Таласбек Әсемқұлов. Сүгірдің әулеті (ІІ)
Таласбек Әсемқұловтың мақалалары
(Соңы. Басы мына сілтемеде)
Мен сол күні әруақтардан кешірім сұрап, білгенімше дұға оқыдым. Ертеңіне Асекеңе болған жайды айттым.
– Мен де көрдім, – деді Асекең.
Шылымын сораптап аз отырды.
– Мен саған айттым ғой, – деген содан соң жантайып жатып (бұл Асекеңнің дертке шалдыққан кезі болатын).
– Бұдан кейін енді күмән келтірмеймін, – дедім мен.
Асекең төбеге қарап аз ойланып жатып әңгімені ары қарай жалғады.
– Тәкен хикаяны көркемдеп жіберген. Әдебиеттің заңдылықтары деген бар ғой. Ал шындығында сәл басқашалау болған. Сүгірдің әкесі Әли бірде далада қасқыр тартып жайратып кеткен биенің өлексесіне тап болады. Сол маңайда, қасқыр қайтып келе ме деп жасырынып отырған аңшылар, жетім құлынды Әлиге жетектетіп жібереді. Арқадан ауып келген Жөргекбай деген сыншы болған екен. Сол адам, Әли, сиыр сүтін беріп асырап отырған құлынды көреді. Нәсілді жылқы екен, көрші ауылда бір кісінің құлыны өлген биесі бар. Иесі, бием жентек қымыз, тасемшек болып қала ма деп уайымдап отыр. Сойып тастауға обал деп айтты дейді. Мына құлынды сол биеге апарып телісек қайтеді дейді. Қалай телисің, теуіп өлтіріп тастаса қайтеміз дейді Әли. Сенің балаң күйші емес пе, сол күй тартсын. Күй тартып отырып телуге болады дейді Жөргекбай. Содан Әли, Арқаға қыдырып барып, қайтып келіп демалып жатқан Сүгірді оятып алып, жетім құлынды жетектеп көрші ауылға барады. Жөргекбай өлген құлынның терісіне шөп тығып тұлып жасайды. Содан соң биенің көзін таңып, құлағын ғана домбыраны еститіндей қылып шошайтып шығарып қояды. Сүгірге белгі береді. Сүкең күйді қозғайды ғой. Біраздан соң құлынының тұлыбын иіскеп, сай-сүйекті сырқыратқан күйді тыңдаған биенің көз жасы шылқылдап, көзін таңған шүберектің сыртына шығып кетіпті. Осы кезді аңдып тұрған Жөргекбай жетім құлынды тели қояды. Артынша құлынының тұлыбын алып тастап, көзіндегі шүберекті шешкеннен кейін де бие жылап тұра беріпті. Тас болып қалған емшегі жібіп, сүт бұлақ болып ағыпты. Кейіннен сол құлын аузымен құс тістейтін жүйрік болыпты, бәйгенің алдын бермепті.
– Біз тыңдап жүрген «Телқоңыр» сол телу кезінде тартылған күй ғой? – дедім мен.
– Жоқ, – деді Асекең. – Ол сұңқылдаған сұмдық күй екен. Шамамен жарты сағаттай уақыт тартылатын ұзақ, күрделі күй дейді білетіндер. Ешкім үйрене алмапты. Ол күй Сүкеңнің өзімен бірге о дүниеге кетті. Мына біз тыңдап жүрген «Телқоңыр» соның болмашы бір үзіндісі ғана екен. Жанында жүргендер әйтеуір шалып қалған ғой.
Кешкі шайға отырдық.
– Мен саған енді бір әңгіме айтайын, – деді Асекең күрең қою шайды әдетінше баптап ішіп отырып, – Ертеде жазушылар бір-біріне осындай қызғылықты сюжеттерді сыйға тартады екен. Мен де саған сыйға тартайын. Жазарсың – жазбассың. Арың мен ұятыңа сал. Мен енді мұны жазып үлгермеймін.
Асекең қорқорын тұтатып аз отырып сөзін сабақтаған.
