Таласбек Әсемқұлов. Сұлулықта ояну (жалғасы)

Таласбек Әсемқұловтың таңдаулы мақалалары

Аялдар Күнтуған

  • 07.12.2024

(Соңы. Басы мына сілтемеде)

Сұлулықта ояну

Осы, өлең деген не? Талғам деген не? Жаңа өрнек, жаңалық деген не?

Кванттық физиканың пайғамбарлары С.Вайнберг, С.Хокинг, «Ғылым ақыр-соңында жаратылыстың барлық сырын түсіндіріп бере алатын біртұтас, бір ғана теорияға келеді» деген пікір айтады. «Осыдан кейін адам шын мәнісінде болмыстың әміршісіне айналады. Осыдан кейін біздің өркениетті ешқандай апат күйрете алмайды». Әр сөзіне жауап беретін ұлы ғалымдардың пікірі осылай.

Мен де армандадым. Өнердегі түрлі ағымдарды, түрлі түсініктерді татуластырып, басын қосып, ақырында ешкім күмән келтіре алмайтын, мәдениеттің, өнердің барлық құбылыстарын түсіндіріп бере алатын бір ғана теория жасалса деп армандадым.

Көп оқыдым. Ұққаным, әр ғасырдың, әр қоғамның, әр қабиланың өнер, мәдениет жайындағы өзіне ғана тән түсініктері болады екен. Жылжып уақыт өтті. Есейдім. Осы кезде алғашқы ұққанымның барлығы сырт көрініс екенін түсіндім. Әлем мәдениетіндегі қисапсыз ағымдар, түсініктер, идеал-аңсарлар, жүздеген «измдер» түптеп келгенде бір ғана мәдениеттің, бір ғана ұлы рухтың түрлі қалпы, қыры, әрқандай көрінісі екеніне көзім жетті.

Сөз құрғақ болмас үшін бір-екі мысал келтірейін. Қытай мәдениетінде «инь» мен «янь» деген екі түрлі энергияның тепе-теңдігі жайында айтылады. Орыстың ғалымдары осы екі энергияның бірі – көмірқышқыл газы, бірі – оттегі екенін анықтаған. Осы екі материяның жарасымы адамның ағзасын, санасын, көңіл-күйін тепе-теңдікте ұстайды. Ал адамның ішкі жарасымы сыртқы дүниеге әсер етеді. Осылайша қоғам жарасым табады. Тізбек – ғарыштық жарасымға дейін жалғасады.

Жапондарда «саби» деп аталатын эстетикалық мектеп бар. Қысқаша айтқанда, қатыгез көріністерді тамашалау дағдысы. Теңіздегі кеменің өртеніп суға батып бара жатқаны да сұлулық. Ал біздің этоста (мен бұл жерде батырлар жыры яки басқа жекелеген құбылысты айтып отырғам жоқ) бұндай эстетикадан аяқ алып жүргісіз.

Демек, мәдениеттердің арасындағы қайшылық, түсініспеушілік, көп жағдайда, бар болғаны әріпке ғана таласудың, терминологиялық түсініспеушіліктің ғана көрінісі екен. Демек, ақырсоңында адамзат баласын татулыққа әкелетін біртұтас теория мүмкін екен…

Бұл теория өнердегі, жалпы мәдениеттегі түрлі ұлттық мектептерді жақындастырып қана қоймайды, бұл теория, түптеп келгенде адам атты қабиланың барлығын бір-бірімен туыстастырады. Әрине, асырыңқырап айтқан, алайда асқақ романтикалық пафосын алып тастасаңыз, аталмыш теорияның шындықтан аса алшақ кетпейтінін байқайсыз.

Жаулық жоқ – тек қана түрлі ракурс бар. Адамдар бір-біріне дұшпан емес – шындықты, ақиқатты пайымдаудағы түрлі тұғыр, позиция ғана бар. Сеніңіз, сенбеңіз – соңғы өнер теориялары осылай дейді.

Міне, осы теорияларға сүйене отырып айтарымыз: өнер дегеніміз (бұл жерде поэзия, сурет, немесе музыка деп, түрлі жанрлардың арасын бөлмей-ақ қояйық) – сұлулықта ояну.

