Дәулетжан МАХМҰТ. Әйнексіз көзілдірік
Психологиялық әңгіме
Ол өзіне-өзі қанжар сұғып жүр. Денесінде сау жері қалмаған, өткен өмірін көрген түстей елестетіп көрседе тыныштала алмады ...
Терезелеріне қара перде тартып, тұмшаланып алып, жалғыз өзі үш күн бойы үйден шықпағаны. Үшінші күні таң атысымен отырған орнынан тұрды да, қараңғылық құрсаулаған бөлмелерді кезіп жалғыз өзі сенделіп жүрді. Қолына қара түсті көзілдірік ұстап алған. Басынан аяғына дейін қара түсті киім киінген. Бір кезде телефон шырылдады:
– Алло? Жоқ.... Кімсің сен?...
Ол телефонды лақтыра салды да есікке беттеді. Құлпылаулы тұрған есікті ашып жатып сәл ойланып тұрып қалды. Езуін тартып жымиып күлгендей болды да, есікті ашып сыртқа шықты. Күннің жарқыраған саулесіне жасыған көзін жұмып тағы езу тартты, қара көзілдірігін киді де кетіп бара жатты. Қараңғы үйде, еденде құлап жатқан телефон қайта-қайта шырылдаған күйі қала берді...
Көп қабатты үйлердің бірінің жер төлесіне түсіп бара жатқан ол көзілдірігін әлі шешкен жоқ. Баспалдақты санап басып баяу астыға түсіп, жабық тұрған темір есікке тірелді. Есік түбінде тұрып тағы езу тартып күлгендей боды. Сұқ саусағындағы сары түсті үлкен жүзігімен темір есікті тақылдатып қақты. Іштен сылдырлап кілттің дауысы естілді де, құлпы сыртылдап ашыла бастады, есік ашылып, іштен аршын төсті, аққу мойынды, сұңғақ бойлы қыз ылтипат көрсетіп, суық жымиып қарсы алды.
– Телефон шалған сендер ма?
– Солай болуы мүмкін.
Ол үнсіз тұрып қалды, қыз алақан жайып ұзын дәлізді нұсқады. Екеуі дәлізді бойлап кетіп бара жатты, әлсіз жанып тұрған аспа шамдар, дәлізді бұлдыр көлеңкемен бояп тұр. Мүлгіген тыныштықты қыз өкшесінің тықылы ғана бұзып тұрғандай. Дәліз қабырғаларында түсініксіз суреттер, бір қарағанда шимайға ұқсайды. Түрлі түсті бояулармен шимайланған сызықтар арасынан адамдардың сұлбасыда байқалады.... Бұл дәлізбен жүргендердің ешбірі осы суреттерге тоқталып көз салмаған, қарауға уақыттары болмайтын, олар бұрылыстағы екінші дәлізге жетуге асығатын еді.
Ол қыздың бастауымен екінші дәлізге бұрылып кетті. Бұл дәлізде аспа шамдардың әлсіз жарығымен бұлдырап боялып тұр. Қабырғалар қоңыр және қара жолақтармен боялған. Еден сары және жасыл жолақтармен боялған. Екеуі ұзын дәлізбен кетіп барады. Олар ұзаған сайын бұлдыр көлеңкеге айналып кетті. Бір кезде мылтықтың тарс еткен дыбысы естілді де қыз еденге құлады, қызыл қан еденде баяу ағып жайылып бара жатты.
Ол дәліз үш жаққа тармақталған тұсына жетіп тұрып қалды. Қолындағы сағатына қарап сәл ойланды да, сағат тағынған қолы жақ бағытқа бұрылды. Алдында үлкен есік, аспа шамдар жарқырап жарық саулесін шашып тұр, есіктің екі жағында еңгезердей денелі екі қарауыл еркек оны күтіп алып, қолын артына қайырып, желкесінен басып жерге тұқыртты. Ол қолындағы жүзікті көрсетіп еді, екі қарауыл оны босатып, көзіндегі көзілдірігін шешіп алды да әйнектерін алып тастап, әйнексіз көзілдірігін қайта кигізіп, есікті ашып ішке кіргізді. Іште әйнексіз көзілдірік киген арық денелі, елу жастар шамасындағы әйел адам байқалып қалды, есік жабылды, іште не болып жатқаны, олардың не туралы сөйлескенін ешкім білмеді. Екі қарауыл жігіт бірінің құлағына бірі сыбырлап сөйлесіп тұрды, олардыңда не туралы сөйлескенін ешкім білмейді. Есік ашылып ол сыртқа шығып, жалғыз өзі дәлізді бойлап келеді. Дәліздің аспа шамдары өшірілген, қап-қараңғы, тек қыздың өкшесінің дыбысы ғана естіледі. Соңғы дәлізді бойлап келеді. Аспа шамдар өшірілген, қою қараңғылық, қыздың өкшесінің дыбысы ғана естіледі. Кілттің сылдыры естіліп, сыртылдап құлпы ашылды. Есік ашылып, сырттағы жарық қараңғы дәліздің ішіне сығалады. Есікті ашқан қыз оны алғашқы күтіп алған қыз екені анық байқалады...
Ол жертөленің баспалдағынан баяу көтеріліп шығып келеді. Көзіне әйнексіз көзілдірігін киіп алған. Қала көшелерін бойлап жалғыз өзі келе жатыр, көшедегі адамдардың барлығы оған қарап бақылап жүрген сияқты, біреу оған бетпе-бет келіп көзіне тіке қарады. Ол ешкімге тіке қарай алмады, көзінде ешқандайда сезіну, қобалжу, қайғыру, қуану сияқты құбылыс байқалмайды. Қатты жүгіре жөнелді, көзін ашудан қорықты, көзін қатты жұмып алған...
Түннің жарымы, аспанды қара бұлт торлаған, күздің желі азынап соғып тұр, ағаш жапыпақтары көлбеңдеп алыс ұшып, бейберекет шашылып құлап жатыр. Ол терезелерге қара перде тартып еденде шалқасынан түсіп жатыр, әйнексіз көзілдірігін шешпеген, саусағындағы сары түсті жүзік көрінбейді. Білегіндегі сағаты да жоқ. Орнынан тұрды да пердені сырып, терезені айқара ашып сыртқа қарады. Соғып тұрған жел қара пердені көлбеңдете ұшырып үй ішіне ентеледі. Аспанға қарап еді, аспанды қаптаған қара бұлттардың жыртығының арасынан жарты ай көрінді...