Ақтөбе қаласында 41 жастағы Айжан Аязбаева жүктілігінің 29-аптасында кенеттен жағдайы күрт нашарлап, қан қысымы көтерілген. Жолдасы Руслан Сырлыбаев бірден жедел жәрдем шақырып, әйелін дәрігерлерге көрсеткен. Алайда сол күні-ақ келіншек комаға түсіп, 1 желтоқсан күні қайтыс болды, деп хабарлайды Malim.kz.
"КТК" телеарнасына берген сұхбатында Руслан Сырлыбаев қайғылы оқиғаның қалай болғанын көз жасына ерік бере отырып баяндады.
Оның айтуынша, жүктілік кезінде Айжан өзін жақсы сезінген, ешқандай шағымы болмаған. Алайда 29 қараша күні кенеттен қан қысымы күрт көтерілген. Жедел жәрдем келген кезде алғашқы өлшеуде қысым 210-ға, кейін 185-ке дейін түскен. Дәрігерлер алдымен дәрі-дәрмек беріп, артынан магнезия еккен.
"Сол екпеден кейін әйелімнің жағдайы күрт нашарлады. Қатты қиналып, құса бастады. Фельдшерлер оны зембілге салып, жедел жәрдем көлігіне алып кетті", – дейді Руслан Сырлыбаев.
Оның сөзінше, жедел жәрдем көлігінде дәрігерлер құрсақтағы баланың жүрек соғысын тексерген. Алайда Айжан ес-түссіз күйде болған, аузынан көбік шыққан.
Кейін әйелді облыстық перинаталдық орталыққа жеткізіп, шұғыл түрде кесарь тілігі жасалған. Айжан 13 күн бойы комада жатып, 1 желтоқсанда көз жұмды.
Аймақтық денсаулық сақтау басқармасы ресми мәлімдеме жасап, қазіргі уақытта өлімнің нақты себебі анықталмағанын, оқиға бойынша тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.