Бұқар жыраудың жырлары
Бұқар жырау Қалқаманұлы (1693–1787) – әйгілі жырау, Абылай ханның ақылшы-биі, абыз. Сол кездегі хандық биліктің бас идеологы болған. Жұрт оны «Көмекей әулие» деп атаған. Сөйлегенде үнемі қара сөзбен емес, көмекейі бүлкілдеп, түйдек-түйдек жырмен сөйлейтін болған. Көбіне-көп Абылай ханның өтінішімен, «сәуе айтшы» деген тілегімен түсінде көрген істерін болжап айтады екен, бұлары дәлме-дәл келіп отырған.
ЖАЛ, ҚҰЙРЫҒЫ ҚАБА ДЕП
Жал, құйрығы қаба деп
Жабыдан айғыр салмаңыз
Қалың малы арзан деп,
Жаман қатын алмаңыз.
Жабыдан айғыр салсаңыз,
Жауға мінер ат тумас.
Жаман қатын алсаңыз,
Топқа кірер ұл тумас,
Жаман қатын алғаның-
Төркініне бере алмай,
Төсегіне жата алмай,
Тең құрбысы келгені
Оңды жауап қата алмай,
Жалғанда қор болғаның.
Таудан асқан тас бұлақ ,
Қазса құйыр теңізге,
Қанша малы көп болса,
Бай қуанар егізге.
Жаманнан жақсы туса,
Жақсыдан жаман туса,
Тарпай қоймас негізге.
ТІЛЕК
Бірінші тілек тілеңіз:
Бір Аллаға жазбасқа.
Екінші тілек тілеңіз:
Ең шұғыл пасық залымның
Тіліне еріп азбасқа.
Үшінші тілек тілеңіз:
Үшкілсіз көйлек кимеске.
Төртінші тілек тілеңіз:
Төрде төсек тартып жатпасқа.
Бесінші тілек тілеңіз:
Бес уақытты бес намаз
Біреуі қаза қалмасқа.
Алтыншы тілек тілеңіз:
Алпыс басты ақ орда,
Ардақтаған аяулың.
Күнінде ертең біреуге
Тегіннен тегін олжа болмасқа.
Жетінші тілек тілеңіз:
Желкілдеген ту келіп,
Жер қайысқан қол келіп,
Сонан сасып тұрмасқа.
Сегізінші тілек тілеңіз:
Сегіз қиыр шар-тарап,
Жер тұлданып тұрмасқа.
Тоғызыншы тілек тілеңіз:
Төреңіз тақтан таймасқа,
Тоқсандағы қарт бабаң
Топқа жаяу бармасқа.
Оныншы тілек тілеңіз:
Он ай сені көтерген,
Омыртқасы үзілген,
Аязды күнде айналған,
Бұлтты күнде толғанған,
Тар құрсағын кеңейткен,
Тас емшегін жібіткен,
Анаң бір аңырап қалмасқа.
Он бірінші тілек тілеңіз:
Он бармағы қыналы,
Омырауы жұпарлы,
Иісі жұпар аңқыған,
Дауысы қудай саңқыған,
Назыменен күлдірген,
Құлқыменен сүйдірген,
Ардақтап жүрген бикешің
Жылай да жесір қалмасқа.
КӘРІЛІК ШІРКІН НЕ ҚЫЛМАС
Кәрілік шіркін не қылмас,
Аяғың қалар басылмай.
Қолыңа таяқ ұстатар,
Бүгілер белің жазылмай.
Келіндерің келгенде,
Аузың қалар ашылмай.
Уақыттың ісі қиын-ақ,
Кәрілік әбден жеткен соң,
Айтып-айтпай не керек,
Мезгіліміз жеткен соң.
Кеудедегі жалын-өрт
Су құйылып өшкен соң.
Жастық дәурен, жалын мәрт
Басымыздан көшкен соң.
Айтуға бәрін әлім жоқ,
Уақытым менің өткен соң.
Кәрілік шіркін не қылмас,
Мезгіліміз жеткен соң.
Қатты тағам шайнарға
Мен пақырда тіс бар ма?
Арыстан ем айбарлы,
Бұл күнде қауқар, күш бар ма?
Кәрілік шіркін не қылмас
Мезгіліміз жеткен соң.
АРТУ-АРТУ БЕЛ КЕЛСЕ
Арту-арту бел келсе,
Атан ерлер бүгіліп.
Алыстан қара, шаң көрсе,
Тұлпар шабар тігіліп.
