Біржан салдың өлеңдері
Біржан Қожағұлұлы – 1834 жылы Ақмола облысы қазіргі Біржан сал ауданында туған. 1897 жылы қайтыс болған. Әйгілі ақын, әнші, сазгер. Ел аралап, өнер көрсетіп, сал атанған. Оның шығармалары өазақ ән өнерінің жауһары саналады.

* * *
Ер жігіт дүниені көргені артық,
Дүниеден не бар - жоғын сезгені артық.
Түскендей аспан жерге іс болса да,
Бел байлап, тәуекел деп төзгені артық.
Қол берген қиын жерде жолдас артық,
Бас тартқан жолдасынан болмас артық.
Өзіңмен бірдей жанып, бірдей күйген,
Досыңнан - қатын - балаң болмас артық.
Жігітке сайран етіп жүрген артық,
Жігіттік бір кеткен соң, келмес қайтып.
Дүниеде үйде жатып босқа өлгенше,
Жан - тәнің бірдей жанып күйген артық.
Осылай бозбалаға салдым ңұсқа,
Өмірің зайғы болар бекер босқа.
Көргенің бір күнгідей болмас сірә,
Міне, ажал келді нәубат деген тұста.
АҚСЕРКЕШ
Бір атты сатып міндім елу беске,
Болмайды, шапсаң - дағы қара кешке.
Бозбала, бекер сал боп неге керек,
Салып қал, шын сал болсаң, "Ақсеркешке".
Бәйгеден озып келген атты алайын,
Ер жігіт сынамай ма бақ - талайын?
Жиылып үлкен - кіші отырғанда,
Толқытып "Ақсеркешке" мен салайын.
Жем жейді қара арғымақ түрт дегенде,
Аяғын жекей басар қық дегенде.
Жерлерге үш айшылық болады азық,
Аузынан жан қалқаның үп дегенде.
АЛТЫН БАЛДАҚ
Қолыма алынғаным алтын балдақ,
Мен келдім Әкемкерді суға жалдап.
Құйрығын екі - екіден талдап өріп,
Қылмитып мініп шықтым қалқаға арнап.
Болғанда кешке жақын апақ - сапақ,
Алдымен шықты сәулем бейне шапақ.
Кигені қара камшат оқалаған,
Басында бір шоқ үкі бұлғалақтап,
Атымның шаужайынан ұстай алды,
Мен кеттім со қалқаны сөзбен алдап.
КӨЛБАЙ-ЖАНБАЙ
Аржақта отыратын Көлбай - Жанбай,
Шідерімді кім алды, Ләйлім алмай?
Балағы шідерімнің алтын еді.
Асығыстан барамын сұрай алмай.
Көлбай - Жанбай, тыңдашы, асыл тасым -
Біте қайнап, бірге өскен замандасым.
Көктен жел, жерден шайтан әкеткен жоқ,
Ұрлап алған өзіңнің қарындасың.
Сегіз би сиезіне бердім жөнге,
Шідерімді таң қалар көрген пенде.
Шідерімнің бағасын сұрасаңыз,
Бағасы болады оның жүз мың теңге,
Көлбай - Жанбай, дегенге, асыл сүйек,
Бір тәңірден мен жүрмін тілек тілеп,
Форымын шідерімнің сұрасаңыз,
Сап күмістен балағы, алтын тиек.
ОРЫНБОР
Жігітке жарамайды ызақорлық,
Дауысқа келмесе де, еттім зорлық.
Бозбала, басқа білсең, осы әнге бас,
Аңызым жаңа шыққан орынборлық.
Қолыма алып бердің, қу қарағай,
Не болды даусым саған сарғанамай.
Күлмеймін, ойнамаймын десем - дағы,
Барады өтіп дәурен бір қарамай.
Домбыра алдым қолға сегіз перне,
Қызығы бұл шіркіннің тартқан жерде.
Қолға алып әрлі - берлі тартқанымда,
Жаны жоқ кеудесінде адам дерге.
ЖАНБОТА
Жанбота, осы ме еді өлген жерім,
Көкшетау боқтығына көмген жерің?
Кісісін бір болыстың біреу сабап,
Бар ма еді статьяда көрген жерің?
Жанбота, өзің - болыс, әкең - Қарпық.
Ішінде сегіз болыс шенің артық.
Өзіңдей Азнабайдың поштабайы,
Қолымнан домбырамды алды тартып.
Тартса да, домбырамды бергенім жоқ,
Есерді поштабайдай көргенім жоқ.
Қамшымен топ ішінде ұрып еді,
Намыстан, уа, дариға, өлгенім жоқ.
БІРЖАН САЛ
Баласы Қожағұлдың Біржан салмын,
Адамға зияным жоқ жұрген жанмын.
Қасыңа мені сендер неге алмайсың,
Өзім сұңқар,өзім сал, кімге зармын.
Жасым бар жиырмада жасырмаймын,
Басымнан дұшпан сөзін асырмаймын.
Басымнан дұшпан сөзі асып кетсе,
Сен түгіл, патшаға да бас ұрмаймын.
ЖОНЫП АЛДЫ
Аты еді бұл әнімнің «жонып алды»
Алғандай сұлу жонып өрім талды.
Жасымнан сүйіп айтқан ән болған соң,
Жаңылмай әлі күнге есте қалды.
Жан едім, әсем әнді сүйіп айтқан,
Жағымды көпке бірдей, жұрт ұнатқан.
Келетін нақысына жүз құбылтып,
Кейде өрлеп, кейде шалқып, баяулатқан.
Кім сүймес көкке өрлеген әсем әнді,
Көңілдің күйін шерткен көркем-сәнді,
Болғандай бойға қуат, ойға азық,
Балқытып еріткендей тербеп жанды.