Қадыр Мырзалиевтің өлеңдері
Қадыр Ғинаятұлы Мырза Әли (5 қаңтар 1935 жыл, Жымпиты, Орал облысы - 24 қаңтар 2011 жыл, Алматы) — ақын, Қазақстанның халық жазушысы (1995), ҚР Әнұранының сөзін жазған авторлардың бірі
Қазақ осы
Е-е-ей!
Жайлауында жүрген жігіт бағып қой,
Дос келді деп, жасап жатыр анық той.
Алғашқы рет көріп тұрсың сен оны,
Нағыз қазақ осы, міне, танып қой.
Сәйгүлікті құйрық-жалы таралған,
Сүйетұғын қазақ осы, қараңдар.
Қазақ осы күй шығарып, ән салып,
Көкпар тартып, қыз қууға жаралған.
Қазақ осы - айтатұғын желге сыр,
О, ағайын, халық емес ол кесір.
Қазақ осы - аңғал-саңғал жабусыз,
Қазақ осы - ағыл-тегіл, көл-көсір.
Айхай!
Қазақ осы - ағыл-тегіл, көл-көсір.
Е-е-ей!
Қазақ осы - дала дейтін, күн дейтін,
Қазақ осы - «Өнер алды - тіл» дейтін.
Қазақ осы - қарасың ба, ақсың ба,
Қоңырсың ба, жатырқауды білмейтін.
Қазақ осы - көргенінен танбайтын,
Той-думансыз оты түзу жанбайтын.
Қазақ осы - алудай-ақ алатын,
Ал беруден алдына жан салмайтын.
Қазақ осы - ашық жарқын қабағы,
Қонақ келсе шабылып бір қалады.
Байқа да тұр, саған да ол кетерде,
Ат мінгізіп, жібек шапан жабады.
Айхай!
Ат мінгізіп, жібек шапан жабады.
Е-е-ей!
Қазақ осы - құда бол деп қинайтын,
Құдаларын құдайындай сыйлайтын.
Қазақ осы - дүние мен малыңды,
Оңды-солды шашу үшін жинайтын.
Қазақ осы - жайып жатқан қанатын,
Батыр халық, ақын халық - дәл аты.
Қазақ осы - өзімсінген адамға,
Насыбайға бола өкпелеп қалатын.
Жайлауында жүрген жігіт бағып қой,
Дос келді деп, жасап жатыр анық той.
Алғашқы рет көріп тұрсың сен оны,
Нағыз қазақ осы, міне, танып қой.
Айхай!
Нағыз қазақ осы, міне, танып қой.
«Қызыл кітап»
Мылтық көрсем төрлерден іліп қойған,
Менің мазам кетеді күдікті ойдан.
Жұртпен бірге мәз болып,
Ду - ду етіп
Қайта алмаймын одан соң күліп тойдан.
Аяймын мен анасыз,
Атасызды.
Аяймын мен құлынсыз,
Ботасызды.
Хайуанатқа жасаған қиянатың –
Бауырыңа жасаған опасыздық!
Біздің сайда болатын мия қалың.
Ауылдастар ойлайтын ұя қамын.
Мия сиреп,
Ұядан құстар безіп,
Біреу үшін мен енді ұяламын.
Ұяламын қарауға қарлығашқа.
Шиқылдайсың, балапан, қарның аш па?!
Жалтаңдайсың әр Болат,
Әр Қайратқа,
Жаутаңдайсың әр Баян,
Әр Күлашқа.
Тәрбиең де жақсы еді,
Тәлімің де...
Аян бірақ өмірдің мәні кімге?!
Торғай аттың бір кезде,
Соның үшін
Ұяламын, бауырым, әлі күнге.
Ұяламын қарауға қоңыр қазға.
Толып - ақ тұр бүгінде өмір назға.
Балапаны шұбыртқан қасқалдақтың
Оқтан көрген қорлығы,
Зәбірі аз ба?!
Ұяламын қарауға шүрегейге.
Құстың бірі туған да,
Бірі өгей ме?!
Бүгін кептер атқандар
Ертең ердің
Кеудесіне тапанша тіремей ме?!
Мына қыры қазақтың,
Ана қыры
Қызыл қырман бүгінде,
Қала бірі.
Қайда кетті,
Кім маған айтады енді
Атыраудың құланы –
Онагры?!
Жер айтады осылай,
Күн айтады,
Күн айтады,
Көңілді мұңайтады.
Ақтөбеде бір кезде піл болғанын
Кім біледі бүгінде?
Бүгінде кім айтады?!
Айла көп-ті адамда,
Айла көп-ті.
Айласына талайды айғақ етті.
Қылыш тісті жолбарыс –
Жерлес біздің
Айтыңдаршы, ағайын,
Қайда кетті?!
Іздеймін мен әр бұта,
Әр талымды.
Момынымды,
Тентегім,
Арқалымды.
Кім қайырып береді кваганы?
Кім қайырып береді тарпаңымды?!
Жарқырап - ақ тұрғанда көктем нұры,
Қасірет пен қайғының жеткен бірі.
Хайуанаттар ғана ма зәбір көрген,
Хайуанаттар ғана ма кеткен құрып?!
Одан көріп,
Ақыры бұдан көріп,
Таласқаннан не таппақ құлан, керік?!
Жоғалтқанды жоқтаған жөн болғанмен,
Жоғалтпаған жақсырақ одан гөрі
...
О, тіршілік!
Не берсең де арнап бер,
Алтын балық ілінетін қармақ бер!
Бақыт бер де,
Бармақтай сол бақытты
Басып тұрар батпандай бір салмақ бер!
Және дос бер, айтқанымды мақұл дер,
Жүйрік бер де
Соған шыдар тақым бер!
Мен жазбаған,
Жұрт жазбаған жыр сыйла,
Жүректерге соны ұғатын ақыл бер!
Мені күтіп тұрса алда биіктер,
Шапағатты шуағыңды құйып көр.
Абырой мен даңқыңды аяма,
Және соған майыспайтын иық бер!