Махаббат туралы өлеңдер

Ақындардың бәрі де махаббат туралы жазады. «Поэзия махббатпен басталып, парасатпен аяқталады», –деген Мұқағали. Бұл жырларды оқи отырып, сан түрлі сезімді, тағдырды, мінезді көресің. Ойыңа өзіңнің ғашық болған, сүйген, сағынған сәттерің оралады.

Malim Админ

  • 25.09.2024

Абай ҚҰНАНБАЙҰЛЫ

*  *  *

Айттым сәлем, қалам қас,
Саған құрбан мал мен бас.
Сағынғаннан сені ойлап,
Келер көзге ыстық жас.

Сенен артық жан тумас,
Туса туар – артылмас.
Бір өзіңнен басқаға
Ынтықтығым айтылмас.

Асыл адам айнымас,
Бір бетінен қайрылмас.
Көрмесем де, көрсем де,
Көңілім сенен айрылмас.

Көзім жатқа қарамас,
Жат та маған жарамас.
Тар төсекте төсіңді
Иіскер ме едім жалаңаш?

Иығымда сіздің шаш,
Айқаласып тай-талас,
Ләззат алсақ болмай ма,
Көз жұмулы, көңіл мас?

Сізде сымбат, бізде ықылас,
Осы сөзім бәрі рас.
Сіздей жардың жалғанда,
Қызығына жан тоймас.

Етің етке тигенде,
Демің тиіп сүйгенде,
Тән шымырлап, бой еріп,
Ішім оттай күйгенде.

Жүрек балқып игенде,
Ішкі сырды түйгенде,
Іздеп табар сұңқармын,
Жарастықты шүйгенде.

Қылығында жоқ оғат,
Қарап тойман жүз қабат.
Ыстық тартып барасың,
Бір сағаттан бір сағат.

Сіз – қырғауыл жез қанат,
Аш бетіңді, бері қарат.
Жақындай бер жуықтап,
Тамағыңнан аймалат!

 

Мұқағали МАҚАТАЕВ

СЕН ӘЛІ ТІРІ МЕ ЕДІҢ?

О, Махаббат!
Сен әлі тірі ме едің!?
Көзімнен ғайып болған күнім едің,
Гүлім едің…
Елтіген түнім едің,
О, Махаббат!
Сен әлі тірі ме едің!?
Мен сені ұмытқамын.
Жылытқаның есте жоқ суытқаның.
Суып қаным,
Жинағам құрып халім,
Жығылған отауымның уықтарын.
Содан бері мен сені ұмытқамын.
О, Махаббат!
Сен әлі тірі ме едің?!
Тірі ме едің…
Мен де енді тірілемін!
Ақ періште, алдыңа жүгінемін,
…Қолдай гөр ғашықтардың пірі мені.

 

МАХАББАТ ПА?..

Махаббат па?
Махаббат болған еді.
Таудың мен еркін жүрген тағысы едім,
Тапты да,түсірді ғой торға мені.

Махаббат па?
Махаббат болған менде.
Жиі барғам аққулар қонған көлге,
Ал қазір тоңған жүрек,солған кеуде.

Ғашықтық па?

Ғашық та бола білгем.
Бір-ақ жанға ғашықпын бала күннен,
Жанымменен сүйемін,жанарыммен.

Сағыныш па?
Қалай оны тауыса аламын.
Сағынғанмын,шөлдегем,
Ақыры шаршағаным,шаршағаным.

Сүйгенім бе?
Сүйгенім өмірде емес.
Ұйықтасам, түнде түсім, көңілде елес,
Өлгенше кетер емес көңілден еш.

 

Фариза ОҢҒАРСЫНОВА

ҚЫЗ МАХАББАТЫ

Білмеймін:
жанарыңнан сыр ұқтым ба,
әлде өзімді сол сәтте ұмыттым ба –
өзің болдың, әйтеуір, бұл күнгі әнім,
көтеріп ап кетіп ең – бұлқынбадым –
әлде аймалауыңа құнықтым ба?!
Білмеймін:
құшағыңда дір еттім бе,
алып ұшып бара ма-ау жүрек мүлде…
Ойлағым да келмеді ештеңені,
күндіз бе әлде, білмеймін кеште ме еді,
тек ұққаным – жан бірге, тілек бірге.
Білмеймін:
пәк сезімге мұқтаждау кезім бе еді,
сеніміңді көп болған сезінгелі,
сезінгелі, сені ойлап көз ілгелі…
Іңкәрлықтан, аяулым, тына көрме,
бақыт деген сәттерден тұра ма әлде,
онда өтіп кетпегей тез ілгері.
Сол сәтте
бұлтты аспаннан жарқ етіп қарады ақ Күн,
шуағына бойымды аралаттым.
Сезімімнің қақпасын дара қақтың.
Елжіресіп, ұғысып, сеніп бірге,
ағыл-тегіл сезіммен еріттің де,
өзің маған өзім боп бара жаттың…

