Таиландта демалыс кезінде комаға түскен қостанайлық Алексей Вивтоненко ауыр жағдайдан кейін алғаш рет байланысқа шықты, деп хабарлайды Malim.kz tengrinews.kz сайтына сілтеп.
Ол комадан шыққаннан кейін алғаш рет өз бетінше видеоүндеу жазып, өзіне қолдау көрсеткен жандарға алғыс білдірді.
Баршаңыздың қолдауыңыздың арқасында қазір сөйлеп тұрмын. Өзімді жақсы сезінемін, есім орнында, қайда екенімді түсінемін. Қазір жалпы палатадамын, іш қуысына дренаж қойылған. Оңалу жолы оңай емес, бірақ тірімін. Қимыл-қозғалысым әлі әлсіз — тек телефон ұстай аламын, бірақ толық отыра алмаймын, – деді ол.
Қазір Алексей әлі де Таиландтағы клиникада жатыр. Бір күндік ем құны шамамен 500 мың теңге. Оның жағдайы тұрақталғанымен, Қазақстанға жеткізуге әзірге рұқсат берілмеген.
Туыстарының айтуынша, оны елге тасымалдау екі рет шегерілген: алғашында жағдайы тым ауыр болса, кейін керісінше тұрақты деп танылған.
Дәрігерлердің мәліметінше, науқастың жағдайы қазір бірқалыпты — ол өздігінен тыныс алады және біртіндеп жазылып келеді. Алайда қазіргі жағдайы медициналық авиациямен тасымалдау талаптарына сәйкес келмейді.
Еске сала кетейік, Алексей Таиландқа 24 қаңтарда барған. 31 қаңтарда ішінің қатты ауырсынуына байланысты дәрігерге жүгініп, кейін оған жедел панкреатит диагнозы қойылған. Асқынулардан кейін ол жасанды комаға енгізіліп, бірнеше аптадан соң есін жиған.