Ақын Жанна Елеусіздің өлеңдері

Жанна Елеусіз 1970 жылы 22 қарашада дүниеге келген. 1992 жылы Қазақ мемлекеттік Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Аудандық «Шалқар» газетінде тілші болып жұмыс жасады. 1995 жылы Ұлы Абайдың 150 жылдығына арналған мүшәйраның жүлдегері атанды. 2004 жылы «Мен сүйетін дүние», 2011 жылы «Тіршілік трилогиясы» атты кітаптары жарыққа шықты. Сондай-ақ өлеңдері «Жәдігер» атты Ақтөбе өңірінің әдеби антологиясына, «Ақтөбе кітапханасы» сериясымен шыққан жергілікті қаламгерлердің 50 томдығына енген. Қалың оқырман мен әдебиет сыншылары Жаннаны қазақ поэзиясына өткен ғасырдың 90-жылдарында келген буынның көрнекті өкілдерінің бірі.

Malim Админ

  • 06.10.2024

* * *

Халымды сұрамаңдар.
Жүрегімде белгісіз бір алаң бар!
Бір түсінсе, түсінер мені жалғыз –
қара жерге аспаннан құлаған Қар.
Сынамаңдар!
Азабына пейіштің шыдағам бар.
Алып-ұшып мен-дағы жетіп едім, –
Періштесіп мұнда да жүр адамдар...
Ұнамады.
Бұларың ұнамады.
Бақыттарың бар болсын – құрамалы...
Көктем сайын еритін мен бе десем...
Адамдардың екен ғой Күнәлары!
Қайғыларың Құдайдан үлкен бе еді?
(Құрсыншы... түртем нені...)
– Қарамын мен! Ағартшы...
– дей алатын
қарапайым сағындым бір Пендені!

 

* * *

...Түсінбейді, ұқпайды деп – түңілме.
Қайда, қанша қарасам да – әлі Мұң.
Бәрі іздеген Жоқ-тың бәрі түбінде
Жан-ға келіп тіреледі, жарығым...

Дос күтуді (жоғалтқан күн) – доғарғам.
Сүйем – іштей. Әлемге сол – жетеді.
Жүрегімнен өбіп әрең оңалған -
желдеткіштен жел сығалап кетеді.

Көктемдерді оятады Күз – кейпім.
Ондағы әлем – әрі Жарық, әрі Әппақ!
Ғарыш – менің оқырманым іздейтін,
ғасырларды отыратын парақтап...

Қар боп жауа салатыны Жаңбыр да,
Дән боп ұшып кететіні гүлдердің -
Жан-ға өлім жоқ екені тағдырдан!
Жерде солай ғұмыр кешіп үлгергін.

...Түсінбейді, ұқпайды деп - түңілме.
Қайда, қанша қарасам да – әлі Мұң.
Бәрі іздеген Жоқ-тың бәрі түбінде
Жан-ға келіп тіреледі, жарығым...

 

* * *

Майшам екем.
Түнектерге көнбейтін!
Жанған сайын ұзаратын білтесі.
Шыны бойлап,
Шындыққа өрлейтін отының әр күлтесі...
Бере алмайтын
Мақсатымды анықтап,
мен Жарықтан бас тарттым!
Қараңғыда Майшам болып шарықтап.
Сұмдық-Өмір, сені көре бастаппын...
Болып алдым өңімде де, түсімде –
қабырғаға Шын бейнеңді салатын.
Көбелектей сұлу Өлең ішімде
күйіп жатыр қанаты!
Күн де өшеді.
Көкірегін көтерсе.
Болу керек мына өмірде мұң да – Арлы!
Мені емес.
Өзіңді іздеп жетерсің.
Көру үшін – ең шынайы Сұлбаңды...

 

* * *

Керек емес ештеңе. Ешкім. Өлең,
Мен болайын әндерін естімеген.
Күле алмадым қосылып көп тобырға,
сорыма орай,
олардан естірек ем…

Келмейді енді оралғым ортасына,
жүре берсін бөленіп торқасына.
Жалғыз дауыс шығады «қайдалаған»,
ол да күмән – шыны ма, жортасы ма?!