 

ӘЙЕЛГЕ ДЕГЕН МАХАББАТ

Түндерде жалын боп өткен
біреуді жаным деп өпкен
сенің гүл еріндеріңнен
әйтеуір жерінбедім мен.
Жұттым да көзде жасыңнан,
төсіңнен өзгеге ашылған
басымды ала алмадым ме
(қайғым ба ең, жанар бағым ба ең?!).
Көлдегі сағым көрікпен
жанарды жанымды еріткен
құштым мен ашқарақ күймен
(білемін – басқа да сүйген).
Ең алғаш құшқаным да – өзің,
балқытқан күш-жалын да – өзің,
ең алғаш сүю дегенді
үйреткен ұстазым да – өзің.
Жанымнан мұңым кеткелі
сен болдың күнім көктегі.
…Қайғым тек – осының бәрі
басыңнан бұрын да өткені…

 

МЕН САҒАН ҒАШЫҚ ЕМЕС ЕМ

Сен үшін сонау алыстардағы елес ем.
осынша мені арман қып келдің неге сен.
«Сыртыңнан сүйіп жүретінімді
сезуші едің ғой»,-демесең,
мен саған ғашық емес ем.
Бас иген көп-көп бозбалаларға паңдана
асқақтау басып, бақытты болдым.«Сонда да
жан-жүрегіңді толтырар бір жан
жетпей жүрді ғой»,-демесең,
мен саған ғашық емес ем.
Бір дауыл сәттің соғарын сезіп жүргенмен,
сен екеніңді білген бе ем…
Әйтеуір, жаным,«бұл күнде менсіз
жүре алмайсың ғой»,-демесең,
мен саған ғашық емес ем.

 

Қадыр Мырза Әлі

МЫҢ ЖҰЛДЫЗЫ БАР БОЛСА ДА…

Мың жұлдызы болса да, байқамайсың басқаны,
Бір жұлдыздан тұрады, махаббаттың аспаны.
Сол бір жұлдыз жанады, сол аспанды жарық қып,
Жарықта да түк көрмес ғашық болған жарықтық!
Сол жұлдызсыз белгілі, оның естен танары,
Маңдайда емес, жүректе –
Ғашықтардың жанары.
Сол жүрекпен қараймын, сол жұлдызға сүзіліп,
Шаңыраққа ілінді ол, көк аспаннан үзіліп.
Мың жұлдызы болса да, байқамайсың басқаны,
Бір жұлдыздан тұрады шаңырақтың аспаны!

 

Мқхтар ШАХАНОВ

Махаббаттың жазылмаған заңы

Жол бұралаң, сезім тура, oй тура,
Жол түскен соң болмас кейін қайтуға.
Сүйген адам сезімі үшін бақытты,
Болмайды оны бақытсыз деп айтуға.
Бұл жайлы көп мұңдаудың не орны бар,
Жандар да бар пәк сезімді қор қылар.
Махаббатты үйлену деп ойлайды
Құдіреттің құнын білмес сорлылар.
Аз ба өмірде жылап жүріп күлгендер,
Құр күлкінің қасіретін білгендер.
Ойлашы өзің, аз ба мынау әлемде
Сүймей, сенбей тағдыр қосып жүргендер.
Өмір солай, күйзеліс көп, жұлқыс көп,
Болсын, мейлі, дінің түзу, тұрмыс тоқ,
Сүймей, сенбей тағдыр қоссаң біреумен,
Махаббатта бұдан асқан қылмыс жоқ.

 

Исрайыл САПАРБАЙ

АЯЙМЫН МАХАББАТТЫ ЖЕТІМ ҚАЛҒАН

Өкінбеймін біреуді өпсең де өліп,
Өкінбеймін біреуге кетсең де еріп.
Жазмыштың маған жазған пендесіне
Мен-дағы кезігермін көп сенделіп.