Батыстың бір ұлы ойшылының айтқаны бар, «Егерде елдің барлығы бірдей ойласа, онда ешкім ештеңені ойлап жүрген жоқ, ешкімнің басында ешқандай ой жоқ деген сөз» («Если все думают одинаково, значит никто не думает») деп. Кеңес заманында тоқтаусыз репрессияның күшімен ойдың барлық дәрежесі бір ғана деңгейге келтірілді. Нәтижесінде, бүкіл қоғам бір-ақ адам болып шықты. Ойында ешқандай алалық, күмән, түйткіл жоқ жалғыз адам. Ал шындығында, бұл басында ешқандай ой жоқ жалғыз адам еді. Тиісінше, елдің барлығы бірдей ойлағандықтан – бірдей жазды. Бұны әдебиетте «моностиль» дейді. Ал жазу – ойдың тікелей көрінісі болғандықтан, түптеп келгенде ешкім ештеңе жазған жоқ десе де болғандай. Әрине, тонналаған қағаз, кеспек-кеспек сия жұмсалды. Алайда, қоғамда ешқандай ой қозғалысы болмағаннан кейін бұндай жазудың бары да, жоғы да – бір есеп.

Сонымен, бүкіл қоғам ояу жүріп ұйқыда. Міне, осындай кезде, тылсым ұйқыда жатқан адамзаттан бір адам оянады. Ол адам қоғамдағы еркіндік дегеннің, шындығында кісен екенін, адамның езгіде отырғанын, аспанның көк емес – сұр екенін, қысқасы, дүниедегі бар шындықты кіреукесіз, боямасыз көреді. Міне, осы адамды ақын деңіз.

Өнер деген, «сұлулықта ояну болса», азап пен кісен, сұр аспанда не сұлулық бар дерсіз. Бұған айтарымыз, азаптағы адамның қайғысына иілу – өнердің бір мінезі, сұлулықтың бір парасы болып табылады.

Қоғамды басып жатқан ұйқыдан ояну – жаңа тілде, жаңа тілдік шындықта ояну деген сөз. Ұмытпасам, Иосиф Бродскийдің «проснуться в языке», яғни «тілде ояну» деген термині бар. Міне, осы күні кейбір жас қаламгерлердің жасап жүрген тілдік эксперименттерінің мән-мағынасы, қысқашалап айтқанда – осы.

Алайда, бұл жерде де арнайы түсіндіруді қажет ететін бір жайт бар. Бұл графоманияға қатысты түсіндірме. Терминнің семантикасы: «графо» немесе «графика» – «жазу», «мания» – «ауыру». Яғни, «жазудың ауруы» «жазбаса отыра алмайтын сырқат». «Графоман – әдебиетке ең адал адам» деген афоризм бар. Графоман ешқашан жазған дүниелеріне қаламақы сұрамайды. Ақысыз-пұлсыз жазады. Әдебиеттің өркендеуі тоқтап қалса да графоманның жазуы тоқтамайды.

Әдебиетте, бір жазу әдісінен басқа бір әдіске ауысатын, «изм»-нен, «изм»-ге көшетін кезеңге тән дағдарыс, тоқырау графоманияға жат. Графоман күйзелістің не екенін білмейді және ең кереметі – графоманияда да өсу, жетілу бар. «Шеберліктің» шыңдалуы бар. Бірақ, жоғарыда айтылған афоризм – жетіп айтқан сөз емес. Себебі, графоман, әдебиетке емес – жазуға ғана адал. Ал жазу мен әдебиет бір-біріне тең келе бермейді.

Ол үшін жазу процесінің өзі ғана, қаламның астынан қиқы-жиқы әріптердің пайда болуы ғана қызық, қымбат. Ол үшін әріптің пайда болуы – жаратылыстың басталуымен бірдей құбылыс. Әрине, графомания адам табиғатынан тыс тұрған кездейсоқ нәрсе емес. Сиоматика ғылымының түсіндіруінше, адам өз өмірінде адамзаттың жаратылуы мен одан кейінгі өсіп-өркендеу тарихын қайталайды.