Сүрем үнсіз бір ғұмыр. Іздемегін.
Туа бермес мендей қыз Күз дегенің..
Бір ағашқа жан бітсе биыл көктем,
бұл тірліктен сол-күдер үзбегенім!

Бақытыңды жырлаңдар қурамаған…
Біреулерге ұнағам, ұнамағам.
Бір қыз осы – қайдам, өмірінде…
Өлеңінде ешқашан жыламаған…

 

* * *

Сен де бөтен. Мен де саған бөтенмін…
Өз мұңымды өзім үнсіз көтердім…
Сен де қиын. Мен де саған қиынмын..
шілдедегі аспандай сап тыйылдым…

Сен де жаңбыр. Мен де сондай жаңбырмын!
Жауғызбаған, жауа алмаған тағдырмын…
Сендегі аспан…мендегі көк тамаша.
Тек оңаша жылайтының болмаса..

тек оңаша жылайтыным болмаса…
Сен де кешір…мен де сені кешіргем…
кетпейтінім болмаса тек есіңнен…
кетпейтінің болмаса тек есімнен!..

 

* * *

Мұң – тауда, өрде – көңіл…
Тағы ой түзге қарар.
Өтпестей көрген Өмір,
күні ертең бізден қалар…

Күні ертең сізге қалар –
қайыстай етікті арман.
Бір өшін іздеп алар,
біздерде кетіп қалған!..

Таңғы арай, кешкі тұман –
өзіммен жасты күнәм…
Тағдырдың достығынан…
Тірліктің қастығынан…

Салады аңдай ылаң,
Сүйкенсе – қотыр сындар!..
Сұп-суық маңдайымнан –
Өлеңімді оқырсыңдар…

Ай қарғып, Күн қақырап
Кетсе де көгің кірлеп!..
Алаңсыз бір Жапырақ –
Бүр жарар «ӨМІРМІН!» – деп…

 

* * *
Өлең!
сен-періште шығарсың,
қайырылып келіп тұратын…
өлмеуі үшін ішімде,
өкініші көп бір ақын…

Көрмеген ешкім өң-түсін,
білмейтін ешкім қабірін…
Бармысың, әлде, жоқпысың,
сенбісің, сол Бір Тәңірім?!..

артық та десін, кем десін,
мінезім, осы-тұрысым…
тіріде өзім – пендесің…
өлгеннен кейін – Ұлысың…

 

* * *
...Сен де мендей жаныңды мұңға малып Көрдің бе?
Ай секілді түнде ағарып...
Түн ылғи шошытады дүниедегі
Ең жақын адамымды ұрлап алып...
Уақыт та алып кете алмай өзін бұрып.
Көрсетеді (кім үшін?) төзімділік...
Қараңғылық түскенде неге адамдар
Қарсы алуға тиісті көзін жұмып?..
Бәлкім тылсым түс болып қашықтады?
Бәлкім сол ма күткені, асыққаны?..
Неге сосын соншама жап-жарықта
Жүреді олар жанарын ашып бәрі?..
Солқылында өмірдің, тынысында
Жаным әзер ілініп тұр ұшында...
Мен алаңсыз ұйықтар ем!
Менсіз өмір
Сүре алмайтын жүректің бұрышында...
Мазасыз жан таба алмай Жер, Көктен де,
Мұң ба, әлде, бірдеңе меңдеткенде –
Мені қорып отырар Қыз қайда? – деп,
Түн жылайтын шығар-ау мен кеткенде...

 

* * *

Пенделерге бере көрші кешірім –
Ұлы аспан. Ұлы Тәңір. Ұлы Әлем!
Ұмытылып жазатайым есімім,
мені біреу «Ұлы» десе жылар ем!..

Балалығым, сәтті, сәтсіз тұстарым,
қуанышым, реніштерім, көз жасым –
берсін, мейлі, ойып Дүние пұшпағын,
бір ажалдан анық түбі озбасым!

