аулымызда адам жоғалды. Сөйтсек... қалғанын Елемес ағалар ажал аузынан тауып алған кейіпкердің сөзімен баяндалық.

Төтенше жағдай бейресми түрде Қазақстанның батыс қақпасы аталып кеткен Атырау облысының Құрманғазы ауданында – Каспий теңізінде болған. Күнделік иесі – сол кезде мемлекеттің заңсыз балық аулаушылармен күрескер өкілі, Атырау облыстық жануарлар мен өсімдіктерді қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторы – бүгінде ардагер Сату Каменов.

«1996 жылғы 18 маусым.

Бұрыннан келіп жеткен сигналдар бойын­ша Новинский қорығында Астрахан мен Красноярский ауданынан ондатра, тюлень атушылар бар деген хабармен милиция қызметкері подполковник Сырым Үмбетәлиевпен біріге Теңіз бетіне жұмысқа шықтық. Қасымда О.Н.Федоров болды. Бұған дейін де көмек көрсетіп жүрген азамат еді, қоғамдық негіздегі инспектор. Теңіз бетіне шыққаннан кейін Ғаллам Қабдешев – Н.Кондрашов есімді азаматтар кездесті. Сағат кешкі тоғызда Новинский қорығының ең төменгі тұсындағы төрт-бес кіші аралды аралап, Сырым екеуіміз мұқият тексеріп әрі мылтық дауысын тың-тыңдап, біраз уақыт жүрдік. Бөтен ешкім байқалмады. Оның үстіне су бойы тұнық, ауа райы ашық болды. Бірақ масаның көптігінен ұзақ тұра алмадық. Содан қамыстан 600 метрдей қашықтықта ашық теңізге шықтық. Сол жерде якорь тастап көрдік. Әлден соң жел тұра бастады. Әуелі солтүстіктен бастап соққан жел тез арада қатайып, теңізге қарай ауысты. Якорь қайығымызды ұстап тұра алмады. Амалсыздан үш қайықты бір уақытта от алдырып, көрініп тұрған қамысқа қарай тарттық. Тез арада қас қарайды. Қасымдағы Федоров үшінші қайықтың тоқтап қалғанын айтып, қолымен ымдап әлек. Мен оған «Сырымға мұқият қара, қалып қоймасын. Ал Қабдешевте якорь бар» деп нұсқап түсіндірдім.

Қамысқа «әне-міне жеттік-ау» дегенде толқынның екпінінен су шашырап жүргізбеді. Қасымдағы Олег Федоров арттағы Сырымның қалып қойғанын айтты. Бұрылып, артыма қарап едім, фонарикпен қолын көтеріп айқайлап жатыр екен. Тастап кетуге дәтім шыдамады. Кері бұрылып, қасына келіп, не болғанын сұрадым. Ол моторға су құйылып сөніп қалғанын айтты. Сол жерде менің моторыма толқын су құйылып, бұл да сөнді де қалды. Екі қайықты бір-біріне байлап, таң атқанша жел басылар деп ықтық. Сол ыққаннан жел алты тәулік бойы басылмай, біресе батысқа, біресе шығысқа, бірде оңтүстікке немесе керісінше күндіз-түні соғып, таудай толқындармен бірге ығуға тура келді. Ұйқыны, ас пен шөлді апта бойы ойлауға мұршамыз болған жоқ, болуы да мүмкін емес еді. Таудай толқындар биіктігі үйдей. Шулаған теңіз дауысы, бәрі адам айтқысыз үрей. Құтқармас ажал торын құрып тұр.