Яғни, адамзаттың жүздеген мың, немесе миллиондаған жылдық тарихын жеке адам, бір өмір, бір тағдыр барысында «жылдам» қайталап, «жылдам» кешіп шығады. Көзіңізге елестетіңіз. Жахилиеттен ары, тас дәуірінен де ары өте көне заман. Осы ықылымда жатқан заманның бір жабайы адамы қолына таяқ алып саздауытқа бір сызық немесе өзінің деңгейіне сай бір таңба салды. Салды да қолынан шыққан суретке қайран қалып, тұрып қалды. Осы таңданыс, геннен генге өтіп бүгінгі бір адамның бойынан тепсініп шықты дейік. Сол адамды графоман деңіз.

1984 – 1987 жылдар аралығында «Жазушы» баспасында қызмет еттім. Осындай графомандардың, жазудың айықпас дертіне ұшырағандардың талайы алдымыздан өтті. Көбі қариялар. Есеймеген күйі қартайған, балалықта қалып қойған осы қариялардың талайының «кітабын» шығардық. Кітап өндіріске кетердің алдында редакциялық кеңес болады. Осы кеңестерде салиқалы редактордың позасында отырып, аталған шатпырақтарды салиқалы «талдаған» қандай қиын десеңізші. Амал жоқ, сөйлейсің, «пікір» айтасың, өгіздің терісімен қаптап «кітабын» шығарып бересің. Өткен «әдебиет тарихының» бір көрінісі. Ұмытылмайды екен.

Әдебиеттің емес, әріптің дертін айтамыз деп сәл қиыс кеткен екенбіз. Енді алдыңғы тақырыпқа қайтып келейік.

Сонымен, сұлулықта, сол сұлулықты таңбалап жеткізетін жаңа грамматика, жаңа синтаксис, жаңа тілдік шындықта ояну дедік. Бұл жерде тағы да бір айта кететін нәрсе – шын суреткерлік пен графоманияның арасында қылышпен шапқандай шекара жоқ. Мен бұны өнерден мағлұматы бар адам ретінде, керек десеңіз, қолымды Құранға қойып айта алам. Шын суреткерлік пен графоманияның арасында ондаған демейін, жүздеген талант дәрежелері бар. Сол себепті саналы адамның барлығы жазуға құқықты. Өйткені, саналы, ақылды адам өзінің талант дәрежесінің жазуға жеткілікті, я жеткіліксіз екенін шамалай алады. Өнердің экологиясы бар екенін мойындасақ, онда ол топырақты алып ағаштар мен бұталар ғана емес, жерді қаптай жапқан шөптесіннің бар екенін де мойындауымыз керек. Келіссеңіз де, келіспесеңіз де, мәдениеттің өмір сүруінің жалғыз ғана шарты – осы. Жаман, жақсының жақсы екенін парықтап білу үшін болса да керек.

Асқар Сүлейменовтің айтқан сөзі бар, «Осы жүргендердің барлығы ақын, барлығы музыкант. Тек соны өздері ұмытып кеткен» деп. Ұлы ұстазымның сөзін «әртүрлі дәрежедегі ақын немесе музыкант» деп толықтырайын.

Жаныңда бір адам жүреді. Қарапайым, тіпті, қарабайыр дейік. Оның қарабайыр екеніне көзің әбден үйренген, одан енді ештеңе шықпайтынына нық сенгенсің. Күндердің күнінде надан деп үкімін шығарып қойған сол адам сен білмейтін мүлдем жаңа қырынан ашылады. Сол, сен үшін бейтаныс қырында, ол – нағыз ақын екеніне көзің жетеді. Бұл сенің адамдығыңа сын мысал. Егерде адам болсаң, жаныңда жүрген сол пендеге деген көзқарасың өзгереді, оны бауырыңа тартасың, құрметтейсің. Ал жасөспірім кезіңдегі өмірлік сертіңде қалған, жүрегің қара тастай қатқан біреу болсаң, онда, «өмірде не болмайды» деп бұрылып жүре бересің.

Осы екеуінен, мен, алдыңғысын, өзгере білетін, қоғамға лайықтала білетін алдыңғы адамды құрметтеймін.