– Тәкен классик еді ғой. Қаншама нәрсені жаза алмай кетті. «Телқоңырды» жариялағанда құттықтағаным есімде. Сонда, бұл романның жобасы еді деген. Былай, міне. Жылқының тағдыры жайында дилогия, я трилогия жазбақ болған. «Ақбозат» сол трилогияның екінші кітабы болса, «Телқоңыр» – бірінші кітабы болу керек екен.
Шыдай алмай кетіп сауал тастадым.
– Ал үшінші кітабы не жайында?
– Қазір айтамын, – деді Асекең сөніп қалған қорқорын тұтатып жатып, – Міне, қара. Әңгіменің бас-аяғын жинақтайық. Қоңыр құлын жетім қалды, бөтен биеге телінді. Телқоңыр атанды. Мұны бір роман деп ал. Содан соң Телқоңыр боз шықты. Ақбозатқа айналды. Бұл – жазылған роман. Оқыдың, оқиғасын білесің. Ақбозаттың өлімімен аяқталады ғой. Айта кетейін, Телқоңыр қазақта сирек, «пырақ» деп аталатын тұқым. Басқа жылқыға қарағанда төредей. Енді тұқымы үзілгендей еді. Тәкен жазып үлгермеген үшінші романының оқиғасын маған ауызша айтып берген. Бір текті қазақ Сібірде айдауда жүріп пырақтың біреуін сол жерден көреді. Өз көзіне сенбей ары-бері тектеп шығады. Анық өзі. Тек қара жұмысқа жегілген, күтім көрмей лақса болып кеткен. Ақырында Сталин өлгеннен кейінгі амнистия кезінде болса керек, жаңағы қазақ абақтыдан босап шығады. Қайтарында арбада жүрген атты сұрайды. Лагерьдің бастығы бұл кәрі тұғырды қайтейін деп едің деп күледі де бере салады. Міне, кейіпкер осы атты кей жерде жетелеп, кейде пойызға отырып, итшілеп әйтеуір елге жетеді. Пырақтың әлі бір рет болса да байталға шаба алатын қауқарын тексеріп білген. Елге келіп, бір текті байталға қосады. Осылайша, бие алғаш құлындағанда, әлгі адам Бетпаққа, елсізге шығып, айқайлап жылайды. Қуанғанынан. Өкінішке орай бұл трилогияның орны бос қалды. Бір роман, бір әңгіме. Бары осы. Тәкеннің бұл аяқталмай қалған шығармасы текті жылқы жайында болғанымен, негізгі объектісі – адам. Тәкен мал деп, адам деп бөлмей, жалпы тек туралы, тектілік туралы жазған. Текті елдің малы да текті болады. 32-ші жылы кәмпескені бірнеше ай бұрын сезіп, өсіп-өнген өлкесінен мәңгіге кететінін адамдардан бұрын болжаған қазақтың төрт түлік малы, жайылмай далада тербеліп жылап тұрғанын ауылдың қариялары айтатын…
Сүгірдің ең айтулы күйлерінің бірі «Қаратау шертпесі» жайындағы қызғылықты, тың әңгімені де Асекеңнен естіп едім. 1975 жылдың күзінде Төлеген Момбеков осы Асекеңнің үйінде қонақ болады. Петербург ақсүйектерінің салондарын елестететін бұл айтулы жиынға Зейнолла Серікқалиев, Төкен Ибрагимов, Сейфолла Оспанов сынды ағаларымыз қатысады. Осы жиында Төлеген ақсақалдың айтқан әңгімесі.