Темір-өмір кете берер бір іліп.
Пендешілік жүгіреді жалаңбұт!
Адамдықтың ұлылығы – Ірілік.
Ұлылықтың құрбандығы – адамдық.

Жалғыз өмір сүрем. Шекпен, шен берме.
Ел де тіпті еркелетпес «Ақын» деп…
Қаралы жұрт бұйырған күн көмгенде,
қарай алсам болды өзіңе Жақын кеп!


***
– Дүниенің ТӨРТ бұрышы бар, – дейді.
– қайда Олар?..
…сенің Мұңың бір түкпірде қаңғиды.
Мен тұратын Жайға – орал…

Білгесін бе – Жерұйығын таппасын?
Көру үшін берген Көз де — Дөңгелек.
…менің Жаным қағады Айдың қақпасын
түндер сайын… ЖЕР ме … деп.

Ештеңе де іздемеген – дұрысы.
Қай кезбеге қонды Бақ!..
СЕН және МЕН жүрген жүрек Бұрышы,
Сооол – ЖҰМАҚ…

Ең...

...Ең Ұлы Сөз жазылды.
Ең Сүйікті адамға...
Ең Терең көр қазылды.
Ең Нәзікке – ғаламда...

Ең Қорғансыз тілектің
Ол – не Жауы. Не Бауыр...
Ең Аяулы жүректің,
үнсіздігі – еең Ауыр...

Ең аппақ Ар алдында
бар – не Бақыт...не Тұзақ...
Ең Жазықсыз жанның да
ажалы екен – еең Ұзақ...

Кім білген Күн не дерін...
Түн шошытты түрімен!
Ол өлтірсе – өлемін.
Ол тірілтсе – тірілем...


***

Бір Күш бар!
Көтереді...
Құласаң, құла! Түспей...
Мен – жазбасам кетер еді
бір Қыз – жылап іште...

Жақын да. Жат қабақ та.
Шат. Шерлі шақтар – ұлып!..
Түседі ақ параққа
Ғұмырым ақтарылып!..

Төсінен Тоғыз көктің
Ай болып жарылыппын!
Адамды – көп іздеппін!
Алланы – сағыныппын...

Шомылған Ар жасына.
Шоқылған қарғасына –
Орыстың Аннасы ма?
Қазақтың Жаннасы ма...

 

* * *

Қызғалдақтың – даласы бар.
Гүлзар бақтың – қаласы бар.
Өз ортасын таба алмаған –
менің Жаным аласұрар…

Адамдардың –ауылы бар.
Алаңдардың – қауымы бар.
Қайда менің өз Отаным?
Жүрегімді тауып, ұғар…

Дос біледі. Ол – ғапылдан.
Жау күледі – жақыннан.
Ақын: – Қоғам! Ортам!.. дейді.
Мен шошыдым ақыннан…

Айдалаға қашқан шынар –
талдар шымшып, тастар сынар.
Аспан шығар – менің Елім?
Менің елім – Аспан шығар…

…көп қарайды маған Көпсіп.
көк қарайды маған Көксіп.
– Өлесің ғой… дегендерге,
– Өлеңмін!.. деп барам –
Өксіп…

 

* * *
..біз - Мәңгілік түсіндеміз.
Ішіндеміз - дүниенің.
Үлкен болып - кішіргеміз.
Көзіндей боп иненің.
Минут сайын бір адамның -
қағады Ажал қақпасын.
Сондай сәтте мен де - алаңмын:
- маған келе жатпасын...
Гүлдер солса бір түкпірде -
тамырларым шыңғырады!
Керегелер, үрліктер де -
қабырғамды сындырады...
Жерге ұмтылсам - жетер едім.
Жеті әлемдік Сезім боп!
Толқындарын - көтеремін,
теңіз ойлар:
- Өзім!..деп.
...мен - Түндікте Көз ғанамын.
Түнде - ұнатып қараймын.
Жүрегіңді қозғағаным –
сол Аймын ғой.
Әлі - Аймын...