Батыста өткен ғасырдың екінші ширегі шамасында өрістеген постмодернизм деген мәдени құбылыс болған. Анығын айтсақ, бұл, суреткерліктен гөрі қабылдаушылыққа, тұтынушылыққа таман жақын тұрған, оқудың, тыңдаудың, тамашалаудың кілтипандарын көбірек түсіндіретін ілім. Қысқаша қылып айтсақ, төмендегідей болады. Жер бетінде, болмыста, аяқталған шығарма жоқ. Қандай да болмасын шығарма (сәулет, музыка, әдебиет, т.т.т. үлгісаі болсын, айырмасы жоқ) қабылдаушының санасында ғана өзінің ақырғы формасына енеді, ақырғы мазмұнға жетеді, сол жерде аяқталады. Яғни, оқырмансыз, тыңдаушысыз, тамашалаушысыз, жинақтап айтсақ, қабылдаушысыз көркем шығарма жоқ. Қанша оқырман бар, сонша Абай бар («Әркімнің өз Абайы бар» депті ғой біреу). Яғни, бұл жерде әдебиетті ғана сөз етсек, жазушымен шығармашылық бірлестікте болғандықтан, шығарманы, көркем формасын күрмеп, соңғы, ақырғы қалыпқа келтіретіндіктен оқырман енді өзі де автордың деңгейіне көтеріледі. Демек, оқырман жоқ – сансыз авторлар ғана бар. Демек, елдің барлығы – автор.

Қандай да болмасын шығарма, егерде ол жаңашыл болса – қашанда интеллектуалдық провокация. Шығармадағы жаңа түйсік, жаңа ойдың әсерінен қоғамда интеллектуалдық дауыл басталады. Осылайша, қоғам түлеп, жаңарып, жасарып отырады. Осы тұрғыдан келгенде суреткердің міндеті ауыр. Себебі, қандай да болмасын көркем ой әлеумет санасын сансыз рет шарлап өтіп, қуатын тауысқаннан кейін оның ғұмыры аяқталады. Осыдан кейін әлеуметте, осы, ескірген ойға қарсы иммунитет пайда болады. Күнде айтылған, өзгермей күнде қайталанып отырған ойға адамның еті үйреніп кетеді, селт етпейтін болады. Ой-сана ескі, заман ескі.

Қандай да болмасын ой, үш кезеңнен өтеді. Алғашында от шашып алаулап тұрған кезінде ол ой күпір болып саналады (күпірлік кезең). Содан соң жаңа ой қоғамдық санамен жарасым табады. Бұл оның қоғам тарапынан мойындалған даңқты кезеңі (ұлы идеялық кезең). Ең соңында ескіріп, артынан жеткен келесі лек жаңа ойдың жолына кес-кестеп тұрып, қоғам өміріне, мәдениеттің өркендеуіне кедергі келтіре бастаған кез (өлген, кертартпалық кезең).

Өнер тілінің ескіргендігі өткен ғасырдың 70-ші жылдарының ортасына таман пайымдала бастады. 1979 жылдың көктемінде ҚазПИ-ң жаратылыстану-география факультетінде қазақ жазушыларымен болған әйгілі кездесуде бір студент Асқар Сүлейменовке, – Аға, сіз, өнердің, әдебиеттің тілі ескірді дегенді қандай мағынада айтып отырсыз, осыны түсіндіріңізші, – деп сауал тастаған.

Сонда Асекең, әдетінше басын сәл кегжитіңкіреп аз-маз ойланып былай деген еді: – Мысалы, мен, немесе Әбіш Кекілбаев, немесе басқа бір жазушы көне түркі тілінде жазсақ, қалай болар еді? «Мен, Тәңрітек, Тәңіріде олмыш Білге, Тәңрі алқап қаған олұртым» десем, түсінер ме едіңіз?

Отырған жұрт күлген.

– Әрине, түсінбейсіз, – деді Асекең, – Әлбетте, профессор Томанов түсінер еді. Алайда, бұл оның мамандығы. Ал сіз түсінбейсіз. Себебі, көне түркі тілі баяғыда түрлі түркі тілдеріне айналған. Ғалымдар ғана білетін, оқи алатын жәдігер. Алшақ болса да, осы мысал менің алдыңғы ойыма дәлел бола алады. Қазір қоғамдық ой қозғалыссыз тұр, себебі, тіл ескірген. Мен бұл жерде қазақтың байырғы тілі ескірді деп тұрғам жоқ. Мен бейнелеудің тілі ескірді деп тұрмын. Себебі бейнелеудің еншісіне айналғанда қандай да болмасын сөз өзінің сөздіктегі мағынасынан кетеді.