Сүгір, ауылға концерт келгенде, өзінің бір шағын текеметі болыпты, соны қолтығына қысып келіп, ең алдыңғы қатарға төсеп отырады екен. Бірде ауылға Ғарифолла Құрманғалиев гастрольмен келеді. Ғарекеңнің өзі жеке бір бөлімді орындап қаншама ән айтады екен. Сүгір тапжылмай отырып тыңдайды. Бір кезде әнші әйгілі «Үлкен Айдайды» орындайды. Сонда концерттің басынан үнсіз отырған Сүгір, «Ой, бәрекелді!» деп орнынан тұрады. Бірақ әншінің қолын алуға емес. Текеметін бүктеп алып топты тастап жүре береді. Елдің еркесі, халықтың ықылас-пейіліне шомылып жүрген Ғарекең ауыл ағасының тосын мінезінен тіксініп қалады, бірақ ештеңе демейді. Бірнеше күннен кейін Сүгірдің екі шәкірті Нұртай мен Әбдіхалық ұстаздарының үйіне кезекті дәріске барады. Кеш батып, Сүгір домбырасын қолына алатын кез. Ашық тұрған есіктен бір тамылжыған күй естіліп жатыр. Екі шәкірт жаңа өрнекті тамашалап, демдерін іштеріне тартып тұрып қалады. Аздан соң Сүгір, екеуін ішке шақырады. Бұл не күй дегенде, өткенде анау Ғарифолла айтқан әннен оянды бұл күй депті Сүкең. Мінеки, Мұхиттың әнінен алынған бір ғана музыкалық фраза, Сүгірдің қиялынан жетіліп, қазақтың саз өнерінің даңқын асырған күйге айналыпты.
Қазақ күйінің әңгімешілдік қасиетін жоғарыда айттық. Сүгірдің аталмыш күйіндегі қат-қабат тартыс, Алаштың қилы тарихи тағдырын бейнелейді. Домбыра, «қазақтың басына не келіп, не кетпеді» деп алқына сөйлеп тұрғандай.
Бұл күйдің шығу тарихына қатысы болуы мүмкін енді бір деректі Көлбай Адырбекұлының «Түркістан» газетінде жарияланған «Бұдан жүз жыл бұрында» деп аталатын мақаласынан ұшырастырдық.
1902 жылы қазақтың белгілі діни қайраткері Бөлтай сопы Қажымұратұлы өзінің баласы Қойтас молланың Ташкент медресесін (шамасы «Көкілташ») аяқтап елге оралған құрметіне Алаштың бір топ игі жақсыларын Әзіреті Түркістанға жинайды. Бұл жиынға 13 қадірменді ақсақал, 39 қажы-молла, 11 би, 9 болыс, 4 бақсы, 40 сал-сері қатысқан екен. Бұлардың ішінде Арқадан келген Баубек бақсы, Ақмешіттен келген Ақбала күйші мен Тұрмағамбет шайыр, Бөкей ордасынан әнші Мұхит Мералыұлы мен Дәулеткерейдің шәкірті күйші Әлікей, Жетісудан Жамбыл ақын және Қаратаудан күйші Сүгір бар. Бұл Қазақстан жерінде христиан миссионерлерінің жүгенсіздікке барып, халықты Айсаның дініне күштеп кіргізе бастаған кез. Түркістандағы аталмыш жиынның басты мақсаты, молланың оқу бітіріп келгенін тойлау емес, христиан миссионерлігіне қарсы қозғалыс ұйымдастыру екен. Келелі мәжілістің ара-арасында қазақтың айтулы өнерпаздарының өнер көрсеткені анық. Мұхиттың «Үлкен Айдайын» Сүгір осы жерде, әншінің өз аузынан естуі әбден мүмкін ғой…
…Қобызшы Сәрсенғали Жүзбаев маған бірде айтып еді, Сүгір «Қаратау шертпесін» Ғарифолла Құрманғалиев Созаққа келіп-кетерден бұрын тартып жүріпті, ақсақалдар солай куәландыратын деп.
Кім біледі. Бірақ қалай болғанда да Мұхиттың әні мен Сүгірдің күйі бір ғана музыкалық архетиптен өрістеп тұр. Архетип ешкімнің меншігі емес. Ол ұлттың рухани әлемінде тұрған ортақ қазына. Сол себепті бұл жерде біз, бір әуеннен біреуі ұлы ән, біреуі ұлы күй шығарған әнші мен, домбырашының биік талантына тек бас июіміз керек.
