Таласбек Әсемқұлов. Күйші Жанғали
Таласбек Әсемқұловтың мақалалары.
1987 жылдың жазы еді. Консерваторияға қызметке енді ғана тұрған кезім. Дәлізбен келе жатып бір топ абитуриентпен ұшырастым. Емтихандарды тапсырып болып енді нәтижелерін тосып отыр екен. Барлығының қолында бір-бір домбыра. Сәлемдесіп шұрқырап танысып жатырмыз. Біреуінің домбырасын сұрап алып Сүгірдің бір күйін шерттім. Күй шертіліп болғаннан кейін топтың ішінде тұрған, ақсары өңді, талдырмаш бойлы жігіт – Тәке, енді домбыраңызды маған бере тұрыңыз, – деді.
Мен Арқа күйіне жетікпін, Сүгір күйін тартқанымда әлдебір кемдігім бар екенін білетінмін. Алдымда жүресінен отырып күй шерткен жігіт менің барлық кемшілігімді жарқыратып ашып тастады. Және, онысымен қоймай күйді шертіп болғаннан кейін ащы жымиып бетіме қараған.
Дәулескер күйші Жанғали Жүзбаевпен мен осылай танысып едім. Оқуға сырттай түскендігін кейін естіп қуанып қалдым. Ал келесі жылы ақпан айында бірінші сессиясын тапсыруға келген Жанғалимен жақынырақ танысудың сәті түсті.
Бабымда едім, қолымдағы домбырам да жақсы еді. Ең әуелі өзіне, содан соң басқаға биік талап қойып үйренген сыншыл күйші, менің тартқанымды, алғашында, сеніңкіремегендей сынай тыңдаған. Тыңдаған сайын қырыс-тырысы жазыла берді. Содан соң ләм-лим демей Байжігіт пен Тәттімбеттің күйіне шомды. Қас қарайғанда ғана домбыраны оған ұсындым. Алмады. Бүгінге осы да жетеді деген. Содан соң қолымды қысып тұрып қысқаша бағасын берген. Мен үшін Жанғалидың сол пікірі қымбат. Себебі, шын өнерпаз үшін түсінбей айтылған ағыл-тегіл мадақтан гөрі, өзімен бастас шын сыншының сараң ғана айтқан бір ауыз пікірі қашанда биік тұрмақ.
Келесі күндері емтихан, зачет аралығында Жанғали мен жұмыс істейтін фольклор кабинетіне келіп өзі білетін Қаратау өңірі күйлерінің барлығын дерлік таспаға жаздырды. Осындай бітімдегі күйшінің осы уақытқа дейін беймәлім болып келгеніне қайран қалдым. Жаздырып қаттап қойған магнит таспаларды бірнеше күннен кейін «Мелодия» фирмасының дыбыс режиссері Мақсат Мұхитденовке тыңдаттым. Көп ұзамай сол жылдың жаз айында Жанғали Жүзбаев өзінің алғашқы күйтабағын жаздырды. Міне, содан бері табаны күректей жиырма жыл өтіпті. Жанғали күйші одан кейін де теледидар мен радиокомитет ұйымдастырған талай айтулы жобаларға қатысты, Қаратау өңірі күйлерін талмай насихаттады. Консерваторияны үздік бітіріп Жезқазғанда, одан кейін Астанада өзінің ұстаздық қызметін жалғастырды, қаншама талантты шәкірттерді тәрбиелеп шығарды.
Бүгін біз, енді екі жылдан соң ердің жасына келетін Жанғали күйшінің өнерін әңгіме етейік дедік.
