Ақын Серік Боқан дүниеден өтті
Секеңнің өлеңдері тосыннан құйылатын жолдарымен қуатты, шынайы болатын. «Дүниеге шарап болып жұтылып, Құлап қалған бөтелкедей бос қалдық» деп жырлаған еді сонау 2000 жылдары жазған бір жырында. «Тереземде тұрған жалғыз гүл едің, Мені өлді деп шығып кеттің, тірі едім...» деп екі айырылысқан ғашығына арзу хат жазған-тын. «Көктемнің келуі – бір үлкен оқиға» дейді тағы бір өлеңінде. Ол үшін әр сәт оқиға, әр күні оқиғалар тізбегімен өтетін.
Ақын досымыз Серік Боқан мәңгілік сапарға аттаныпты. Мына өмірде ешбір ереже мен тиымға бағынуға БОЛМЫСЫ сай келмейтін жандар болады. Секең, Серік Боқан сондай жан еді. Ол бұл өмірдің қулық-сұмдығын үйрене алмай-ақ қойды. Басын тауға да, тасқа да ұрды. Ақыры, діннен марқадам тапты... бәлкім, таппады. Өзін көп іздеді. Өзін сыйлайтын ортаны көп іздеді. Жолы болмады. Үнемі тығырыққа тіреле берді. Шынымен, тап-таза еді. Тез жараланғыш еді. Онысын білдірмейтін. Өзін дәлелдегісі келетін. Дәлелдей алмады. Мына қоғамда ондай бөлек мінез, өзге жаратылыс иесіне орын жоқ еді. Өзі де төгіліп: «Баяғы сол жылдар недеген ізгі едің?!» дегеніндей, ол тек Балалық Шағында ғана бақытты болған шығар.
Секеңнің өлеңдері тосыннан құйылатын жолдарымен қуатты, шынайы болатын. «Дүниеге шарап болып жұтылып, Құлап қалған бөтелкедей бос қалдық» деп жырлаған еді сонау 2000 жылдары жазған бір жырында. «Тереземде тұрған жалғыз гүл едің, Мені өлді деп шығып кеттің, тірі едім...» деп екі айырылысқан ғашығына арзу хат жазған-тын. «Көктемнің келуі – бір үлкен оқиға» дейді тағы бір өлеңінде. Ол үшін әр сәт оқиға, әр күні оқиғалар тізбегімен өтетін.
Дінге кеткен соң, жыр жазбады... бәлкім, жазды. Көп өлеңі өзімен бірге кетті ме деймін. Іздестіру керек. Баспа бетін көрмеген жырларын жатқа оқушы еді. Табылар. Өзегін жарып туған жырларынан басқа көңілге медеу болар не бар?! Қош бол, Секе!
Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ.
Оқырман назарына ақын Серік Боқанның өлеңдерін ұсынып отырмыз. Отбасына, туыс-туғандарына қайғыра көңіл айтамыз.
ОТАРЛЫҚТЫҢ СОҢҒЫ ЖАСЫ
Көктемсіз гүлдедім...
Баяғы сол жылдар не деген ізгі едің.
Бір ұлттың тоналған тағдыры,
Саған бір көктемді іздедім...
Теңіз мұң толқыған көмейге,
Жанымнан үзілген дәтімді жерледім.
Ақ таңның қаралы тамағы,
Зарлы бір музыка төбемде ағады...
Теңізді түбінен қотарып,
Шапшыған толқындар жағаны соғады.
Дауылдан оянған толқындар,
Басылған жоқ әлі...
Сүйемін жарық күн,
Теңдікті сенен мен жаңа ұқтым...
Бостандық іздеп кеп қапасқа түсесің,
Іш тартып ұқтырды тамұқ түн...
Еркіндік аңсаған дауылға, теңізге,
Маған да шуақ шаш алып Күн!!!
Ол нені толғайды?
Ішімде бір әуен ботадай боздайды!..
Шарадай әлемді шанаққа құйып-ап,
Уақыт күңіреніп қобызын қозғайды.
Ең азғын Режиссерлар
Тарихи азалы драма сомдайды...
Тапталып табанға,
Шаңырақ шағылып теңселді панамда.
Сәулелер жоғалған сақтардың қанында,
Қымбатын жоғалтқан осы бір заманда,
Кеудесін оқ тескен сарбаздар,
Бұлдырап барады санамда!..
Өкініш... тілектер...
Тоқтауда үлкен бір жүректер...
Қолдары байланған қор болған арулар,
Тілдері байланған айдалды жігіттер...
Жерленіп сәулелі тірілер,
Тік басып барады өліктер...
Шошып ояндым түсімнен,
Анасын ұлы тұр көр қазып түсірген!!!...
ТАБЫТТЫ жасауда алтын мен темірден,
Кебінді тігуде үлкейген, кішірген.
Бір ХАЛЫҚ осылай тозғындап,
У толы кеселер ішілген!..
ТІЛ ТУРАЛЫ ЖЫР
Ойлары өлең боп сөгілген,
Əр сөздің салмағы сезімге көмілген.
Халықтың ғасырлық мұң-зары,
Ақынның жанынан төгілген.