Сүгірдің қызы Ұлбала өзінің естелігінде былай дейді: … Әкей оңашада радиоға құлақ түріп, музыка тыңдауды ұнататын. Мұндайда тек қазақтың ән-күйі ғана емес, басқа елдердің де музыкасын кәдуілгідей ұйып тыңдайтын. Әлі есімде бір күні Еуропа халықтарының аспаптық музыкасынан концерт берілді. Әкей әдеттегідей, тапжылмай отырып тыңдады. Содан концерт біткен кезде біртүрлі қунақы көңілмен «Жақсы екен» деді. Сонсоң бізге қарап, «Қызық-қызық қайырымдары бар екен. Қайсыбірі біздің «Қосбасарға» келіңкірей ме, қалай өзі? Әй, тәйірі-ай, бірақ күйдей қайдан болсын. Күйдің түбі терең ғой. Бұлар бір түрлі, бетінен қалқып, беріден қайтатын сияқты. Ішке түспейді екен. Шамасы, далалы жердің адамдары емес-ау!» деп, сол жерде алған әсерін біраз сөз етті.
Біздің ойымызша Сүгір, бұл жерде орыс композиторы Александр Бородиннің «Князь Игорь» операсын айтып отыр. Себебі, тура осындай пікірді орыстың бір опера сыншысы айтқан. Бірақ, ол Тәттімбеттің «Қосбасар» күйінде орыс операсындағы бір элементтер кездеседі деген. «Князь Игорьдің» тұсаукесері 1890 жылдың 23 қазаны күні өткен. Бұл кезде Тәттімбеттің жаны жаннатта саялап жатқан. Әрине, Тәттімбет, Александр патшаның таққа отыру рәсіміне барған, ол жерде империяның әр түкпірінен келген бұратана халықтардың өкілдеріне неше түрлі өнер көрсетілген. Соның ішінде опералар да бар. Тәттімбет сол жерде орыс, я Еуропа композиторларының шығармаларынан алған әсерін кейін күйге енгізді деп мойындаған күннің өзінде, ұлы күйші өз өлімінен кейін жазылатын операның әуенін еш пайдалана алмасы хақ. Сондай-ақ, ол кездегі байланыс — коммуникацияның нашарлығынан А. Бородин де қазақтың қиян даласындағы әлдебір домбырашының күйін естіп, өз шығармасына пайдалана алмасы да хақ. Бұл «музыкадағы кездейсоқ сәйкестік» («случайные совпадения») деп аталатын құбылыс. Яғни, ешкім ешкімнен ештеңе алған жоқ. Кемеңгер Сүгір орыс операсының табиғатынан қазақ әуенін өзінің заңғар талғамымен қорытып шығарған.
Бұның бәрін неге айтып отырмын? Бірде Асқар аға былай деген еді: «Менің ойымша Сүгір радиодан Чайковскийдің «Аққу көлін», сондай-ақ, Штраустың патша сарайларындағы салтанаттарға арнап жазған вальстерін, тағы басқа осы тақілеттес шығармаларды көп тыңдаған. Генерал Асқаров тартатын «Аққу» күйінен еуропалық сауаттың иісі, тура аңқып тұр».
Құрметті оқырман, Асқар Сүлейменовтың бұл пікірі музыкадан ешқандай хабары жоқ адам үшін ғана тосын болып көрінуі мүмкін. Ал, жасында қазақтың күйін көп тыңдаған, сонымен қатар Еуропаның аспаптық музыкасына сусындап өскен адам, кемеңгер жайлы, кемеңгердің айтқан бұл пікірін бірден түсінеді.
Шынында да солай. Тыңдаңыз. Тымық ауа, тұнық су. Сол көлдің бетін бір шымыр еткізбей қалқып жүзген аққу. Жылжып келе жатқанымен, жылжымай орнында тұрғандай әсер қалдырады. Дыбыспен бұндай сурет салу қас шебердің ғана қолынан келеді. Бұл жерде, біз, Сүгір, батыстың музыкасына жалаң еліктеді, операның, вальстердің бір элементтерін тікелей алды деп отырған жоқпыз. Бұл жерде күйші жаңа эмоцияны, сұлулықты жаңаша пайымдау дағдысын үйренген. Ол аз десеңіз айтайық, Сүгірдің аталған күйі, сезім реңкі тұрғысынан Врубельдің «Аққу ханша» («Царевна Лебедь») атты суретін елестетеді. Байқасаңыз, сол кездегі ресми қазақ-совет композиторлығымен қатар, қияндағы Созақта, батыстың музыкалық мәдениетін пайымдап игерудің басқа мектебі және әлдеқайда дарынды, мәдениетті мектебі қалыптаса бастаған.
