Мәжіліс депутаты Марат Башимовтің төрағалығымен Қайтарылған активтерді басқару компаниясының қамқоршылық кеңесінің кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Malim.kz.
Отырысқа қамқоршылық кеңес мүшелері – Парламент депутаттары мен азаматтық қоғам өкілдері, сондай-ақ бас директор Қуанышбек Мұқаш бастаған компания басшылығы қатысты.
Кеңес күн тәртібін бекітіп, басқарушы компанияның 2025 жылғы қызметі туралы бас директордың есебін тыңдады. Қ.Мұқаш компанияның негізгі міндеті – қайтарылған активтерді басқару, олардың сақталуын қамтамасыз ету және сату, сондай-ақ түскен қаражатты Арнаулы мемлекеттік қорға аудару екенін атап өтті.
Компания құрылғаннан бері басқаруға жалпы құны 96,5 млрд теңге болатын активтер қабылданған. 2025 жылы E-Qazyna платформасы арқылы 577 электрондық сауда өткізіліп, соның нәтижесінде 38,4 млрд теңгеге (ҚҚС-сыз) 155 актив сатылды. Бұл рәсімдердің тиімділігі мен ашықтығын көрсетті.
Ірі мәмілелердің қатарында Астана қаласындағы «Думан» қонақүй кешенінің 14,1 млрд теңгеге сатылуы және Дубай қаласында 20,7 млрд теңгеге өткізілген екі вилла бар. Сондай-ақ мемлекеттік меншікке жалпы құны 29,4 млрд теңгені құрайтын 33 актив берілді. Олардың ішінде жер учаскелері, археологиялық артефактілер және Ұлттық музей қорына тапсырылған көне монеталар бар.
Жыл қорытындысы бойынша Арнаулы мемлекеттік қорға барлығы 38,3 млрд теңге аударылды. Отырыс соңында қамқоршылық кеңес бас директордың есебін бірауыздан мақұлдап, компанияның қайтарылған активтерді ашық әрі тиімді басқару арқылы мемлекет пен қоғам мүддесіне қызмет етіп отырғанын атап өтті.