Мұң ба екен,
Мұның бәрі уайым ба екен?!
Бүгінде ойым бөтен, жайым бөтен.
Қойнына қона алмаған қос аққуға
Қол бұлғап қала берер – қайың мекен…

Жабықпа,
жарылқасын бетіңді алдан.
Өткен күн өшкен, көшкен секілді арман…
Болар-ау бәрі де ұмыт,
Амалым не,
Аяймын махаббатты жетім қалған.

 

Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ

ҚҰШТАРЛЫҚ

Сезім нұры жауғанда себелектеп,
Ермен мұңға мас болған ебелектеп.
Қызыл гүлдің жабысып қауызына,
Қонса жалғыз қоңырқай көбелек кеп…
Ол менмін ғой,
Әлдене керек еткен.

 

Жетім көлшік бөленіп шұрылға сан,
Маңғаз тірлік айтқанда жырын масаң.
Бозала таң атқанда бозторғай кеп,
Терезеңе қонақтап шырылдаса,
Ол менмін ғой…
Қайтейін ұғынбасаң.

 

Тырналарын түн бойы тыраулатқан,
Мұңлы әуенге тұншығып мұнарлы аспан.
Қара жолдың үстінде қайғы құшып,
Жапырақты көрсең сен құлап жатқан…
Ол менмін ғой,
Сені ойлап жылап жатқан!

 

Қыңыр боран қымсынбай қыңсыласа,
Қыңсыласа,
Бір сәтке тыншымаса.
Сенің алма жүзіңді аяз келіп
Ақырын шымшыласа…
Ол менмін ғой сүюге құштарланған,
Жүрегіңнен бір күні бүршік атам…

 

 Ерлан ЖҮНІС

***

Наурыздың бірі ме, ертең?..
Тұрғаны-ай бір сезімнің алып қашып,
Көшеге шығайықшы күліп, еркем,
Көктемкөз ғашықтардай қол ұстасып!

Бала гүл көңіліндей,
Ақ жүзіңде алқызыл от алмасып,
Көктемнің ең алғашқы шеруінде,
Қайыңдармен жүрейік қатар басып!

Мойныңда күлгін шəлі,
Жасыл көйлек – жаңа ұран көрікке шын,
Күлкіңді сандуғаш пен бұлбұл салып,
Гүлдер нəзіктігіңе еліктесін.

Иыққа құстар қонып,
Бұйыққан дүние бізге елеңдесіп,
Сені көрген адамдар құштар болып:
«Ақынның жары, шіркін, өлең!» десін.

Сен сонда əнтек күліп,
Көзіңнің жорта қара шалғайынан,
Мен, болсам, жүректерді өртеп тұрып,
Сүйермін сол өлеңнің маңдайынан.

Көктемнің бірі ме, ертең,
Секілді қыстың соңғы кеші кірген?!.
…Көресің, бір көктемді түбінде, еркем,
Мен сенің атап кетем есіміңмен!

Байланысты жаналықтар

Оқырманы көп ақын – Мұқағали Мақатаев

12.09.2024

Шөмішбай Сариевтің өлеңдері

25.08.2024

Бақытгүл Бабаш. Мен жылаймын, естен кетпей есімің...

29.03.2021
MalimBlocks
Оқырманы көп ақын – Мұқағали Мақатаев

Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали (Мұқаметқали) Сүлейменұлы Мақатаев 1931 жылы Алматы облысы Нарынқол ауданында дүниеге келген. 1976 жылы Алматыда, 45 жасында қайтыс болды. Ол қара өлеңге жаңа леп, қанат бітірді. Өз сөзімен айтқанда, «Күпі киген қазақтың қара өлеңінің үстіне шекпен жапты».

Шөмішбай Сариевтің өлеңдері

Шөмішбай Нағашыбайұлы Сариев 1946 жылы 15 сәуірде Қызылорда облысында туған. 2021 жылы 15 ақпанда қайтыс болды. Ақын, аудармашы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Барыс», «Парасат» ордендерімен наградатталған. «Тарлан» сыйлығының иегері. Елге танымал көптеген әр сөздерінің авторы.

Бақытгүл Бабаш. Мен жылаймын, естен кетпей есімің...