Ең үздік махаббат жырлары
Қазақ ақындарының ең үздік махаббат жырлары
Абай Құнанбайұлы
***
Ғашықтық, құмарлықпен – ол екі жол,
Құмарлық бір нәпсі үшін болады сол.
Сенен артық жан жоқ деп ғашық болдым,
Мен не болсам болайын, сен аман бол.
Көңілімнің рақаты сен болған соң,
Жасырынба, нұрыңа жан қуансын.
Бірге жаққан біреуге жақпаушы еді,
Сүйкімді тірі жанға неткен жансың?!
Ғашықтық келсе, жеңер бойыңды алып,
Жүдетер безгек ауру сықылданып.
Тұла бой тоңар, суыр – үміт үзсе,
Дәмеленсе – өртенер күйіп-жанып.
Мағжан Жұмабай
Сүй, жан сәулем
Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да!
Жылы, тәтті у тарады қаныма.
Бұл ләззаттың бір минутын бермеймін,
Патша тағы, бүкіл дүние малына.
Құшақтатып нәзік талдай беліңнен,
Сүйгіз, сәулем, тәтті балдай тіліңнен.
Бой шымырлап, талықсиды жүрегім,
Балқып денем, барам еріп деміңнен.
Кір қойныма, қыпша белің бұралып,
Тарқат шашың, жатсын жібек оралып.
Жаным!Жаным! Тезірек тисін төске төс,
Көз жұмулы, жиі ыстық дем алып.
Шашың - қара, денең ақ бұлт, жүзің – Ай,
Тісің – меруерт, көзің, сәулем, құралай.
Ләззат, рақат, бақыт – бәрі қойныңда,
Сұрамаймын енді ұжмақ – жақсы жай!
Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да!
Жылы, тәтті у тарады қаныма.
Жасағаннан бір-ақ нәрсе тілеймін,
Өтпесе түн, атпаса екен таңы да.
Жұмекен Нәжімеденов
***
Махаббат пен сұлулыққа сенгелі
алғаш тапқан сұлуымсың сен менің.
Сенде бірақ тіршілік жоқ, ең абзал
қуыршақсың қиып тіккен қағаздан.
Қағазым мен қаламыма сенгелі
ойлап тапқан сұлуымсың сен менің.
Сұлуымсың ойлап тапқан оңаша,
сондықтан да толқытасың мені аса.
Көкірегіңді от боп қарып жыр тілі
шыланбайды сенің қайқы кірпігің.
Сөз айтқанда сырлы тілдер нендей бір,
бетіңе қан ойнап шыға келмейді.
Сүйдім сені, көп жүдедім, көп аздым,
– ерінінде от бола ма қағаздың!
Қағазға арнап қағаз сөзді жазғалы
өзім қағаз болып кете жаздадым.
Қағаз-сұлу, қағаз-гүлдер, қағаз-жыр,
көз алдымда парақ-парақ қағаз жүр.
Қағаз-қыздар сұлу бірақ, білдім мен:
қағаз-гүлдің өмірі ұзақ шын гүлден...
Мұқағали Мақатаев
***
Ғашықпын!
Шын ғашықпын сол адамға!
Мен болмасам,болмайын.Сол аман ба!?
О,тəңірім! Неткен жан қайрылмайтын!
Жүрегі еттен бе,əлде қоладан ба?!
Ғашықпын,
Қайтіп оны жасыра алам,
Бір алтын оның əр тал шашы маған.
Сағынайын,таусыла сағынайын,
Сағынышқа жаралған ғашық адам.
Шарықтап,қолым жетпес көкте Күнге,
Ақ қанат құсым менің,кеткенің бе?
Шарқ ұрып бар ғаламды шыр айналып,
Мəңгілік сені іздеумен өткенім бе?
Сарғайған сағынышты басып толық,
Бар үміт,бар сенімді шашып болып,
Өтермін сірə да мен бұл өмірден,
Мəңгілік қалармын мен ғашық болып.
Қадыр Мырза Әли
***
Мың жұлдызы болса да, байқамайсың басқаны,
Бір жұлдыздан тұрады, махаббаттың аспаны.
Сол бір жұлдыз жанады, сол аспанды жарық қып,
Жарықта да түк көрмес ғашық болған жарықтық!
Сол жұлдызсыз белгілі, оның естен танары,
Маңдайда емес, жүректе –
Ғашықтардың жанары.
Сол жүрекпен қараймын, сол жұлдызға сүзіліп,
Шаңыраққа ілінді ол, көк аспаннан үзіліп.
Мың жұлдызы болса да, байқамайсың басқаны,
Бір жұлдыздан тұрады шаңырақтың аспаны!
Тұманбай Молдағалиев
Әйел - сенің ақылшың
Сенікі ме, менікі ме сонау гүл,
Арман үшін жүрміз жазып алау жыр.
Жат біреуге бақыт болып туатын,
Әйелдерді еркелеткен жөн-ау бір.
Әйелді ылғи еркелеткен ер оңар,
Әйелдерсіз тірлігіміз не болар?