Бірінші ыққан түні таң атқанша жұлдызға қараумен болдық. Бізді солтүс­тіктен оңтүстікке алып бара жатқанына көзіміз жетті. Күндіз ығып келген бағытымызға жүргіміз келіп моторды қыздырып, әрекет жасағанмен еш нәтиже шығара алмадық. Толқынның астында қалып қою қаупі туған соң, ыға беруден басқа амал қалмады. Үстіміздегі киімдерімізді сығып, қайықтың ішіндегі суды тездетіп төгіп отыруға тура келді. Әрбір үлкен толқын өзімен қоса үрей де, ажал да әкелетінін үнсіз түсініп, мойындауға мәжбүр болдық. Үлкен жұма күні, яғни 21 маусымда күндізгі сағат 10-да шығыстан батысқа соққан желдің қаттылығы сонша, қайығымызбен бірге аударылып қала жаздадық. Есімізді жия алмай меңіреу күй кештік. Есімізді жиғасын жалма-жан белбеуімізді шешіп алып, мойнымызға салып, құдайдан аман қалдыруын өтіндік. Жалбарынып, «ақсарбас» атадық. Сол күні кешінде сағат 10-дар мезгілінде теңізді қара бұлт қаптап, қара түнек басты. Дамылсыз ойнаған найзағай мен аспан құрағандай шатыр көп болды. Соңы қара жаңбырға ұласты. «Қайығымызға шатыр түспегей» деп тіледік. Түн қараңғылығы қоюлана жаңбыр басылды. Бірақ жел бағытын өзгертіп, бізді солтүстікке ықтырды. Теңіздің шуылы көбейе түсіп, дауыл тұра бастады. «Аллалап» тағы да ығумен жүрдік. Түнгі сағат бірлер шамасында алыстан кеменің жарығы көрінді. Қуанғаннан есіміз шығып кете жаздады. Жалма-жан әзірлеп қойған факелімізді үзбей жағумен болдық. Кеме жақындаған сияқтанды. Тіпті кейде жарығын өшіріп-жағып тұрғандай. Кейіннен түсіндік, таудай толқындардың әсері екен. Содан түнгі сағат үштерге дейін от жағумен отырдық. Бірақ корабль бізге келмеді. Байқамаған шығар. Бірақ тас қараңғы түнде 3-4 метр биіктікте жағылған отты байқамау мүмкін бе деген ой маза бермеді. Сонымен алып ұшқан көңіліміз, қуанышымыз су сепкендей басылып, тағдырға мойы­н ұсынып, желдің құтқармас тұтқыны екенімізді түсіндік. Тек аударылып қалмаудың қамын ойладық. Ертеңіне таң атқан соң, «үмітсіз – шайтан» дегендей, түнімен ыққанымызды біле тұрсақ та, түнде көрінген кемемізді іздегіміз келді. Сұрапыл жел мен таудай толқынға қарамастан, моторды қыздырып, жүріп көрдік. Ол әрекетімізден де ештеңе шықпады. Су-су болып қалжырап, еріксіз тоқтауымызға тура келді. Күндер өткен сайын «тірі қалмайтын шығармыз» деген ойлар әрқайсымызды іштей жегідей жеп, мазалай берді. Іштегі толқу мен тол­ғаныстан бір ауыз өлең де пайда болды:

Жел соғып тегістіктен кеттік ығып,

Алып ұшқан көңілдің туын жығып.

Қарақтарым үйдегі еске түссе,

Аламын көздің жасын сығып-сығып.

Не болса да, «мүмкін аман қалармыз, қалмаған күнде біздің осынша күндер бойы тірі болғанымыздан адамзат хабарлы болсын» деп күнделік жазуға тура келді. Онда міндетті түрде аты-жөніміз, тұрағымыз, жұмыс орнымыз, тіркеудегі жұмыс қаруымыздың нөмірлері көрсетілген. 20 литрлік 3 бос бакты қайықтың басына тығып, жазылған күнделікті, үй-ішімізге жазған соңғы хатымызды шөлмекке салып, тығынмен бекіттік. Содан кейін не болса да, көруге бақи болдық. Өзіміз тірі болмаған жағдайда бәлкім біреу-міреулерге кездесер деген үміттен басқа бізде ештеңе қалмады. Қайықта бір түйір қалғаны – 20-30 грамм шай, 250 грамдай күріш, 500 грамдай тұз ғана.

Алтыншы тәуліктен кейін жел басылып, «штиль» болды. 23 маусым күні шөл басып, басымыз ауыра бастады. Қайнатып шай ішкіміз келгенімен, тұщы су болған жоқ. Шөл әбден қыса бастаған соң, теңіз суын үлкен кружкаға қайнатып, ішіп көрдік. Дәмі тіптен жаман екен. Содан соң бетіндегі көбігін алып тастау керек екені еске түсті. Байқасақ, кәдімгідей ішуге жарап қалды. Күрішті де солай қыздырып, шамалы ғана қант қосып, үшеуімізге үш қасық күріш, тәулікке тек қана бір рет жеуге тура келді. Себебі одан артық жоқ еді. Қайнатқан шайдың шамасын жинап, кептіріп, қайтадан қайнатып жүрдік. Қайнатқан ыстық судың дәмі мен түсі өзгерсе, соған мәз болдық. Келесі күннен бастап күрішті шым-шымдап шикілей жедік. Себебі примустағы таза бензин таусылды. Сол күні аққу, баклан, жалғыз торғай, 5-6 маса, 3-4 шыбын пайда болды. Қуанғаннан есіміз кетті. Қалай болғанда да, не жаға, не арал бар екенін сездік. Бірақ жаға осы бағытта деп моторды қыздырып тартып кетуге тәуекеліміз жетпеді. Себебі мотордың бензині де 20 литрдің үстінде ғана қалған еді. Торғай демекші, торғай бізді бір айналып өтіп, солтүстік батысқа қарай ұшып кетті. «Менің артымнан жүріңдер» дегендей. Бірақ ол қанаты сау торғай да, біз қанатымыз сынған торғайдай тапжылмастан, орнымызда қалдық. Жалма-жан ес жинап, теңіздің суын өлшедік. Екі құлаш екен. Сосын ақылдасып, 20 минуттай моторды қыздырып, тегістікке қарай жүрдік. Тағы да тоқтап, тереңдікті өлшеп едік, 15 құлаш болды. Бағытымыз дұрыс екенін білгенмен, теңіздің қай тұсында тұрғанымыз белгісіз еді. Сондықтан бензинді үнемдеп, тек керек мезгілде ғана пайдалану керек деп шештік. Бен­зиннің бар қалғаны 10-15 литр­дей екен.

