Ақын Дәулетжан Махмұт өлеңдері

Дәулетжан махмұт - 1982 жылы Қытайдың Іле аймағы Нылқы ауданында дүниеге келген. Кинорежиссер. "Глобус" атты көркемфильмнің авторы. Өлең, әңгімелері республикалық басылымдарда жарияланып тұрады.

Malim Админ

  • 16.11.2024

ЖАҢБЫРЛЫ ТҮН

Түнгі жаңбыр

Санамды тұтқындады,

Терезеден далаға ұзақ қарап

Жанымды сағыныш сыздатты.

Үнсіз, қияли ойларым

Тоқтап қалғыды

Түнгі жаңбырдың мұңлы әуеніне!

Жаңбырлы түн

Шарапханадан жалғыз қайтқаным есімде,

Ескі, бұлыңғыр көше

Күңгірт көше шамдары

Ескі үйлер

Сұры бояулар

Жапырақсыз кәрі ағаштар

Ескі көліктер ғана жүретін көше.

Жаңбырлы түн!

Екеуміз таудан түсіп келе жатқанымыз есімде,

Ауа аңқыған хош иске тұншыққан

Бізде сиқырға мас едік,

Екеуміз.

Жапырақтай, көбелектің қанатындай

Дірілдеп жанымыз,

Тәніміз...

Жаңбырдың дыбысы сияқты әуен

Жүректің қылын шертіп

Жаңбырлы түннің қоңыр бояуы

Елітіп алып бара жатқанда

Жаңбырлы түні

Жаңбырлы түндерді еске алып

Сағынып отырмын

Жалғыз...

 

ҮНСІЗДІК

Сен үнсізсің

Мен де үнсізбін

Үнсіздік...

Екеуміздің достығымыз

Кофе мен морс сияқты

Күншілдік.

- сен қышқылсың!

- сен мысқылсың!

жә, жарайды, айтыспайық

үнсіздік.

Үнсіздікке ғашық болу

Тәтті мұң...

Үнсіз жауған қар сияқты тап-таза

Үнсіз ғана отырасың ойланып.

 

СЕНІ САҒЫНЫП ҚАЛЫППЫН

Қар,

Сені сағынып қалдым

Ұлпа, аппақ...

Нәп-нәзік

Жолдарды бір сәт бүркеші

Жапалақтап жаусаң ғой

Бейберекет...

Жалпақ жалған іздер

Жасырылсыншы,

Шындық та қымтансын

Аппақ, тап-таза құшағыңа.

Ұяттан ирліп кірерге ін таппаған

Жолдар,

Көшелер,

Бетін бүркесін,

Ақ ұлпаңмен

Қар жаушы

Қарғаның ізі көрінер

Қарға тұяқ

Қар жаушы

Тым болмағанда...

Жолымнан адасып кетейін

Адасып жүріп,

Ұят туралы ойланар едім.

 

СИҚЫРЛЫ ҚАБЫРҒАЛАР

Менің

Сиқырлы қабырғаларым

Қозғалып тұратын

Жоғалып кетті...!

Қалықтап ұшып жүрмін деп ойлағам

Мен ұшпаппын

Мүлде қозғалмаппын

Қабырғалар ұшып жүріпті!...

Аспанға телміріп,

Құс жолына дейін қарадым

Аспаннан не іздеп тұрғанымды ұмытып

Жұлдыз санап кетіппін,

Ертегі тыңдап отырған бала сияқты

Алданып тұрмын ба?

Бүкіл қала қалықтап ұшып жүріпті

Мен қалықтап ұшпаппын...

Сиқырлы қабырғалар

Мұз жарқышақтары сияқты

Аржағы көрініп тұрады

Шексіз қабырғалар...

Бір-біріне қосылып кетпейді...

Сиқырлы қабырғалар

Ауа сияқты

Қалықтап төбем көкке жеткендей болған,

Көктің қай жақта екенін білмеппін...

Сиқырлы қабырғалар

Су сияқты

Бояуының пішіні үнемі құбылып тұрады

Бір-біріне ұқсамайды

Балықша еркін жүзіп жүр едім,

Жүзбеппін

Мұз болып қатып қалыппын

Қабырғалар жүзіпті...

Сиқырлы қабырғалар

Табыт сияқты

Есігі де, терезесі де жоқ

Иненің көзіндей саңлауда жоқ

Топырақ сауламасын деді ме екен?!

Қабырғаларым бірігіп кетіпті

Өліп қалған екем ғой

Сиқырлы қабырғаларды

Аспаннан іздеп жүргенде

Қара түске боялған қабырғалар

Қозғалмайды

Менде сұлық жатырмын...

Қабырғалар түсініксіз тілде сөйлесіп тұр...

 

ЕСКІ ҮЙДІ САҒЫНУ

Қардың иісін сезгендей,

Сағыныш

Ұзаққа созылып кетті.

Тыныш даладан

Бір әуен естідім

Бала кезімде құлағыма сақталып қалған...

Бұрқырап демім

Көңілім алып ұшып

Ескі үйге асықтым.

Жаңбыр мен күн тоздырып

Жарылып, тозған

Ағаш есікті айқара ашып

Бақыт құсы қонақтаған

Жып-жылы үйге кіріп...

Ұзақ ұйқтасам

Өлең жазуды қоятын шығармын?!

 

СҰРАҚ

Мені қоршап трған түн,

Түпсіз қап-қараңғы

Жұмбақтар...

Көп сұрақтарға толы қараңғылық,

Жеңе алмайтын жаным үшін

Қараңғыда көзімді жұмып

Құдай туралы ойладым.

Қараңғы түнде

Өз көлеңкемді көрдім

Мен оған үңілдім,

Анықтап тану үшін.

Олда маған үңілді

Танып алу үшін.

Қашып кеткім келді

Ол мені қуатынына сендім.

Қапаста қамалған екі құс сияқты болдық

Еріксіз бетпе-бет келдік,

Сұрақтардың жауабын білсекте

Жауап беруге,

Екеуміздіңде ұятымыз...

Жоқ.

Батылымыз жетпеді.

Бұл ашу мен қайғының

Көзжас пен махаббаттың

Сұрақтары емес,

Мен өз жанымның сұрақшысымын ба?!

Өз тағдырымның иесімін бе?!

Көзімді ашпаяқ қояйын...

Қараңғылықта қалықтап тұрайын

Тыныштық әлемінде,

Бір сәтке болсада...

 

КҮЗДІҢ ТҮНІ

Ағаштар қалғып тұрғанда,

Құстар да сезбеді

Жел ұрлап жатты жапырақтарды,

Үп етіп, жұмсақ сипап

Жаңа маххаббат...

Елесі кезіп жүргендей

Бір әуен...

Сыбдыр, сылдыр...

Жеп-жеңіл қалықтап

Ауада биледі

Құлап бара жатқан жапырақтар.

Тып-тыныш түн

Өлі көбелектің қанатының тозаңы

Бәрін дуалап тастаған сияқты

Уақыт тоқтап қалғандай

Бейғам тыныштық...

Әлем өртеніп жатсада

Оянбайтындай...

Көздері байланып қалған мастық

Соңғы қимастық,

Соңғы би,

Соңғы жаңа махаббат...

Жапырақтар қалықтап құлап барады

Бойжазып

Өз-өзін алақанына салып аялап

Үгіліп кетпесін дейтін сияқты

Тыныш түнде

Демін шығармай тынып қалған.

MalimBlocks
Дәулетжан МАХМҰТ. Әйнексіз көзілдірік

Психологиялық әңгіме