Сан-салалы ән мен күй, жыр мектептерінің тоғысқан жері Созақ – ежелден қазақ даласындағы ең үлкен өнер ордаларының бірі болып саналады. Кәрі Созақтың топырағын заманында Ықылас сынды қобызшы, Әйкен менен Сүгір сынды домбырашылар басып өткен. Осындай күй тарландары жасаған өлкеде туып-өскен Жанғали бабалардың өнеріне мейлінше сусындап бұла боп өскен. Әкесі Әлімхан, інілері Сәрсенғали мен Ерғали, барлығы дәулескер күйшілер. Бір ошақтан төрт бірдей домбырашының шығуы басқа үшін шетін құбылыс болса да, өнер кеніші Созақ үшін қалыпты жағдай. (Марқұм Асқар Сүлейменов айтып еді, «Созақта домбыра тартпайтын адам ғажайып болып саналады, оны елдің барлығы жабылып қызықтайды», – деп).
Алғаш домбыраның әліппесін әкесі Әлімханның туған ағасы Сейітханнан үйренген Жанғали, кейіннен Сүгір күйшінің немере інісі Ботабағардан, содан соң Атабек күйшіден тәрбие алады. Өнері толысып, шеберлігі жетілгеннен кейін Төлеген Момбеков пен Генерал Асқаровтың алдын көреді. Жанғалидың өзі, ұстаздарының ішінде аталған екі күйшіні ерекше бөліп қарайды. Сүгір күйінің мерейін асырған, талмай насихаттап ұлттық сахнаға кең жол ашқан күй тарландарынан дәріс алу, әрине, үлкен бедел. Алғаш Жанғалиды магнит таспасына жазып отырғанда, оның осы, Төлегеннің шертісін елестететін ауыр қағысына назар аудардым. Мысалы, «Қосбасар», «Телқоңыр», «Бозінген» сияқты күйлерден осыны аңғарасыз. Созақтың күй шежіресін жақсы білетін адамдар Сүгірдің қағысы, шамамен, осындай еді дегенді айтады. Алайда, қазақ күй өнерінің білгірі, музыкатанудағы, күйтанудағы ең үлкен авторитет болып саналатын Асқар Сүлейменовтың бұл тараптағы пікірі мүлдем басқа еді. Қаратау өңірі күйшілерінің Алматыда өткен үлкен бір концертінен кейін кәрі – жасымыз Төлеген Тоқбергеновтың үйіне жиналдық. Сонда Асекең концертке, ондағы күйшілердің тартқан күйлеріне комментарий беріп отырып былай деген еді.
– Сүгірді тұтастай ешкім ала алған жоқ. Өзім ол кісінің тартқанын алыстан бір-ақ рет естідім. Әйкен келіп Сүгірдің үйіне түсті. Бүкіл Созақтың халқы жиналып, біз, ұсақ балалар Сүгірдің үйінің маңайына бара алмай қалдық. Сонда Сүгір күй шалғанда маған домбырадан гөрі қобыздың даусы болып естілді. Сүгір жас кезінде Ықыластың жанында көп жүріпті. Содан жұққан қасиет болуы мүмкін. Бірақ қазір тұтас Сүгір ешкімде жоқ. Созақтың күйшілері Сүгірді бөліп-бөліп алған сияқты. Әркім өзінің естігенін ғана алған.
Содан соң ойланып отырып адамның ақылына сыймайтын бір парадоксты ұсынған.
– Менің ойымша Сүгірдің аруағы бір-ақ адамға – Генерал Асқаровқа қонған. Ол аз десеңіз айтайын, Генерал – тіріліп келген Сүгір.
