Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі әнші Медеу Арынбаев отбасылық өмірі жайлы ашық әңгіме айтып, көпшілікке беймәлім жайттарды бөлісті, деп хабарлайды Malim.kz.
Өнер иесі "Таңшолпан" бағдарламасында қонақ болып, жеке өміріне қатысты жиі қойылатын сұрақтарға жауап берген. Оның айтуынша, жұртшылық арасында "қашан үйленесіз?" деген сауал жиі қойылады.
Әнші кейде мұндай сұрақтарға әзілмен жауап беретінін де жасырмады.
"Кейде әуежайда, кафеде немесе көшеде апаларымыз кездесіп, "қашан үйленесің?" деп сұрайды. Сондайда "мен үйлендім ғой, екі рет үйленіп, екі рет ажырастым" деп қалжыңдаймын. Олар "солай ма?" деп таң қалып жатады", – деді ол.
Сонымен қатар Медеу Арынбаев бұл тақырыпта шынайы пікірін де білдірді. Оның сөзінше, үйлену мәселесінде бір емес, екі рет әрекет болғанымен, ол жүзеге аспаған.
Медеу Арынбаев – қазақ эстрадасында өзіндік орны бар әнші әрі композитор. Ол 1967 жылы 5 наурызда Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы, Дарбаза кентінде дүниеге келген. Өнерге ерте жастан қызығып, кәсіби білім алуға ұмтылған. 1990 жылы Ташкент қаласындағы эстрадалық студияны тәмамдады. Кейін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің музыкалық-педагогика факультетінде білім алды. 1992 жылы "Жас қанат" республикалық байқауына қатысып, жүлделі екінші орынды иеленді. Бұл оның өнер жолындағы алғашқы үлкен жетістіктерінің бірі болды.
1995-1997 жылдары "Гүлдер" ансамблінің солисі ретінде өнер көрсетті. 1997 жылы "АБК" тобының құрамында әнші әрі жетекші болды. Бұл топ арқылы ол кең танымалдыққа ие болды. Кейін жеке шығармашылыққа бет бұрып, тыңдармандарына жаңа әндер ұсынды. Медеу Арынбаев тек орындаушы ғана емес, өзі де ән жазатын талантты композитор. Оның "Өмір өзен", "Туған жердей жер болмас" сияқты әндері халық арасында кеңінен тараған.
Өнердегі жетістіктері халықаралық деңгейде де бағаланды. 1993 жылы Молдовада өткен "Мелодия прута" байқауында бас жүлдені жеңіп алды. Сонымен қатар "Азия дауысы" байқауының дипломанты атанды. Түркияда өткен халықаралық конкурста да лауреат болды. Бұл жетістіктер оның кәсіби деңгейін дәлелдей түсті.
Жеке өмірінде де ол әке ретінде үлкен жауапкершілік арқалап отыр. Жұбайы қайтыс болғаннан кейін ұлы Дәулет пен қызы Даянаны тәрбиелеп келеді. Өнер мен отбасыны қатар алып жүрген тұлға ретінде көпшілікке үлгі. Оның еңбегі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланған. 2002 жылы "Алтын адам" ұлттық сыйлығын иеленді. 2003 жылы "Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері" атағына ие болды. 2015 жылы "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағы берілді. Сонымен қатар мәдениет пен өнер саласындағы мемлекеттік стипендияның иегері атанды.