Ел шетіне жау келсе,
Ерлер шығар түрініп.
Ел ішіне дау келсе,
Шешен сөйлер жүгініп.
Тентекпен ел бүлінсе,
Билер шешер жүгінтіп.
МІНГЕН АТЫҢ АРЫСА
Мінген атың арыса,
Көз көрім жер мұң болар.
Қара көзден нұр тайса,
Бір көруің зар болар.
Жаман сайға су түссе,
Өткел бермес өтуге.
Қайырымсызға мал бітсе,
Сусын бермес ешкімге.
Жаман болса алғаның,
Күнің қараң кешерде.
Қымбатты есіл бір басың
Еңкейіп кетер кеселге.
АЙНАЛАСЫН ЖЕР ТҰТҚАН
Айналасын жер тұтқан
Айды батпас демеңіз.
Айнала ішсе таусылмас
Көл суалмас демеңіз.
Құрсағы құшақ байлардан
Дәулет таймас демеңіз.
Жарлыны жарлы демеңіз:
Жарлы байға тең келіп,
Жайлауға жарыса көшпес демеңіз.
Жалғызды жалғыз демеңіз:
Жалғыз көпке теңеліп,
Бір жапанда соғысып,
Кегін алмас демеңіз.
Құландар ойнар қу тақыр
Қурай бітпес демеңіз.
Қурай бітпес құба жон
Құлан жортпас демеңіз.
Құрсағы жуан боз бие
Құлын салмас демеңіз.
Қулық туған құлаша
Құрсақтанбас демеңіз.
Қу таяқты кедейге
Дәулет бітпес демеңіз.
АЛТЫН, КҮМІС БАЙДА БАР
Алтын, күміс байда бар,
Сақтаған орап бүлдемен.
Құйрығы бітеу қойда бар,
Қысы, жазы борланған.
Жүйрік жарау атта бар,
Бәйгені жылда қоймаған.
Қиыла қарап жымиған,
Бұралған бикеш тағы бар,
Назына жаның тоймаған.
Өмірдің сырлы жағы бар,
Ойынды бөліп қоймаған.
Адамзаттың бағы бар,
Тірлігінде тойлаған.
Өлеңде менің хақым бар,
Қанағат қылмай ойлаған.
Ойланындар, жарандар,
Сөзіме бір толғанған.
Бұл күнімде орным тар,
Елім үшін тарманған.
Шөлде суға болдым зар,
Түтегім түтеп зарланғам.
Бұл тірліктен алдым зар,
Жаным түңіліп жалғаннан.
Ажалдан кім қалған бар,
Өтті күнім қарманған.
КЕРЕЙ ҚАЙДА БАРАСЫҢ?
Керей қайда барасың,
Сырдың бойын көбелеп?
Сен қашсаң да, мен қойман,
Арғымағым жебелеп.
Енді алдыңнан шығайын,
Жауған күндей себелеп.
Ақмырзамды өлтірдің,
Ақ сойылмен төпелеп.
Мен - арғын деген арыспын,
Азуы кере қарыспын,
Сен - бұзау терісі
шөншіксің,
Мен - өгіз терісі талыспын.
Абылай алдында сен бітсең,
Құдандалы таныспын.
Егер Абылай алдында бітпесең,
Атасын білмес алыспын:
Көшің кетер бір жаққа,
Малың кетер бір жаққа,
Көш соңынан жете алмай,
Есің шығар сол шақта.
Жар басына қамалып,
Жарты лашық тігерсің.
Ауызыңнан ас кетер,
Қара көзден жас кетер.
Бұ қылығың қоймасаң,
Сонау кеудедегі дулығадай бас кетер.
АЙ, АБЫЛАЙ, СЕН ОН БІР ЖАСЫҢДА
Ай, Абылай, сен он бір жасыңда
Тұрымтайдай ұл едің.
Он бес жасқа келгенде,
Арқада Әбілмәмбет төренің
Түйесін баққан құл едің .
Абылай атың жоқ еді,
Сабалақ атпен жүр едің.
Оны да көрген жерім бар,
Жаныс Қарабайбайдың қолында
Түнде туған ұл едің.