 

***
...Мені көру - міндетті емес.
Қызықпа...
Бағалама қарап - киім, түр-өңге.
Аты жоқта жер өртейтін бұзықтар
онсыз да жетіп жатыр - мына Елде...

Бір Ертегі бар еді -
өлмес.
Мен - Сенер.
Көрем талдан - үлкен Жұмбақ.
Ой - гүлден...
- жанымды шын түсінгің келсе,егер,
жырымды оқы!..
демей-ақ қойдым мен...

Мүмкін, оқшау.
Үнсіз ғұмыр кешермін...
Мекенімді әуреленбе білгің кеп.
...өзім әбден ығыр болған көшемнің
Көгершіні ғана таныр:
- жүрдің... деп.

Мүмкін, мүлде құшағына алар мұң...
Мен туралы Жерден сұрай көрмеші.
...өзім іштей сүйіп өтер Ғаламның
өтініші аз мен шығармын - пендесі...

Тірлігің мен Төңірегің.
Бәәрі - У боп.
Бар өмірің кешсе күйін бөтеннің!
...бір Жып-жылы сәулелерді Дәру ғып.
Өлең болып.
Өзім - іздеп жетермін...

 

 ***
 ...Бүгін -

менің келеді мұңаймағым!

Күн де, Түн де төксінші шырайларын!

Бір әдеміі Сәуле боп төгілсінші!

Ренжіткен, шаршатқан жыл - айларым...

 

Бүгін -

менің келеді мөлдірегім!

Тамшыдан да бір Нәзік, Мөлдір едім.

Қамшы басқан жүйрікке бір Жүректің

Жалауы боп келеді желбірегім!

 

Бүгін  маған болмайды өкпелеуге!

Амалым жоқ...бұл күнге өтпе деуге!

Бүрін желден жасырған - Қайыңға ма?

Бара ма, әлде, айналып Шөпке - кеуде...

 

Өткен күндер - бірі ойлы, бірі мұңды.

Бүлдірмеңдер, өтінем, Бүгінімді!..

 

***

Мен Өлеңді аяймын. Сендер кімді?

Алдына оның барасың жылап қалып.

Тағдырыңнан теперіш көргеніңді,

болмағанын тірлігің тұрақталып.

 

Тағы айтасың жаныңда бір Мұң барын,

сыздайтынын кеудеңді жарып оның!

Түз-өмірдің тағылау тұрғындары,

тап осылай іздейді бәрі жоғын.

 

Жөргемінде алысқан, жарысқанның,

мен қиналсам жұтатын Дем ең соңғы –

еліктейін осылып арыстанның,

азуында бара ма Өлең сорлы!

 

Болсын дей ме, лайым, тоқ бөрісін –

ағызғанда қанынан ғазал-бұлақ,

көкпар қылып тартқанға көк терісін,

ақ көңілі аспаннан қарар жылап…

 

 ***

 Қара суық желге бердім сыртымды.

Жүрегімде – мәңгі жасыл бақ заңғар…

қызғанбашы менің жылы күлкімді,

еріп бара жатқан Қар…

 

жымиғаным сәнді етеді ернімді

көзімдегі жұмсарады ренішім…

шыршама іліп қоям сенің белгіңді,

еріген қар, соның бәрі Сен үшін…

 

кешіктік біз, сен де, мен де. Көген жыр.

Ол да байғұс табар сылтау күлерге.

Қаңтарда емес, Наурызда келер Жыл –

қадірімізді білер ме?..

 

Еріген қар тротуарлар шетінде,

қара суық жасап жатыр тірі мұз.