Анамның тілінің қатпары тағылым,
Бұлбұлға сайратқан мейірім мен Тəңірім,
Əн болып самғаған байырғы тіліммен,
Алаштың рухын таныдым.
Аузынан сұңқылдап жыр ұшқан,
Ақынның рухы аспанмен туысқан.
Абайдың жырымен сыр болып оянған,
Алаштың жұлдызы туады Шығыстан.
Ай маңдай ұлдары алаш деп туылған,
Ұлт десе тік тұрып жүрегін суырған.
Күн күйіп аспанда, шайқалып қара жер,
Зұлымның қолымен келмеске қуылған.
Тұнжырап ішінде жататын мың тұнық,
Күрмелген тілімнен жүрекке мұң тұнып.
Үйірден адасқан халықтың бір əні,
Ауаны түртініп, кеңістікке ұмтылып...
Шыға алмай əуені, қожырап ырғағы,
Ойлардың салмағын ырғады.
Найзағай тілінен жарқ етіп оянып,
Өшкіндеп баратты суреттей судағы...
Шаршаған сол əуен дəрменсіз ұшуға,
Алады мың түрлі рухты қысымға.
Тек қана бұл емес біздегі өкініш.
Соңғы сөз жоғалды тілімнің ұшында...
БОСТАНДЫҚ ЖӘНЕ КӨКТЕМ
Нілі бар таңдайда кеппеген,
Сəулелер көгінде дəн болып көктеген.
Көктемнің келуі бір үлкен оқиға,
Құстардың қайтуы...
Арман ғой жетпеген.
Ізгілік өзекті жалғаған,
Жазу боп аспанға самғаған.
Құланиектен бостандық əкелген,
Құлап барады күн шары...
Таңқалам!
Тұтқындар барлығын уақыт,
Адамзат сəби ғой, жыласа уатып...
Көктесе бір тал дəн – құлайды бір емен,
Уақыт барады бұлттарын шұбатып.
Ақиқат байланған сенімге,
Бір сəуле келмейді екі рет сөнуге.
Өмірдің ақыры тас түнек,
Жарықты қуалап қараңғы желуде.
Бір музыкант тұтқында,
Жүрегі дір етер жылт еткен ұшқынға.
Бір жұлдыз ақса егер қапасты қақ тіліп,
Бір сəуле оянар көзімнің ұшында.
Адамзат ержетті кешегі,
Оларды өсірген Құдайдың төсегі.
Жер деген алып бір клетка қозғалып,
Көк теңіз толқыған ғарышты кешеді.
Адам сезіміндегі белгісіз заңды ұққан,
Ақиқаттағы парасат майданын жаңғыртқан.
Бостандық ядросы ақын қиялымен жырланып,
Адам жүрегіндегі зарды ұқққан.
Қанатын жайған,
Ақ үрпек еркіндіктерім қайран.
Асқазанның шыңырауынан ұшып өледі,
Топшысы жартасқа соғылып қан-қан.
Өктемдік қалай орнаса,
Солай күйрейді мезгілмен қолдаса.
Кеуделер түрмеге, жүректер зынданға айналар,
Бостандық сəулесі маңдайға қонбаса.
Көктемге кеткендей тіл шығып,
Жыр болып көктейді тіршілік.
Қайран адам-ай, сенде жоқ бостандық,
Саған ғибрат – бүрлеген бір шыбық...
УАҚЫТТЫ ЖОҒАЛТУ
Мезгілдің күйінен,
Екінті, бейуақыт белдері иілген.
Шаншылған қияқ Ай жұлдызға дұға оқып,
Жүгінген таулар тұр жүлгеге сүйенген.
Талықсып жеткенде азанның дауысы,
Тап-таза сезімді егіліп кием мен!
Күбірлер ішінде,
Жан тербер дұғалар аспанға көшуде,
Тоқылған үміттер түйсіктің тілімен,
Күдіктің күйімен толқиды түсімде...
Панасыз шындықтар сенделіп,
Жалғыз тал шырақтай әлсірей өшуде...
Күңгірттеп сол шырақ,
Ойға батырар жалғыз үй ішінде тұнжырап.
Арманшыл жылдар тұр кемсеңдеп,
Жанымды құшақтап жыладым сәждеде тым ұзақ.
Өлеңдей өрілген ішкі бір күйімнің шегін
Тамсанам тәтті бір сезімді үзіп ап!
Басылмас ішкі мұң,
Бір сәуле әкелер бостандық ұшқынын.
Көмей теңізінің толқынын тулатып,
Зымырап барады жастығым.
Жалған музыкаға жан үшін билеген...
Ей, өмір мен де бір тұтқының!..
Өгейлік өксігі күзгі шақ,
Менімен мұңдасар мұңлы бақ.
Көңілдің әйнегін сындырып,
Өмір ғой жазылам жырымды сызып ап.
Сүт сәуле тамшылап... алыстан
Жұлдыздар барады зымырап.
Қаншама зар ақты?
Біз – тұтқын, өмір бұл – абақты...
Қаштық біз қаншама жалғыздық ішінен,
Маңдайдан оқып ап, ащы бір сабақты.
Жалғыз үй ішінен іздедім нелерді,
Әлде мен жоғалттым көнетоз сағатты!..