«Қой» дейтұғын қожаң егер болмаса,
Еркек байғұс азып-тозып жоғалар.
Әйел – сенің аспазың да күтушің,
Әйел барда биіксің де бүтінсің.
Әйел барда жалынсың – сен, отсың – сен,
Әйел жоқта бықсыған сен түтінсің.
Әйел – сенің ақылшың да, айбарың,
Ол барында естімейсің қайғы әнін.
Әйел – сенің күзетшің де, сақшың да,
Әйел – сенің мерекең де, мейрамың.
Әйел сені, сен әйелді сүйгенсің,
Сен әйелден, әйел сенен сый көрсін.
Өз елінің ұлы болам деген жұрт,
Әйелдерге құл болуды үйренсін.
Әйел, әйел – арман әні, жол әні,
Дүниенің кешкі қоңыр самалы,
Әйел сені құл қып алмай алдымен,
Құдай құлып көтермейді жоғары.
Сыйла әйелді, жоғарыдан бер орын,
Көтер оның мерейі мен беделін.
Өз қызыңды сыйлағаның ол сенің,
Өз анаңды мәңгі құрметтегенің.
Фариза Оңғарсынова
ӘЙЕЛДІҢ МОНОЛОГЫ
Сенің от құшағыңда
дүниені ұмытып талқысыдым.
Жүрегімді өртеді жан ыстығың.
Мынау байтақ әлемде тек екеуміз
жүргендейміз айналып ғарышты мың.
Көзімді ашсам шырын сәт көзден ұшып
кететіндей жанарды тарс жұмдым.
Сен аймалап алқындың,
одан сайын есімді шығардың да,
мен балқыдым көміліп қылаң нұрға.
Жақсы сөздің барлығын саған айттым,
ішімнен бе, әлде үн шығардым ба…
Сен жанымда жүрдің де
жанарымды толтырдың жылылыққа
(жан жылуын балар ем ұлылыққа).
Тәттілігін сезіндім бұл өмірдің,
әр күніне тоймадым құнығып та.
Қайырымды да боп кеттім. Қатыгез жан
дірілдеген жүрекпен сыр ұғып па?!
Бірақ өзің айныдың.
Ұмыттың да жастықтың жұмақ күнін,
сен мысқылдап, мен болсам жылап тұрдым.
Өмір деген бұрқанған дарияға
бұрымымнан ұстап ап лақтырдың.
Сонда ғана есейіп, бұл жалғанда
бәрі алдамшы екенін бір-ақ білдім.
Сенің от құшағыңда
ардан аттап, қалдырдым пәктігімді,
ләззатқа батырған ақ түнімді.
Айырдым мен аяусыз енді кимес
ақ көйлекті тігілген сәтті күнгі…
…Мен күнәкар емеспін ар алдында,
құдайың да кешеді тап мұнымды.
Төлеген Айбергенов
Ойлай бер мені...
Тағатсыз күткен ыстық үн,
Жаралы хал ғой – ғашық хал.
Күйсандық көрсең, бір тілін
Мені ойлап бар да, басып қал.
Тек қана көзге жас алма,
Ойлай бер мені күніге.
Махаббаттардың қашанда
Ойламау жеткен түбіне.
Жаныма қап ең жақын боп,
Жүректе бүгін сыздау көп.
Мен болсам кеттім ақын боп,
Азырақ бақытсыздау боп…
Жолығар болсам қайта мен
Сағыныш толы сол шақпен.
Бәрін де саған айтар ем
Жалғыз-ақ тамшы моншақпен.
Жұматай Жақыпбаев
ЛӘЙЛӘ
«О, Ләйлә, мұңсызбын демеспін,
Қайғырса, қанатсыз емес кім?!
Бірақ та жынданып кететін
Мен саған Мәжнүн емеспін!»
Бала күнгі өлеңнен
Қасы да керік, қара алмас көзді, ай қабақ,
Мойныңа жұқа ал қызыл шарф байлап ап,
Алаулап жүзің аса бір асқақ нұрменен,
Алыстан тұрдың көз қарасыңмен аймалап.
Қарадың солай, қарадың солай, обал не,
Қарамадың ба, жоқ әлде?
Кетіп те қалмай, кетіп те қалмай, содан көп...
Керемет бір ой кешікпей маған соғар деп,
Балалық шығар, бармадым сенің қасыңа,
Батырлығым басыма пәле болар деп.
Ойладым солай, ойладым солай, обал не,
Қате ойладым ба, жоқ әлде?
Қуаныштан күліп, ойым бар шалқып билемек,
Кеттім мен сосын күнәсіз арман сүйрелеп.
Қап-қара шашты бала ақын болып тұр екем,
Қабырғадағы айнаны көрсем үйге кеп.
Ақын боп кеттім, ақын боп кеттім, обал не,
Болмайын ба, жоқ әлде?
Есенғали Раушанов
Жаз не деп еді?
Ол өксіген қарс айырып көкірегін:
«Үйренісіп өзіңе кетіп едім,
Маған қиын болады жалғыз қалу,
Қалшы осында,
қала ғой,
өтінемін».