Ол қағаздың, мен өлеңнің бетінде,

жымиямыз бірімізге біріміз…

 

***

...мұнда да - сол өмір.
Баяғы.
Мүмкін, сәл мұңды, өршіл.
Бұл ғасыр да алақан жаяды.
Құдды сол ғасыр дерсің...
Атса да көрінгеніне - оқ!
Түрі жоқ - көңілі толатын.
Адам көп - өмірлері жоқ.
Өлеңдері жоқ - көп ақын...
Жаным бар - жанды жаралар.
Жүрегімде жүр Ол әлі.
...Аспандық мұңы ғана бар
мен де - бір Жердің қонағы...

 

***
...қаладан Жырақ кетсем -
ұмыт болар секілді бәрі-бәрі:
(Түн.
Тыныштық.
Ой.
Сана.
Жан әлемі...)
жүрегімді бір Сәуле - қарығаны,
өмір, өлім дейтіннің бар әлегі,
көліктер де - қарсы ағып, жанұшырар,
адамдар да - бірі алыс, бірі жақын,
сағаттар да - уақыттың жарысы бар,
көшелер де - үнемі түрі ғапыл...
...қала сырты - Жанашыр, Қорғаушым.
Қалған дүние - суықтау, жалғандылау...
Әлем,
сені жоғалтып алмау үшін -
әдемі бір суреттей Тәңір салған -
өз ішіме көшіріп алғанмын-ау...

 

Жұмақ
Жанымды ұқпай мезгілі,
Жауратсын, мейлі, түнгі ызғар...
Жабырқап жүрген бір қызға,
Жазықты емес – жұлдыздар...

Сарқыса соңғы тамшысын,
шөліркеп жатқан көп белге...
Ұмытып бүгін кеткенге,
кінәлі емес – көктем де...

Кінәлі емес Аспан, Ай –
Арманның алыс құлашы...
Өлеңдерімнен сұрашы,
өртеніп барам, расы...

Айыпты емес Алтын Күн
Алладан еді – Үрлігім...
Айқара ашқан түндігін,
ақ Орда болды – тірлігім...

Тәубамыз осы – Тәңірге
Өзгере алмас шындығым:
Өмірлеріммен – құндымын,
Өлімдеріммен – мұңдымын...

Білмейді, бәлкім, ғылым да...
Жетпейді оған шырын да...
Күнәсіз мынау Дүние –
Жалғыз-ақ менің жырымда!..

 

Шеңберден шығу
Адам – қоғамның емес,
Құдайдың баласы...
Кезі жоқ шаттанбаған, күрсінбеген,
Мен деген Жүрекпін ғой дүрсілдеген!..
Көңілімнің көшесін сүйген
Жанға,
Жүректің ойып тұрып бұрышын берем!..

Бұлақтай қосыла ағар күлкіңменен,
Мен деген Бүйрекпін ғой бүлкілдеген!..
Өзін-өзі тыңдауға мұршасы жоқ,
Өмір өтіп барады күңкілменен!..

Көгімде қазым ұшып, қаңқылдаған,
Мен деген Бауырмын ғой аңқылдаған!..
Сарайлардан – салтанат салқындаған –
Сыбағам бар менің де тартылмаған...

Соңымнан ақ сабын боп сабылдың ба, Ой!..
Мен-дағы сағындым ғой, сағындым ғой!..
Жас болсам – жалғыз түйір Жасыңмын ғой!
Қан болсам – жалғыз түйір Қаныңмын ғой!..

 

***

...Жүрегім соқпай қалды – Сені көріп!
Мен боп Өмір сол күні - тоқтай қалды.
Қамсыз жүрген жанымның елігі – Өліп!
Айналды да Аққуға – көкті айналды...

Шоққа ұсаған, білмеймін, Отқа ұсаған,
Дүние ме?
Дүр етті бір – ақ Аспан!
Көл іздеген көңілмен жетті саған
Мезгіл қандай – сендегі...
Сұрамастан...

Осы ма еді – мен сүйіп салатын Ән?!
Шыңыраудан шыққандай үні қалды...
Үсіп өлген аққудың Қанатынан
Бір Қауырсын – Жүрек боп...
Тұрып алды...