Көп адам Асқар ағамыздың бұл ойын түсінбеді, қабылдамады. Қайсыбірінің тіксініп қалғаны байқалды. Күй сыншысының осы айта салған сөзінің сырын көп уақыт өткеннен кейін, Жанғали күйшінің шертісін зерделеп отырғанда түйсіндім. Шартты түрде Қаратау мектебі деп аталатын күй машығы көп жағдайда нашар интерпретацияның салдарынан Тәттімбеттің күй машығына ұқсап кеткен сияқты. Себебі, шертпе күй радио арқылы көп насихатталмаған, оқу-ағарту орындарында Әбікен Хасенов жеткізген Тәттімбеттің бірнеше күйі ғана уағыздалған. Ал Созақтың күй өнері мүлдем тасада қалған. Күйден хабары бар адам мені түсінеді. Айтайын дегенім мынау: Қаратау – Созақ күй мектебі – шертпе күйдің бір тармағы, бірақ Арқа күйінің өзі де емес, көлеңкесі де емес. Бұл – кезінде қазақ-қалмақ соғыстары заманында, түрлі тарихи тағдыр несібесімен Сарысу, Шу бойына, Қаратау-Созақ өңіріне қоныстанып қалған алшын, жаппас, тама мен жағалбайлы руларының күйшілері алып келген алабайрақ күй мен қобыз күйінің және қара шертіс Арқа күйінің астасуынан қалыптасқан ерекше бітімдегі күй. Күй жинау экспедициялары кезінде фольклоршы ғалымдарды қайран қалдыратын Созақ – Қаратау өңіріне тән «ала – құла» репертуар, ол мектептің осы үш түрлі бастаудан қалыптасқандығынан. Сол себепті музыка зерттеуші ғалымдар Сүгірдің «Ыңғай төкпе» күйін қай дәстүрге жатқызарын білмей қиналады.
Жоғарыда аталған А.Сүлейменовтың орындаушылық стиль жайлы пікірі қазақ музыкатануының ең басты саналуға тиіс проблемасының шетін ашып кетті. (Әрине, түсінген адам үшін) Мысалға, көптеген дәулескер күйшілер Мағауия мен Әбікен екеуінің қайсысы Тәттімбетке жақын тұрғанын әлі күнге дейін айтып бере алмайды. Себебі, Әбікеннің шеберлігі сол заманда сахарадағы Тәттімбет күйінің ахуалын және интерпретациясын көрсететін ең үлкен деңгей. Алайда, Мағауияның орындауындағы Тәттімбет, адамды бұрынсоңды беймәлім сезім дүниесіне жетелейді. Мағауияны тыңдап отырғанда Тәттімбеттің неге сері атанғанын түсінесіз. Асқар Сүлейменовтың келелі пікірінің астарында үлкен ой жатыр. Сүгір күйін байыптай тыңдаған адам оның күйден мүлдем бөлек бітім екенін түсінеді.
Әрине, Сүгір, еі әуелі – күйші. Оның шығармашылығының дені – көрікті, жаухар күйлер. Бірақ осының сыртында Сүгірдің, тылсым дүниесінен де хабардар адам екенін ажырату қиын емес.
Жанғали бірде «Щалқыманы» тартып болып «Осы күйді мен түсіне алмай-ақ қойдым. Күйден гөрі бақсының сарындарына ұқсайды» дегені бар-тын.
Бұл жерде Сүгір туралы осыншама көлденең дерек пен пікір келтіруіміздің жөні біреу-ақ. Ол ұлы Сүгірдің жолын қуған дәулескер күйшілердің бірі Жанғали Жүзбаевтың шығармашылығының, оны басқалардың өнерінен ерекшелеп тұрған айрықша сипатын мүмкіндігінше талдап түсіндіруге тиянақ ету.
Жанғали күйші өзінің ұстаздарын айтқанда Генерал Асқаровты ерекше атап отыруының сыры, жоғарыда келтірген А.Сүлейменовтың пікірінде жатыр. Жанғали Сүгірдің «Шалқымасын» орындағанда сіз Төлеген Момбековтың емес, еміс-еміс Генерал Асқаровтың асау шертісін естіп отырғандай боласыз. Неге бұлай? Генерал Асқаров, «Шалқыманы» орындамаған. Көп ойландым. Ақыры тапқан сияқтымын. Егер Генерал Асқаров «Шалқыманы» орындай қалса, тура осылай орындар ма еді. Міне, Жанғали күйші өзінің ұстазының орындауын осылайша елестеткен. Көп адам Жанғалидың шертісін тыңдап отырып оның Төлеген Момбековке ұқсайтынын айтады. Жаңсақ ұғым. Сыртқы көрініс қана. Жанғалидың шертісі кей кезде Төлеген күйшінің шертісін елестететін болса, ол оның Төлегенді көп тыңдағанының ғана белгісі. Ұғатын құлақ оның Генерал Асқаровтың табиғатынан тамыр тартатынын бірден ажыратады. Сөз жоқ, Жанғали күйші Сүгірдің «Бозінген», «Телқоңыр», «Жолаушының жолды қоңыры» сияқты айтулы күйлерін Төлегеннен үйренген. Бірақ күйдің мазмұнын үйрену бар да, оны өз машығына салып тарту бар. Осы аталған күйлердің орындалу машығы екі күйшіде екі түрлі. Осы арадан келіп орындаушылық талдаудың, интерпретацияның үлкен бір сыры ашылады.