Ендігі ретте, Сүгірдің екі күйін ерекше атап өтпекпіз. Олар – «Ыңғай төкпе» мен «Жолаушының жолды қоңыры». Бұл екі жаухарды Сүгір, марқа жасында емес – қартайған шағында, тіпті өлімнің шегіне барғанда сомдап шығарғаны байқалады. Себебі, бұл күйлерде баяғы жастық шақтың алауы мен кемел шақтың тегеуріні жоқ. Тек ахиреттік философия ғана бар.
Қазақ күйінде мынадай бір құбылыс кездеседі. Ол – қазіргі, «дәстүр тазалығы» деп аталатын, саз өнеріне ешқандай қатысы жоқ, мәдениеттанушылық жолмен ғана қорытылып шығарылған жасанды қағидаға қайшы, соны тәрк ететін құбылыс. Бұны, кейбір қазақ күйлерінің оркестрге деген бейімділігі деп айтуға болады. Себебі, жеке орындауда ол күйдің сыры, айтпақ ойы ашылмайды. Бұл жерде жалғыз домбыраның құдіреті жетімсіз. Мінекей, Сүгірдің «Ыңғай төкпесі» осындай күйлердің қатарына жатады.
Аталған шығармада композитордың тарихи санасы айқын көрініс тапқан. Әлбетте, Сүгір кітаби.тарихшы емес. Біз бұл жерде оның философиялық пайым кейпіндегі тарихшылдығын айтып отырмыз. Күйде осы сайын сахараның төсінде сансыз ғасыр салтанат құрған Алаштың қажырының мұқалғаны, ұлттың жігерінің тозғаны, түптеп келгенде эпостың ерлік рухтың да шаршайтыны баян етілген.
«Ыңғай төкпенің», әсіресе оркестрлік нұсқасын тыңдап отырғанда, Мағжанның:
— Әлдеқайда бетпақ шөл,
— Бетпақ шөлде жалғыз жол,
— Сол жолменен жалғыз жан
— Түн бойы талмай жүріпті,
— Табанын тастар тіліпті,
— Келгенде атып алтын таң
— Сорлы шөлде өліпті,
— Жел құмменен көміпті,
— Балқиды жаным бұл күйге.
— Мені де өлім әлдиле…
— Әлдиле, өлім, әлдиле!..
– деген өлең жолдары еріксіз ойға оралады. Сондай-ақ аталған шығармадан Ықыластың ұлы күйі «Ерденнің» зор әсері сезіледі. Көне, тылсым ілімдерде әрбір нәсілдің, әрбір қабиланың төбесінде оның өзіне ғана тән рухани бұлттың болатындығы айтылады. Өнерде белгілі бір эмоцияны міндетті түрде біреудің ашуы, «жаңалық» алып келуі шарт емес. Рухани бұлт ортақ, сол себепті ол жердегі жаңа көңіл күйді әркім әр жерде отырып өзінше ала береді. Сол себепті, өмір сүрген уақыты шамамен бір болғанымен, ауылдарының арасы айшылық жер Ықылас, Сүгір, Мағжан үшеуінің шығармаларындағы көңіл күй бір жерден табылып отыр.
«Жолаушының жолды қоңыры» күйіне қатысты Төлеген ағаның шешесі Зейнеп әжеміздің айтқан бір әңгімесі есімізге оралады.
-Сүгір ағам төсек тартып, қайтыс болайын деп жатқанда дос-жаран көңілін сұрай келді. Сонда ағамыз жатып-жатып «Аман болыңдар, бақұл болыңдар, қарақтарым. Мен өз еліме кетейін деп жатырмын» деп еді жарықтық.
…Сүгір осылай депті. Ол қазақтың кеудесі биік кезінде туса керек еді, Кет Бұға сияқты, ханның оң тізесін басқан ақылшы уәзірі болып отырса керек еді. Алайда, жазмыш осылай болды. Туысында қапы жоқ, тек бөтен уақытта дүниеге келді. Және өз ғасырын таба алмай, басқа заманда адасумен өткен өмірін оның өзінен артық ешкім де жырлай алмады.
