Ақын Ақұштап Бақтыгереева өлеңдері

Ақұштап Бақтыгереева – 1944 жылы 23 тамызда Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Ақжайықта туған. Танымал ақын. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. «Алаш» Халықаралық әдеби сыйлығының және Мемлекеттік сыйлықтың иегері.

Malim Админ

  • 07.10.2024

* * *

Тудайын биіктерде желбіреген.

Сұлулық деген сөз де ол бір өлең.

Алматы  – қала деуші ем,

Қыз екен ғой,

Шығыстан бізге қарап мөлдіреген!

 

Тұрғанда көкте самсап жұлдыздарым,

Сезбеймін бұл қаланың түнгі ызғарын.

Алматы шаһар деппін,

Білмеген соң

Шығыста Алматы атты бір қыз барын!

 

Шабытты аяйын ба тегін келген,

Жыр туар жолдамаққа бекінгеннен.

Айналдым шырайыңнан, Алматы қыз,

Алтайдың кер маралы секілденген!

 

Жыр жазбай Алматыға кім тұрады,

Төгілер өлең шіркін бұлқып әлі.

Шағылып ақ жүзіңе әр таң сайын,

Арайы Шығыс жақты құлпырады.

 

Сұлулар барлығынан биік тұрған,

Қол жетпей, сезімдерді күйік қылған.

Шығыстың самалы да бақытты ғой,

Жүзінен Алматының сүйіп тұрған!

 

* * *

Біз деген қара өлеңнің солдатымыз,

Ұнаса сөзімізден бал татыңыз.

Бұл шабыт қалай тұрар аласұрмай,

Құлпырса қыр гүліндей Алматы қыз?!!

 

Кім артық әдемі қыз асыл ұлдан,

Жасықты – сөз айта алмас – жасын ұрған.

Жолына Алматыдай ару қыздың,

Жыр түгіл ақындардың басы құрбан!

 

* * *

Құрметі адамдардың ғайыпты ашқан,

Оларға кең құшағын жайыпты аспан!

Айналдым Алматыдай ару қыздан,

Әр посқа жүрекпенен лайк басқан!

 

* * *

Айтайық ақ тілекті ақтарып біз,

Жаныңыз, жадыраңыз бақ дарып сіз!

Көркінен күн ұялып, ай қызарған,

Туған күн құтты болсын, жап-жарық қыз!

 

* * *

Көңілім танысқанда қалмады жай,

Сөзіңнен жұпар аңқып, бал татығай!

Анаңа мың рақмет,

Күндей көркем

Қыз тапқан ару қылып Алматыдай!

 

* * *

Көретін сұлулықты көздерім бар,

Арналар ару қызға сөздерім бар.

Шығыстан таң көрінсе сен бе екен деп,

Шабытты қамшылайтын кездерім бар!

 

* * *

Тұңғиық боп көрінер аспан көзге,

Дүние жарық болар тасқан кезде.

Жүректі бір сілкіп ап қуанамын,

Сөзіме сен жүректі басқан кезде!

Суреттеріңе жазылған өлеңдер

 

І.

Жейдесі де сары алтын,

Кеудесі де сары алтын!

Құдай соққан ғажайып,

Тұла бойдың бәрі алтын!

ІІ.

Керемет деген өзің ғой,

Мөлдір қара көзің ғой!

Сол тұнықты көре алған

Мендегі – жай сезім ғой!

 

ІІІ.

Сұлулық лайық қой шын аңызға,

Аңыздың көркіне біз сынамыз да.

Жүрегің бар болса егер шыдап көрші,

Сұқтанып өлең жазбай мына қызға!

 

IV.

Көркіңнен көзімді алмай қарадым-ай,

Көңліңе жыр боп кірсем жарадым-ай!

Жүректе сыр боп тұнып тұра берші,

Аршын төс, алма мойын қарағым-ай!

 

V.

Қарашы мынау пішінге,

Қарашы мынау мүсінге!

Не деген ғажап көрініс,

Көретін ғана түсіңде!

От болып жатыр бір ару,

Аяулы әлем ішінде!

 

* * *

Шабыт сынды жөнелген арқырап бір,

Алтын болып көл беті жалтырап тұр.

Сенің туған күніңде

Өзің сынды

Мына күн де жадырап, жарқырап тұр!

 

* * *

Не пайда ғашық отқа күймеген соң,

Сезімнің алдында бас имеген соң.

Қауызын жаңа жарған қызғалдақтай,

Еріннен құмар қанып сүймеген соң...

 

Бұл арман неткен сонша өжет еді,

Кей уақыт байласаң да тез өтеді.

Гүлнұрға қарап отырып шай ішкенге

Шіркін-ай, бұл жалғанда не жетеді!

Байланысты жаналықтар

Ақын Жанар Әбсадықтың өлеңдері

16.10.2024

Ақын Жанна Елеусіздің өлеңдері

06.10.2024

Ақын Жадыра Дәрібаева өлеңдері

29.09.2024

Бақытгүл Бабаш. Мен жылаймын, естен кетпей есімің...

29.03.2021

Айдында жүзген ақ желкен

08.03.2021

"Ақұштап өресіз бе, Фариза өлік пе?"

25.09.2020
MalimBlocks
Ақын Жанар Әбсадықтың өлеңдері

Жанар Әбсадық 1981 жылы 12 қаңтарда Қызылорда облысы, Шиелі ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің журналистика факультетінің 1998-2002 жылғы түлегі. Бірнеше жыр мүшәйраларының жүлделі жеңімпазы. Өлеңдері республикалық басылымдарда жарияланып тұрады. Бір топ өлеңдері «Жас толқын» жас ақындар антологиясында жарық көрген.

Ақын Жанна Елеусіздің өлеңдері

Жанна Елеусіз 1970 жылы 22 қарашада дүниеге келген. 1992 жылы Қазақ мемлекеттік Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Аудандық «Шалқар» газетінде тілші болып жұмыс жасады. 1995 жылы Ұлы Абайдың 150 жылдығына арналған мүшәйраның жүлдегері атанды. 2004 жылы «Мен сүйетін дүние», 2011 жылы «Тіршілік трилогиясы» атты кітаптары жарыққа шықты. Сондай-ақ өлеңдері «Жәдігер» атты Ақтөбе өңірінің әдеби антологиясына, «Ақтөбе кітапханасы» сериясымен шыққан жергілікті қаламгерлердің 50 томдығына енген. Қалың оқырман мен әдебиет сыншылары Жаннаны қазақ поэзиясына өткен ғасырдың 90-жылдарында келген буынның көрнекті өкілдерінің бірі.

Ақын Жадыра Дәрібаева өлеңдері

Жадыра Дәрібаева 1948 жылы 4 қыркүйекте Қызылорда облысында дүниеге келген. Ақын, бірнеше жыр жинағының авторы. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.

Бақытгүл Бабаш. Мен жылаймын, естен кетпей есімің...

Айдында жүзген ақ желкен

"Ақұштап өресіз бе, Фариза өлік пе?"