Грузияның Имеретия аймағында есірткі қылмысына қатысты күдікпен Қазақстан мен Украина азаматтары ұсталды, деп хабарлайды Malim.kz.
Тергеу мәліметіне сәйкес, 2008 жылы туған жігіт пен қыз есірткіні заңсыз сатып алу, сақтау және ірі көлемде тарату ісіне қатысы бар деген күдікке ілінген. Күдіктілер әртүрлі уақытта қолға түскен.
Грузияның Ішкі істер министрлігі таратқан ақпаратқа қарағанда, олардың уақытша тұрған жерлерін тінту кезінде ірі көлемдегі метадон табылып, тәркіленген. Сонымен қатар есірткіні өлшеуге және буып-түюге арналған құралдар да айғақ ретінде алынған.
Тергеу барысында күдіктілер жасырылған есірткі орындарын өздері көрсеткен. Құзырлы орган ұстау сәтінен түсірілген бейнежазбаны да жариялады.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдіктілерге Грузия Қылмыстық кодексінің 260 және 260 (4) баптары бойынша айып тағылды. Бұл баптар 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.