Серік Боқан Бекболат Тілеуханнан кешірім сұрады
Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханның қарғысына қалған Серік Боқан депутаттан кешірім сұрады.
«Аса қадірлі Бекболат-аға! Жаздым, жаңылдым! Мен байғұсты құдай ұрып қалды. Кешіре көрші, Бек-аға! Қиналған кезде бәріміз өзіңді пана тұтып, алдыңа баратын ек. Бетімізді қайтарған кезің аз. Сіздің арқаңызда қажыға бардым. Қаржылай көмек беріп бақтыңыздар. Мен білмеппін, Қытай мен Өзбекстаннан, Мұңғұлиядан бас-аяғы 185 отбасын әкелгеніңізді. Осы коронавирустың кезінде 23 миллион теңгеге халыққа жәрдем етіпсіздер. Мұсылман болған соң рия қылып, жария етпепсіздер. Кейін білдім.
Мені шайтан түртті. Күйсеңіз күйгендей-ақ екен. Теріс батаңызды қайтып алыңыз, Аға!!! Ұйқым бұзылып, жаным қинала бастады. Қиянатымды кешіріп, іні қалпымда жаныңыздан аластамаңызшы! Алдына келсе, атасының құнын кешетін тектінің тұяғы едіңіз ғой! Мен жаңылдым. Сіз кешіре көріңіз! Сәлеммен Серік Боқан бауырыңыз», - деп жазды журналист Facebook-тегі парақшасына.
Бекболат Тілеухан болса, Facebook-тегі парақшасына: «Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ. Ініде ізет, ағада айбын болмаса, елден берекет қашпай ма? Серік бауырым кешірім сұрады. Мен наламды қайтарып алдым. Алла Алашты алауыздықтан, ағайынды араздықтан сақтасын! Әңгіменің нүктесі – осы!», - деп жазба қалдырды.
Естеріңізде болса әлеуметтік желіде белгілі әнші, Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханның Серік деген азаматқа қарғыс айтқан аудиосы тараған еді. Осыған байланысты белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы пікір айтқан болатын.
«Менен кейбір кісілер қарғыс айтудың діндегі үкімін сұрап жатыр. Мұсылман баласына кешірімді болып, өзіне жаманшылық жасаған, ренжіткен адамдар үшін Алладан жақсылық тілеген жарасады. Бұл ең әуелі кісінің жүрегін кектен, ыза мен дұшпандықтан сақтайды. Сені ренжіткен адамға деген жүрегіңдегі дұшпандықты басқа емес, сол адамға арнайы жасаған ізгі тілегің ғана жуып тазалайды. Көкірекке кек байлатпайды. Мен мұны өз басым жиі қолданамын. Екіншіден шынайы жанашырлық. Абайдың “Адамды сүй, Алланың хикметін сез” деген пәлсапсы бізді осыған тәрбиелейді. Уағызды не үшін айтамыз? Адамдарды екі дүниеде де жаманшылыққа ұшырамаса екен деген жанашырлықпен айтамыз. Ендеше қарғыс, осы ниетімізге керағар әрекет.
Бірақ өмірде неше түрлі жағдай болады. Түрлі зұлымдыққа ұшыраған кісінің қатты жаны қысылғанда ауызынан ерікті-еріксіз қарғыс сөз шығуы да мүмкін. Бірақ оны былайғы уақытта ренжіскен әр адамға қолдану дұрыс емес. Ары кетсе, Аллаға тапсырған абзал. Кейде ары мен намысын сақтап қалудың басқа жолы қалмағанда, нақақтан жала жапқан адамға барып “сенің айтқаның рас болса, Құдай мені төбемнен ұрсын, ал жалған болса сені ұрсын” деп бірге дұға етейік деп ұсыныс жасауға рұқсат. Мұны дінде “мұлағана” дейді. Көп жағдайда өзіне сенімсіз тарап бұдан бас тартып жатады. Бұл бірақ аса зәру жағдайда ғана жасалады...», - деген еді Қайрат Жолдыбайұлы.