Сүгірдің шығармашылығында, оның күйлерінің авторлығында бірқатар даулы мәселелер бар. Оның себебі мынада. Күйші көппен бірге жаңа заманның орнағанына сенген. Алайда көп ұзамай жаңа үкіметтің, жаңа тәртіптің не екенін түсініп жеріп шыққан. Большевиктердің сиқынан жиіркенген, олардың ештеңеден тайынбайтынынан шошыған. Осылайша ұлы күйші өз-өзіне тұйықталып кеткен. Жиын-тойға көп бармайтын болған, кесірім тиіп кетеді деп азаматтармен де көп араласпаған.
Даңқты ұлы ғасырлар, озған заманның заңғар тұлғалары жайлы әңгіме былай тұрсын, тіпті өзінің бойындағы өнердің кілтипандарын, күйлерінің шығу тарихын ешкімге айтпайтын болған. 1936 жылы Сүгірге райкомның адамдары келіп, Сүке, Алматыда әнші-күйші, жыршыларды жинап жатыр. Мәскеуде қазақ өнерінің декада-онкүндігі болады. Біз сені ұйғарып отырмыз, Мәскеуге барасың, Сталиннің алдында өнер көрсетесің дейді. Сонда Сүгір «Сталин мені қайтеді, оның мені тыңдағаннан басқа жұмысы жоқ дейсің бе» деп қонақтарын шығарып салады.
Райкомның адамдары Сүгірді қырсық деп кетеді. Ал біле білген адамға бұл үлкен мінез. Бұл Сүгірдің Сталин әміршіге «Мен қасқа мен жайсаңның, небір дегдардың алдында домбыра шалдым. Олардың жанында сен кім едің» дегені.
Сүгірдің төңірегіндегі елдің ағайыншылдығына рахмет. Сол жерде бір адам жоғары жаққа бір арызды домалатып жіберсе, не болатыны белгілі ғой.
1947 жылы Сүгір Алматыға екінші рет шақырылады. Ол бұл жолы да бармай қалады. Іздеп келген бірді-екілі фольклоршы ғалымдарға мандытып ештеңе айтпайды. Осылайша Сүгір өнерінің төңірегінде неше түрлі алып-қашпа әңгімелер пайда болады. Кейбір күйлерінің авторлығына қатысты неше түрлі дау-дамай туады. Көріп отырғанымыздай өнернамасының маңайында осындай ахуалдың орнауына белгілі дәрежеде күйшінің өзі кінәлі. Сталин өліп, сұмдық репрессиялар тоқтап, «жылымық» заман келгенде, кілкілдеп тұрған қара сабаны ақтаруға, әңгіменің тиегін ағытуға болатын еді ғой. Өкінішке орай олай болмаған. Алайда Сүгірдің артында қалған осы қазынаның өзі бір ұлт үшін жетіліп артылғандай. Ең бастысы, қолымызда оның баға жетпес асыл мұрасы – күйлері бар емес пе. Ойымызша егемен елдің жаңа ғылымы күйші өнерін зерттеудегі кеткен олқылықтарды көп ұзамай түзетіп, бір ізге салады. Ал біз өз тарапымыздан, кей жерде азғантай дерекке сүйеніп, кей жерде саз өнері жайындағы өз пайымымызды тиянақ етіп, ұлы күйші жайындағы білгенімізді ортаға салдық. Артық-кемі болса, білетін адамдар түзете жатар.
***
Енді Сүгірдің артында қалған азғантай мұрагерлердің бірі Жанғали Жүзбаев жайында бірер ауыз сөз.
Күйшілер әулетінде туып, домбыраны қолына бала жасынан ұстағанмен, Жанғали, үлкен сахнаға жиырмадан асқан жасында ғана келді.