Батыс Еуропа музыкасының аясында тәрбиеленген адам кез келген музыканы алғашқы бірнеше такттен, музыкалық фразаның ширегінен немесе жартысынан ажыратады. Ал қазақ күйшісі күйді жалғыз дыбыстан ажыратады. Неге? Себебі, батыс адамының естуі – көп дыбыстық, үлкен көлемдік есту. Ал қазақ музыкантының естуі – тембральдік, колористік есту.
Бүгінде күйді жақсы орындау жалпыға ортақ деңгейге айналды. Күйші көп. Бірақ мәнер аз. Қазақтың бүкіл орындаушылық өнері бірнеше ғана стильдің маңайына топтасып отыр. Кейбір музыкалық оқу орындарының ұстаздары осы азғантай стильдің өзін азайтқысы келіп тұрады. Күй орындау унификацияланды. Бұрынғы ұшан-теңіз дыбыс байлығы бүгінде ұқсас домбыра, бір-бірінен айнымайтын мәнердің төңірегінде ендігі өлудің аз алдында тұр.
Қазақтың таңғажайып есту қабілеті жайында тағы бір мысал. Менің ұстазым Жүнісбай Стамбаев домбыраның әліппесін әйгілі ақын Бодаудан үйренген. Кейіннен байдың тұқымы деп қуғындалып жүргенде Қарқаралыға қашып барып, бой тасалап жүреді. Бірде бір үйге ат шалдырып шай ішіп отырғанда керегеде ілулі тұрған домбыраға көзі түседі. Домбыра шертпегеніне жылдан асып кеткен, күй аңсаған Жүнісбай домбыраны сұрап алып бірнеше күй орындайды. Сонда үй иесі «домбыраны Бодаудан үйренген жоқсың ба» деп сұрапты. Ұстазымның шерткені елдің барлығы білетін Тәттімбеттің күйі.Үй иесі елдің бәрі шертетін күйден Бодаудың мәнерін таныған, себебі, қайталап айтайық, қазақтың байырғы есту қабілеті – тембральдік есту.
Міне, осы тұрғыдан келгенде Жанғалидың орындауы дыбыс пен реңкке аса бай орындау.Айтар едім, қазіргі орындаушылық өнерде, дыбыстың бояуы, қанықтылығы тұрғысынан Жанғалимен шендесетін, яки қатар тұратын адам кемде-кем.
Бірнеше мысал. Сүгірдің «Бес жорға» күйі техникалық тұрғыдан аса қиын, көп орындалмайтын күй. Мұндай шытырман шығарманы Төлеген Момбеков, және әлбетте Жанғали Жүзбаев қана орындайды. Әрине, нота бойынша бұл күйді екінің бірі «тарта алады». Біз бұл жерде шын мәнісіндегі орындауды, байырғы қазақтың күй сынына лайық орындауды айтып отырмыз.
Міне, осы күйде Жанғали дыбыстардың арасында құлаққа естілер-естілмес кідіріс жасайды.
