Танымал әнші Наркенже Серікбаева әлеуметтік желідегі парақшасында қыздарына деген шексіз аналық махаббатын білдіріп, әсерлі жазба жариялады, деп хабарлайды Malim.kz.
Өнер иесі перзенттері өзіне күш-қуат беретін басты шабыт көзі екенін атап өтті. Оның айтуынша, өміріндегі ең үлкен бақыт – балаларының амандығы мен күлкісі.
"Маған күш беретін, мені алға талпындыратын бір күш болса, ол қыздарыма деген аналық махаббатым. Алла жаныма сая қылып Жансаямды берді, сыйлық қылып Хадиямды берді. Бергеніңе шүкір айтам Раббым! Қыздың қабағында құт бар дейді дана қазағымыз. Құтты қабағы, жаздай жамалы, жұлдыздай жарқыраған жанары бар қыздарым, қызғалдақтарым менің бақытым және шабытым! Перзенттерімнің күлкісі үшін, болашағы үшін барымды, нарымды, жанымды беруге әзірмін. Тек қуанған жүздеріңді көрейін жарықтарым! Бәрі сендер үшін! Алланың назарында болыңдар!" – деп жазды әнші.
Әншінің жүрекжарды жазбасы желі қолданушыларының ықыласына бөленіп, көпшілік оның аналық мейіріміне тәнті болғанын жасырмады.
Бұған дейін Наркенже Серікбаева әлеуметтік желідегі жазбасында өмірден өткен анасына деген сағынышын ерекше сезіммен жеткізген еді. Сондай-ақ Наркенже Серікбаева әлеуметтік желідегі парақшасында әсерлі жазба жариялап, өмір жолы мен болмысы туралы ой бөліскен еді. Өнер иесі көпбалалы отбасында тәрбиеленгенін айтып, өзінің ашық мінезі мен бауырмал қасиеттерін ата-анасының берген тәлімімен байланыстырды. Оның айтуынша, адамдарға деген сенім мен кең пейіл – өмірлік ұстанымына айналған.
"Әкем мен анамның кенжесі, 11 перзентті көп балалы отбасының еркесі болдым. Көпшілмін. Көпшіліктің арасында да еркелеп кететін бәрін үйдегідей көретінім бар. Адамдарды жатырқамай-ақ көңіл қалпыммен қабылдаймын. Өзгені өзімдей көріп, қолымдағы барыммен бөлісіп жүргенім – анамның тәрбиесі. Барды да, жоқты да, тағдырдың түрлі сыйларын да, сынақтарын да көріп келе жатырмын. Аллаға сансыз шүкірлер болсын!" – деп ойын білдірген өнер иесі.