Жиырма беске келгенде,
Бақыт берді басыңа,
Тақыт берді астыңа:
Отыз жасқа келгенде,
Дүниеге кең едің:
Отыз беске келгенде,
Қара судың бетінде
Шайқалып аққан сең едің;
Қырық жасқа келгенде,
Алтын тонның жеңі едің;
Қырық беске келгенде,
Жақсы-жаман демедің;
Елу жасқа келгенде,
Үш жүздің баласының
Атының басын бір кезеңге тіредің;
Елу бес жасқа келгенде,
Жақсы болсаң толарсың,
Жаман болсаң маужырап барып соларсың;
Алпыс бес жасқа келгенде,
Әрбір атқа қонарсың;
Жұмсасаң бала тіл алмай,
Қатының қарсы шауып ұялмай,
Әрнешек күнің сол болар,
Еңкейтіп орақ орарға
Тоңқайып масақ терерге.
Жетпіс жасқа келгенде,
Жетпіс деген жел екен,
Шала ауырып пір екен.
Жетпіс бес жасқа келгенде,
Жылуы болмай қойныңның,
Қаруы болмай сойылыңның,
Өлмесең де жойылдың,
Әр атаққа қойылдың.
Сексен деген сор екен,
Шындап ұрған пері екен;
Сексен бес жасқа келгенде,
Екі қара көзді алар,
Ауыздағы сөзді алар,
Бойыңдағы әлді алар,
Бетіңдегі нұрды алар,
Бойыңдағы шырды алар,
Ауызыңдағы тісті алар,
Қолыңдағы істі алар,
Өлмегенде не қалар?
Тоқсан бес деген тор екен,
Дәйім жаның қор екен,
Қарғиын десең екі жағы ор екен;
Найза бойы жар екен,
Түсіп кетсең түбіне,
Түбі терең көл екен,
Ел қонбайтын шөл екен,
Келмейтұғын неме екен.
ҚАРА АРҒЫМАҚ АРЫСА
Қара арғымақ арыса,
Қарға адым жер мұң болар.
Есіл көзден нұр тайса,
Бір көруге зар болар.
Бетпақты сайға су түссе,
Атың арып келгенде
Өткел бермес кешерге.
Қайырсыз итке мал бітсе,
Аңқаң құрып келгенде
Саумал бермес ішерге.
Жаман болса алғаның,
Һәммәтлі туған есіл ер,
Киім тіксе ол қатын,
Жалғасы кетер көнтиіп,
Етегі кетер салпиып,
Үлгі болмас пішерге.
ҚАЗАҚТЫҢ ХАНЫ АБЫЛАЙ
Қазақтың ханы Абылай
Абылай ханым, бұл қалай?
Ақиықты аспанға
Ұшпастай ғып торлады.
Құлағанға ұқсайды
Қазақтың қамал қорғаны.
Қайғырмаңыз, ханзадам,
Айтпасыма болмады,
Батырың өтті Бөгенбай.
Қиядан қиқу төгілсе,
Аттың басын тартпаған,
Қисапсыз қол көрінсе,
Қорқып жаудан қайтпаған,
Қазақ деген халқынан
Батыр шыққан даңқынан,
Қарсыласқан асылдар
Қорғасындай балқыған,
Батырың өтті Бөгенбай.
Бұтақты мүйіз бұғысы
Саласындай жайылған,
Мылтық айтқан мергені
Киігін қойдай қайырған,
Құланы құлындай тулаған,
Түлкісі иттей шулаған,
Қыс қыстайтын жеріңді
Сол сықылды тау қылған,
Батырың өтті Бөгенбай.
Асу салған, тас бұзып,
Тарбағатай белінен,
Қол қондырған қос тігіп,
Борлы деген көліңнен,
Қалмақты шапқан шулатып
Ақшәуілің өрінен,
Қоныс қылған найманға
Бәрін қуып жерінен,
Батырың өтті Бөгембай.
Қара керей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,
Қаз дауысты Қазыбек.
Шашақ ұлы Жәнібек,
Ормандай көп Орта жүз.
Содан шыққан төрт терек,
Тұғыр болған сол еді,
Сіздей төре сұңқарға.
Бәйгелі жерден бақ болған,
Сегіздей жүйрік тұлпарға.
Қайғырмаңыз, ханзадам,
Келмей тұр аузым айтарға,
Батырың өтті Бөгенбай.
Өкпе қылған ел үшін,
Жауда кеткен кек үшін,
Қазақтың абырой-арына
Сарп қылған бар күшін,
Қайыры болсын халқыңа,
Сабыр қыл, ойла келмесін,
Қарияң келіп жырлап тұр
Еңбегі сіңген ер үшін
Батырың өтті Бөгенбай.