Бұл тәсілді үйрену мүмкін емес, себебі, ол қаннан және сол өңірдегі дәстүрден даритын қасиет. (Музыкатануда бұл тәсіл «нано-пауза» деп аталады). Таратып айтатын болсақ, күйдегі бұл ілездік кідіріс өз бетінше тұрған, эффект үшін жасалған тәсіл емес. Бұл жерде, күйші, әр дыбысқа жеке тамсанып үлгеріп отырады. Осыдан келіп кейде Жанғалидың орындауында күйдің темпі болар-болмас түсіп кеткендей көрінеді. Күйде «езу» деген де тәсіл бар. Күйші тыңдаушының бет әлпетіне қарап отырып, оған күйдің бір қалтарыс бұрмасының ұнап қалғанын байқап қалады. Мұндайда тыңдаушы кейде «Ой, пәлі!» деп қалады. Содан соң аталмыш иірімді бірнеше рет қайталайды, және кеңейтіп, созыңқырап, әдемілеп қайталап тыңдаушының сусынын қандырып кетеді. Бірақ ілездік кідірістің бұл тәсілге ешқандай қатысы жоқ. Бұл тәсіл тыңдаушының дыбысты жылдам пайымдап үйренуіне бағышталған. Бұл мүлдем жаңа музыкалық мәдениеттің нышаны. Яғни, Жанғали күйші әр дыбысты қолмен ұстап, реңктеп, сараптап шығарады. Құлаққа естілер-естілмес кідіріс осы үшін керек.
Әрине, Жанғалидың бағын асырған күй – «Назқоңыр». Бұл күйді Генерал Асқаровтан кейін ешкім тартпаған да сияқты. Күй, Сүгірдің аңызбен астас махаббат жайын баян етеді. Тектіден текті аралап Найман елінен айттырып алып келген аяулы жары, әйгілі күйші Мафруза бір жылдан соң көз тиіп өледі. «Назқоңыр» – алғашқы күндердің қалың қайғысын, күйшінің, басын тау мен тасқа соғып, бойын өртеген қасіреттен, өкініштен «ах» ұрған қиямет сәтін бейнелейді. Сондай-ақ бұл күйде, Сүгір алғашқылардың бірі болып, адамның жүрегіндегі тәубаны бейнелейтін әуенді ойлап тапқан, енгізген. Сонау төменгі сағаға барып, он екі мүшені талдырған, қайғыны судай іштірген күй жоғарғы сағаға қайтып келіп, кенет аунап түсіп, алқоңыр әуенге ауысады. Осыншама қайғыдан келіп күйдің мажорға ауысуы әдетте, басталған бұраудан ауытқымайтын, сол бұраумен аяқталатын қазақ күйі үшін жаңа құбылыс, сырт құлаққа тіпті жағымсыз модуляция болып естілуі мүмкін. Бірақ құлағыңыз үйрене келе Сүгір күйінің биік парасатына бас ұрасыз. Мен Сүгірдің Абай поэзиясымен қаншалықты таныс екенін білмеймін. Абай сүйікті ұлы Әбдірахман өлгенде қолын жүрегіне қойып жаратқан Иеге тағзым етіп:
– Дүниеде, сірә, сендей маған жар жоқ
Саған жар менен артық табылса да, – деген.
Осындай ұлы қайғыны жеңген, Алла Тағала қандай сынға салса да тәубасынан жаңылмаған хаким Абайды біз бір мақаламызда Енжілдегі Аюп пайғамбарға теңеген едік. Сүгір Енжілден де бейхабар болуы мүмкін. Яғни, басына түскен қайғыны аяғына дейін өзі кешкен, тәубаға өз жолымен келген. Сол себепті мен Сүгірді шын мұсылман деймін.