Жиырма бесінші маусым. Кешке жел тымық еді. Карта ашып, «ертең сәрсенбі күні түсте бізді кімде болса, біреулер құт­қарады, болмаса алдымызда 7-8 тәулік ығу бар, тапса, содан кейін табыламыз, бірақ тірі боламыз ба, немесе сүйегімізді таба ма, оны анық білмеймін, картаның сөйлеуі осылай» деп қисайып жатып қалдым. Айтуын айтқаныммен, «осы сөзді бекер-ақ айттым-ау» деп ойлаумен болдым. Жеті тәулік ұйықтамаған соң ба, бірден ұйқыға кетіппін. Таңертең оянсам, күн ашық, жел жоқ екен. Байқаймын, қасымдағы Сырым мен Олешка бірдеңе жасап отырғандай болды. Бақсам, балаларының атын жазып, мойындарына тұмар тағып алыпты. Жиырма алтыншы маусым күні таңертең толқынмен жағаласып ығып келе жатып, кілттер салған сөмкеден Гүлден көкемнің тапочкасының өкшесін тауып алып, тесіп жіп өткізіп, мойныма тағып алдым да, «Жігіттер қорықпаңдар, біз обязательно тірі қаламыз, табыламыз да. Себебі мынау көкешімнің өкшесінің тиген жері, қара жерді басқан жері, демек бізді қара жерге тартып тұр» дедім. Содан көріп олар да бойтұмар істеп алған екен. Сол күні яғни 26.06 күні шамамен сағат он екілерде тікұшақ дауысы естілді. Сол вертолеттің арқасында аман қалдық. Оның ішіндегі азаматтар біздерді екінші тәулікке іздеп шыққандар екен: Су милициясының бастығы, подполковник Елемес Рахметов, мемлекеттік инспекция бастығы Боранқұл Шортанов, аудан прокуроры, аудан экологі сынды азаматтар.

Жаза берсе, бастан өткенді таусылмас деп ойлаймын. Біздің аман қалуымыз балаларымыздың көз жасы екені айдан анық. Шамалы қателіктен ұрпағымызды өмір бойы өксітіп өткізуге шақ қалдық. Өмір бойы теңіз не су деген сөз естісе, көздері жастан мөлдіреп хабарсыз кеткен әкені ойлап, аһ ұрған жандар көз алдыма келсе, жүрек сыздап бас айналады. Тағдырдың маңдайға жазғанын көрдік. Ажалдан аман-есен құтылып, отбасымызға қосылдық. Демек бәрі де тағ­дырдың маңдайға жазғаны. Одан қашып құтылу мүмкін емес. Өзгерту де мүм­кін емес. Біз осыны түсіндік. Осыны білдік...»

Сұхбаттасымыз Елемес Рахметовтің жоғалған тұлғаларды тапқан кездегі сезімді баяндауы ерекше иландырады. Теңізді айнала-айнала ұшып, тік­ұшақтың жанармайы әбден таусылуға айналған. Сенім сетінеп тұр. Дегенмен көз ұшындағы бір қара!

Іздеуші ретінде ең соңғы үміттерінің алдамағаны, теңізде адасқандардың ажалдан аман қалуы – көп нүкте: жоғалған үшеу тікұшақтың жіп баспалдағынан мінгендегі өмірге қайта келгені, жылап-сықтау, бейшара халсіздік, фәни дүниеге сенер-сенбестік... Қалғанынан өзіңіз де әсерленерсіз.

Ерболат ҚАМЕН,

журналист 

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу