Тура жолға түскен Тазабекке Жолдыбайұлы шарт қойды
Белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы фейсбук парақшасында айтыскер ақын, «Асыл арна» телеарнасының бас директоры Мұхамеджан Тазабектің Матруди ақидасына қайтқанын сүйіншілеп жазды. «Жаңа ақидаң құтты болсын, Мұхаммеджан бауырым!» деп сөз бастаған Қайрат Жолдыбайұлы Тазабектің мынандай сөзін келтіреді.
«Бұған дейін сәләфи жолындағы жігіттермен аралас-құралас болғаным рас. Матуриди ақидасына қатысты кейбір күмәнім болатын. Алайда, соңғы жылдары оның ең дұрыс сенім екеніне, ата-бабамыз ұстанған жол екеніне көзім жете бастады. Жүрегімдегі ең соңғы күмәндарымның сейіліп, Матуриди ақидасына толық бет бұруыма Наурызбай хазрет себепші болды. Ал таухидті ұстанамыз дейтін сәләфи жолындағы жігіттердің айтып жүргені таза секта екеніне көзім жетті» М. Тазабеков.
Қайрат Жолдыбайұлының айтуынша, Мұхамеджан Тазабектің жаңа ақидасына қатысты кей азаматтар «бұл да көзбояшылық, тақиялық тәсіл» деп күмәнмен қарап жатқандар бар екен. Бұндайда не істеуге болатынын айтып, күдікті кетірудің жолын айтқан Жолдыбайұлы Тазабекке шарт қойды.
«Айналаңдағы тығыз қарым-қатынаста жүрген сәлафи ақидасындағы адамдарды өзіңіз жиырма жылға жуық уақыттан кейін дұрыстығына әбден көз жеткізген Мәтуруди ақидасына қайтару үшін тер төгіп, аянбай еңбек етсең, бәрі өз қалпына келеді. Әсіресе, өзіңіздің неліктен мәтурудилікке қайтқаныңызды, сәлафилік ақидадағы өмірлік тарихыңызды айтсаңыз әсерлі болатындығында күмән жоқ. Бұған сіздің шешен тіліңіз де, ақыл-парасат, әдіс-тәсіліңіз де жетеді деп ойлаймын. Солардың бір-бірлеп мәтуруди ақидасына қайтқаны жайлы хабарды естіген сайын қазақ қоғамы қуанышқа бөленіп, өзіңе көл-көсір алғысын жаудырар еді. Оның үстіне адасқанды тура жолға салу үшін аянбай еңбек етуің ең әуелі бұл діни парызың.
"Таухидті ұстанамыз дейтін сәләфи жолындағы жігіттердің айтып жүргені таза секта" деп өзіңіз баға берген шатасқан ағайындарды жинап немесе бір-бірлеп арнайы ұмраға, қажылыққа апарайық. Қайрат Құрманбай, Ерсін Әміре, Еркінбек Шоқай, Бауыржан Әлиұлы сынды білімді азаматтарды бірге апарып, адасқандардың ақидасын өзгертейік. Осылай жасасаңыз ғана сөз бен іс үйлеседі де, қоғамда ешбір күмәнға орын қалмайды. Жұрт не десе де, шынайылық түбінде жеңіске жетеді.
Бұл ұсынысымды есіңізде болса, 2013 жылы Әзірет Сұлтан мешітіне келіп, "Қайреке, елге бірге қызмет жасайық" деген кезіңізде өзіңізге "шарт" ретінде де айтқан болатынмын», - деп жазды Қайрат Жолдыбайұлы.
Естеріңізде болса, Қазақстан мұсылмандар діни Басқармасының төл арнасы – «Халық арна» ашылып, Алматыда тұсауы кесілген болатын. Осыған байланысты «Асыл арнаның» бас директоры Мұхамеджан Тазабек фейсбук жазбасында өз телеарнасының жабылатынын айтып, оның орнына «Тәлім тв» арнасын ашатынын айтқан болатын.