Оның «Назқоңырмен» бастас, өзектес шыққан тағы бір күйі бар. Ол – «Қаратау шертпесінің» біз білмейтін нұсқасы. Біз бұл күйді неге «Назқоңырмен» өзектес дейміз? Себебі, тұрмыстық фактор мен психологиялық фактор бір-біріне қайшы келгенде соңғысы жеңеді. «Қаратау шертпесінің» біз айтып отырған нұсқасында «Назқоңырдан» қалған психологиялық күй ары қарай сабақталады. Әрине, мұнда да Сүгірдің қайғыға құлап кететін жерлері бар. Бірақ бұл күйде «Менің махаббатым осындай еді ғой» деген қоңыр күрсініс басым. Қайғыны аяғына дейін кешіп, құлазыған жалғыздықтан өткен қажырлы көңіл ақырсоңында осылай дамылдайды. Сүгірдің басынан кешкен асқақ сезімге арнаған осы екі күйі – ойымызша мұсылман әлемінің ең таңдаулы күйлері болып саналуы керек.
Генерал менен Жанғалидан кейін бұл күйлерді енді жастар тарта алар ма екен деген ой кей-кейде адамды мазалайды. Музыка тарихында орындаушылықтың асу бермес биік шыңы болып қалған мысалдар көп. Дина Нұрпейісовадан кейін Құрманғазының «Қайран шешем» күйін ешкім де олай тарта алмайды. Шәміл Әбілтаевтан кейін Құрманғазының «Ақбай» күйін ешкім де олай шала алмайды. Садуақас Балмағамбетовтың орындауындағы Қазанғаптың «Балжан қыз» күйі де ешкім ала алмайтын асу болып тұр. Сондай-ақ Генерал Асқаров пен Жанғалидың орындауындағы «Назқоңыр» және Жанғалидың орындауындағы «Қаратау шертпесінің» аталған нұсқасы да осындай, ешкім аса алмас биік сеңгір болып қалатын түрі бар.
Жанғали күйшінің енді бір қыры бар. Ол – Сүгірдің бұрын шертілмеген тың күйлерінің жеткізушісі және насихаттаушысы. Осы күнгі репертуарға кірген «Бес жорғаның» толық нұсқасы (аңызымен бес күй) тағы бірқатар күй – Жанғали жеткізген шығармалар.
Бүгінде республикадағы музыка өнері саласының ең үлкен бір проблемасы, нотаны сауатты жазу төңірегінде өрістеп отыр.
Бір күйдің өзі түрлі адамның қолынан түрлі нұсқа болып, оның сыртында нотада түрліше таңбаланып жатады. Көп жағдайда бұдан жапа шегетіндер-музыкалық жоғары оқу орындарының студенттері. Осы жайында бір сұрағанымда Жанғали күйші былай деген еді.
– Нота – күй өнерінің жазба мәдениеті. Яғни, нота-әліпбидегі әріптер сияқты. Біз әріптер арқылы сөзді қалай таңбаласақ, нота арқылы музыканы да тура солай таңбалаймыз. Естігенін әріппен таңбалап бере алмайтын сауатсыз оқушылардың болатыны сияқты, құлаққа емес – тіпті көзге көрініп тұрған дыбысты нотаға түсіре алмайтын сауатсыз нота жазғыштар болады. Және оларға қой деп айта алмайсың, қойғыза алмайсың. Себебі, әрқайсысы өзін Стравинскийден кем көрмейді. Түсірген «ноталары» бойынша ойнаған музыканттардың ұятқа қалып жататындығында шаруасы жоқ. Сол себепті музыкалық оқу жүйесінде қаптаған қате нота, сол себепті қаптаған қате орындау. Ахмет Жұбановтың кезіндегі жауапкершілік жоқ қазір.
Айта кету керек, Жанғали Жүзбаевтың шәкірттері орындаған күй нұсқалары, ең дұрыс нұсқа болып есептеледі.
Республикадағы бірқатар айтулы күй бәйгесінің жюриінде отыруы да Жанғали күйшінің биік сауатынан болса керек.
Белгілі күйші, ұстаз, жарты мүшел кіші әріптес бауырыма, сөз соңында абырой қонсын, өнерің өрісті болсын деп тілек тілеймін.
Дереккөз: otuken.kz