Өнерде түрлі тағдыр болады. Біреу өмір бойы тырбанады, өзіне тиесілі абыройына жете алмайды, кейде тіпті ішіндегі шеменді шығара алмаған күйі көз жұмуы мүмкін. Ал базбіреудің жолы туғанда ашық тұрады. Осы тұрғыдан келгенде Жанғали бауырымды маңдайы жарылып туған өнерпаз дей аламын. Ол бақытты күйші, себебі оның өмір жолында үнемі өнердің қадіріне жеткен абзал адамдар ұшырасып отырды. Солардың әрқайсысы қолынан келген көмегін жасап оны ары қарай ұзатып салып отырды. Осылайша ол елдің алды болып алғашқы күйтабағын шығарды.
Қазір күйтабақты кез келген адам үйде отырып компьютерден шығара салады. Ал барлық нәрсе мемлекеттің билігінде, мемлекеттің рұқсатында болған совет заманында, бұл, адам айтқысыз қиын нәрсе болған. Бүкіл одақ көлемінде «Мелодия» деген бір ғана фирма бар. Әр республикаға бөлінген лимит бар. Күйтабаққа жазылатын әрбір дәмелі өнерпаз Мәдениет министрлігінің қатал сынынан өтеді. Міне, Жанғали Жүзбаевтың күйтабағы Мақсат Мұхитденов сияқты дыбыс режиссерінің, Қаршыға Ахмедьяров сияқты музыкалық сарапшының ерен еңбегінің арқасында шығарылып еді. Консерваторияның кейбір жас ұстаздары «бұл бала бірінші курсты бітірмей жатып қалай күйтабақ шығарады» деп қызғаныш білдіргені бар. Бірақ бұл пыш-пыш әңгіме сол пыш-пыш әңгіме күйінде қалды. Ең бастысы, сол кездегі астана Алматыға жаңа есім болып келген Жанғали, ұлы Сүгірдің беймәлім он шақты күйін жарыққа шығарды. Бұл баға жетпес еңбектің мәні ешқашан жойылмайды.
Осылайша Жанғали алты алашқа танылды. 80-шы жылдардан бері қарай болған халықаралық республикалық ғылыми конференциялардың ішінде Жанғали қатыспағаны жоқ шығар. Сондай-ақ республика шегінде өткен ең айтулы концерттердің барлығында дерлік Жанғали бас орындаушылардың бірі болды. Сондай-ақ әр жылдарда шығарылған қазақ аспаптық музыкасының даңқты күйтабақ топтамаларының барлығына дерлік Жанғали қатысты.
Жанғали республикаға танымал педагог, оның түлектері түрлі конкурстардың лауреаттары. «Жақсы әкенің аты балаға қырық жыл азық». Осының бәрі аруағыңнан айналайын Сүгірдің абыройының арқасы, соның бақидан жетіп жатқан шарапаты. Кейінгі жылдары белгілі ғалым Мырзатай Жолдасбеков, күйшіге көп қамқорлық қылды. Жанғали елуге толғанда, сол ердің жасы кәдесін ол кезде Президент Мәдени Орталығының директоры қызметінде отырған Мырзатай ағамыз үлкен күй мерекесін қылып, ұлан асыр той қылып өткізіп берді. Бұл оның Жанғалиды «Сүгір сияқты асылдың сынығы» деп құрметтегендігі ғана емес, жалпы қазақ күй өнеріне тағзым еткені.
Бүгінде Жанғали азамат ретінде кемеліне келген, өнері толысқан, тындырғанымнан тындырмағаным көп деп есептейді.
Ойымша оған енді шәкірт іздейтін кез де келген сияқты. Мен бұл жерде оның Өнер Академиясындағы класынан жыл сайын топырлап шығып республиканың әр тарабына аттанып жатқан жас педагогтарды айтып отырған жоқпын. Менің айтып отырғаным оның өнерін алып, ары қарай ұзататын шын орындаушы.
Заманында Сүгірдің күйін төрт адам иемденіп қалыпты. Жайлы, Нұртай, Әбдіхалық, Жаппас, осы төрт шәкірт өздерінің жасы жеткенде өнер эстафетасын енді Төлеген Мамбеков, Генерал Асқаров, Файзолла Үрмүізов сияқты шәкірттеріне табыстайды. Төлеген мен Генерал ұлы ұстаздары Сүгірдің мұрасын Жанғалиға тапсырды. Күй керуені қазақ барда осылай жалғаса бермек.