Ақын Жадыра Дәрібаева өлеңдері
Жадыра Дәрібаева 1948 жылы 4 қыркүйекте Қызылорда облысында дүниеге келген. Ақын, бірнеше жыр жинағының авторы. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.
АНА КӨҢІЛІ
Күлкі астында жатар, кейде, өксік те,
Қамкөңіл боп, әлде, біздер өстік пе?
Көз жасымды көрмесін деп жан адам,
Төгемін кеп күәгерім – көпшікке.
Аралайды жан түкпірін сағыныш,
Болып барам күннен күнге налығыш,
Күресіп те жүрген жоқпын ешкіммен,
Бойымды бір билеп алған бағыныш.
Аңсауменен жылылықты, шаттықты,
Қауырсындай кеудем әбден аптықты,
Ойлап па едім жанымдағы жақыннан
Көрем-ау деп соншалықты жаттықты.
Салғаныңа, тағдыр, көндім тағы да,
Есесіне қол сұқпашы барыма,
Имансызға ұшыратпа қызымды,
Дақ түсірме ұлдарымның арына.
Не қиындық берсең, мейлі, бер маған,
Құрығың да аз емес қой салмаған,
Бүлдіршінім бүгілмесін бүрісіп,
Менен алшы, өшің болса алмаған!
ДАУЫЛҒА ТОСЫП КЕУДЕМДІ
Дауылға тосып кеудемді,
Дедім мен: «Сендім өзіңе!»
Ұшықтап көңіл – меңіреуді
Оралдым кәусар кезіме.
Ашынып кеттім біртүрлі,
Жалындап шықпай жас үнім,
Жоғалтып күндей күлкімді,
Жылаудан қанша жасыдым.
Біреуге сеніп соншама,
Түптемей, ұқпай түбірін,
Именіп кірдім ортаға
Күншілдің естіп күбірін.
Айдыны айқын болмады,
Сұңғыла еді сезімім,
Әбіржітті де қорлады,
Сүрініп қалды-ау сенімім.
Сарқылмас іңкәр сағыныш,
Түлейді жүрек сан күйген,
Жан дүниемдегі жарылыс
Мен үшін артық бар күйден!
* * *
Махаббатпен дүние есігі ашылған,
Ақша бұлт тұр асау шыңға асылған,
Таң шапағын шабыттана қарсы алдым,
Жүрегіммен жұмыртқадай аршылған.
Қимастығым құштарлықпен қайралған,
Өжеттігім нәзіктікке айналған,
«Ризамын», – деп, еміренемін Тәңірге,
Күндеріме тіршілікке байланған.
Күміс айдың сәулесімен ымдасқан,
Жер бетінің бар мұңымен мұңдасқан,
Жартастың да тас жүрегін жібітер,
Өмір жайлы жазсам деймін Нұр-Дастан!