Өмірі үшін,
о мейлі құмары үшін,
Ол қимады жанының жұбанышын:
«Маған қиын болады жалғыз қалу,
Ей, тас жүрек,
сен соны ұғамысың?».
Ал сен кетіп қалдың...
Құшағында жаз қалды қоңыр түннің,
Көз алдыңда көйлегі оның күлгін.
Сары шаш күз кездесті,
бұрын, тегі,
Күз көрмеген секілді сен ұмтылдың.
Жабығып жүр,
қажып жүр демесін деп,
Күлген болып,
сол баққа келесің көп.
Жаз кіреді түсіңе,
шошып тұрып,
Күздің суық ерінін өбесің кеп.
Сары күзге сенбейсің,
шүбәлісің.
Сыбырлайсың...
Қан жылап тұрады ішің:
«Маған қиын болады жалғыз қалу,
Ей, тас жүрек!
Сен соны ұғамысың?»
Тыныштықбек Әбдікәкімұлы
***
Сені сүю – күрсініп, күнде күту хатыңды...
Хат жазам деп мен де сан, түнге қалам матырдым.
Түнге қалам матырдым, жаныма іздеп бәтуә.
Қаламымның ұшында ауылымның оты бар.
Самайымның тұсынан аққан күнді санадым.
Сені сүю – әлемге маңдайдан нұр тарату.
Азап болса, әрдайым, мен сен үшін тартайын!..
Бүршік шашып тау жақта, бал ашады март айы.
Әр лүпілі ділімнің – мәңгілік мұң тарихы.
Сен ғанасың еститін,
көре алатын!
танитын!
Уысына үміттің уыз төгіп фәни Күн...
елесіңнің ернінен қақ жарылар Қара Ұйқым!
Қақ жарылар Қара Ұйқым!..
ақтарылып Ақ Өлөң,
Санамдағы Сәскенің сәулесіне бөленем.
Сәулесіне бөленем Санамдағы сәскенің.
Сені сүю – азадан ада әлемге көшкенім!
Сені сүю – қуатты Қорқынышым, көз ілген,
дәл көзінің алдынан бірге өтемін Өзіңмен.
Мендік нәзік сезімге қанаты ыстық тіл басып
жымиуың –
маған мың әулиемен ымдасу!
Сенсіз қалсам,
дүрлікпе пендешілік тірлікке
сыймас –
іште Құдайы күбірлеген бұл басым.
Ұлықбек Есдәулет
Көздеріңе ғашықпын
Жұмып кейде жанарымды нұр сіңген,
Сырласқанда арман атты тылсыммен.
Ту сыртымнан үп еткенде самал жел,
Елеңдеймін, сен шығар деп күрсінген.
Ғашық жанның басындағы хал бөлек,
Ғашық жанды әлдилейтін ән керек.
Жаңбыр жауса, тырсылынан оянам,
Іздеп келіп, есік қаққан сен бе деп?!
Қашан болсын қайғы көрмей жүр аман,
Мен тағдырдан басқа тілек сұраман.
Күн астында күмбірлесе күміс су,
Сенің күлкің естілгендей қуанам.
Өмір деген өте шығар өткінші,
Аз ғұмырда көп қуанып, көп күлші.
Маған ұқсап аспандағы Ай мен Күн,
Көздеріңе ғашық болып өтсінші.
Күләш Ахметова
***
Сіз осы шыныменен білмейсіз бе,
Кезігіп қала берем бірдей сізге?
Сіз жүретін жерлерде, әлде мені,
Адасып, не ерігіп жүр дейсіз бе?
Қағылуы махаббат қанатының,
Жаныңызға жабырқап баратыным.
Байқалмай ма сізге осы,
Қып-қызыл боп, қипақтап қалатыным.
Сізді ойламай көзімді әлі ілдіріп
Көргенім жоқ, керек пе жалындыру?
Өртенемін жаныма жалын кіріп,
Әдейі үнсіз жүрсіз бе, бәрін біліп?..
Қара көзден қашсаңыз, несіне ерсіз,
Бір әдемі бақытқа кешігерсіз.
Қарап қалсам, өтесіз көрмегенсіп,
Оңбағансыз, не деген, кешірерсіз…
Гүлнар Салықбай
***
Мені Сізге тағы да апармады
жаны майға тəуелді міскін көлік.
Кең сарайдан кем емес шаһардағы
Түрмеңізге асығам түскім келіп...
Қабыл алып Қиялдың ұсынысын,
Сұлу сорым қайтадан гүл құшқандай,
Торы ғажап Түрмеге түсу үшін,
Құдайым-ау, жасайын қылмыс қандай?!
Айыға алмай Арманның түр-түсінен,
Алға басқан адымым кетті кейін.
Соттайтын жан табылар жұрт ішінен,
«Ақтамасын мені ешкім», – деп тілейін.
Аз ғұмырын азапқа шегелейтін
Азаматқа асқақтық, өрлік көрік.
Түрлі-түсті қызыққа бөлемейтін
түрмеңізде өлер ме ем қорлық көріп...