Содан таныс –
Тылсым да, Түстер мұңы.
Жоғалтардай мені олар шықты бағып.
Орынына жүрегім Түскен күні –
Бір өліп, тірілгенімді ұқтым анық...
 

***

..Жаз маған Ұна-май-ды!
Ұнаймын ба?..деп те Ол сұрамайды...
Есіме түсіреді...сонау Кезді -
қиялмен жақындатар жырақ Айды!

Жаныңды айтып жүрген...Сезім жатқа
қарайды кызығумен Көзім баққа...
Жаз - менің Сағыныштан өлер кезім!
Жол барда...жете алмайтын Өзің жаққа.

Ып-ыссы Ойдан құрып...
жатыр әлім.
Сап-салқын Күзді сүйем!
Ақырабын -
сәл ғана Үп...еткен Жел көтеріп ап,
ұшырар...дәрмені жоқ Жапырағын.

 

***

...айтпа - оларға.
Айтпа енді - Сырыңды.
Көрсетпе де - мұң торлаған Жүзіңді.
Сайтан болып кеткендігін білмейді -
Сағыныштың жендеттері бүгінгі...


Келісейік.
Сен де мендей үндеме.
Біздер жоқта бақ та қонар - бүргеге.
Көр де тұр!
Жасайды әлі балшықтан
қол,аяғы қыбырлаған - бірдеңе.


- Ми ма?..десе:
- мишық...дей сал, басыңда.
Оны да олар түсінбейді, расында.
Сен - Махаббат,
мен - Сағыныш екеуін
жеткізейік сөйтіп анау Ғасырға...

 

***

...ақ қаланы қап - қара Бұлт қамады.
Шер ме? Мұң ба - бұл Бұлттың ұрттағаны?
Жанға батып - жаманның оттағаны!
Жанға батып - жақсының сырттағаны...

Қап - қара Бұлт құшақтап Ақтөбені!
Таңдайына тұнығын сап көреді.
Түңілмеңдер! Түнерсе - бауырына ап,
өз Жүрегін ол өзі шақ келеді...

Болса - айтар еді әлгі Ауа тілі :
- осы ғой,деп,жаныңа Дауа түбі!..
...Қасиет пе,дүние,Қасірет пе -
қара бұлттар Әппақ боп жауатыны?!.

Жерге жетер - сері ақын,сал ақыны.
Жоқтайды жоғалтқанын Дала түбі!..
...Қасірет пе,дүние,Қасиет пе?!
Әппақ бұлттар - Аспанда қалатыны...


...жинаймын деп бір нәзік желең - Айдан,
өледі - жауып Бұлттар. Өледі - ойдан.
...ал,сендер,құдайым - ау,сұрайсыңдар :
- келеді Өлең қайдан?
Өлең - қайдан...

Байланысты жаналықтар

Ақын Жанар Әбсадықтың өлеңдері

16.10.2024

Ақын Ақұштап Бақтыгереева өлеңдері

07.10.2024

Ақын Жадыра Дәрібаева өлеңдері

29.09.2024
MalimBlocks
Ақын Жанар Әбсадықтың өлеңдері

Жанар Әбсадық 1981 жылы 12 қаңтарда Қызылорда облысы, Шиелі ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің журналистика факультетінің 1998-2002 жылғы түлегі. Бірнеше жыр мүшәйраларының жүлделі жеңімпазы. Өлеңдері республикалық басылымдарда жарияланып тұрады. Бір топ өлеңдері «Жас толқын» жас ақындар антологиясында жарық көрген.

Ақын Ақұштап Бақтыгереева өлеңдері

Ақұштап Бақтыгереева – 1944 жылы 23 тамызда Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Ақжайықта туған. Танымал ақын. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. «Алаш» Халықаралық әдеби сыйлығының және Мемлекеттік сыйлықтың иегері.

Ақын Жадыра Дәрібаева өлеңдері

Жадыра Дәрібаева 1948 жылы 4 қыркүйекте Қызылорда облысында дүниеге келген. Ақын, бірнеше жыр жинағының авторы. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.