Ертең, 28 сәуірден бастап Астанадағы оқушылар мен жеңілдік санатына жататын азаматтар LRT картасына тапсырыс бере алады, деп хабарлайды Malim.kz.
Компанияның баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, бұл азаматтардың карталарына аты-жөндері жазылып, суреттері ілінеді.
«LRT пойыздарының атаулы көлік картасын елорда мектептерінде білім алатын, 7-18 жас аралығындағы оқушылары, сондай-ақ қолданыстағы заңнамаға сәйкес жеңілдік санаттарына жататын, Астана қаласында тіркелген және тұрақты тұратын азаматтары ала алады. Картаны дайындау құны — 1200 теңге», - деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметі.
Компания картаның тапсырысы тек онлайн форматта қабылданатынын баса атап өткен. Яғни, атаулы карта алғысы келген азаматтар transcard.kz ресми сайтына кіріп, өтініш толтырып, суреттерін жүктеу керек. Дайын картаны өз ауданындағы бөлімшелерден алуға болады.