Кешке қарай Төлеген ағаның үйінде сыртқа сөз шығармайтын шағын ортада отырғанымызда Асқар аға алдыңғы ойын тиянақтаған. – Көп адам түсінбеуі мүмкін, бірақ, қазіргі бейнелеудің тілі – ол кеңсенің, біздің кеңестік кеңсенің тілінен тамыр тартқан тіл, – деген сигаретін бұрқыратып отырып. Кей сөзді орысша үстеп айтатын әдеті бар еді.

– Наш изобразительный язык – это производная от канцелярского языка, – деген нығарлап (яғни, «біздің бейнелеу тіліміз кеңсенің тілінен бөлініп шыққан тіл» деген сөз).

Асқар ағаның төл шәкірті болмаса да, рухани шәкірті Дидар Амантай 90-шы жылдардың ортасында осы ойды баспасөз бетінде айтып қалған. Асқар аға азулы адам еді. Әлдекімнің ол кісімен әлі жетіп сөз таластырғанын көрмеппіз. Ал жас жазушы Дидарға, ұрынуға қара таппай отырғандар лап қойған. Ол 90-шы жылдар еді. Ал қазір 21-ші ғасырдың бірінші ширегі. Аталған идея қоғамда баяғыда орныққан. Бейнелеу тілінің ескіргендігін елдің барлығы мойындап болған.

Оянудың өзі пәленбай түрлі. Кейде баяғыда жер бетінен көшкен бір адам жаңа сапада қайта оянуы мүмкін. Абайдың өлең өрнегін байыптай зерделеген адам Бұқар жыраудың қайта тірілгенін бірден ажыратады. Қол жеткен жердегі Батыс пен Шығыстың мәдениетін мүмкін болғанша толық меңгерген Бұқар.

Нағыз ақын шын оянады. Бірақ, осы оянғандардың ішінде де нешетүрді дәреже болуы мүмкін. Біреу ғұмырының соңында ғана ояна бастайды. Жазған дүниелерін оқып отырып, шіркін,осының бәрін жас кезінде білсе ғой деп күйзелесің. Біреу шала-шарпы оянады. Осы ұйқылы-ояу күйінде шығармашылығын аяқтап өмірден өтеді. Енді біреу болады. Өтірік оянады. Оянғандардың жанында жүріп үйренгені. Ондай адам оянғансып, жорта ұйықтамағансып отырады. Шындығында ол – қалың ұйқыда. Айтқандарының барлығы – ұйқысырап жатып айтқан нәрселер.

Міне, құрметті оқырман, ояну, және ұйқыда жатқан басқаларды ояту, осындай, адам айтқысыз қиын іс. Ескі сөзге, кертартпа ойға құрылған кітап – ұйқыңды ұзарта түсетін мылқау кітап. Ал жаңа сөзге құрылған жаңа кітап, ол, бес уақыт мұнарадан азан шақырып айқайлап, мұсылман әулетінің иманына ұйқы бермейтін мүәзін сияқты. Ұятыңды өртеп, дүниеде бұдан саналы адами өмірдің бар екенін айтып маза бермейтін кітап. «Бейнелеудің тілі ескірді» дегенде, менің ұлы ұстазым Асқар Сүлейменов осыны айтқысы келген.

Бүгінгі сын

Елдің барлығы автор екен, өнерге әркімнің-ақ таласы бар екен. Олай болса, осындай жаппай демократиялық өнер жағдайында арткритика, өнер сыны қандай болмақ? Әрине, ең алдымен айтарымыз, қалай болғанда да бұрынғыдай болмайды. Жоғарыда айттық, кеңестік тоталитарлық, құқықсыз жүйеде өнер сыны мен цензура, екеуі бір-ақ нәрсе болатын деп. Көп жағдайда, әсіресе, тоталитаризмнің алғашқы кезеңінде, сынның айтқаны, сыншының пікірі кәдімгі үкім болатын. Шығарманың көркемдігі оның системаға деген адалдығымен өлшенетін. Дәлірек айтқанда, коммунизм идеалдарына адал болсаң болды – сен суреткерсің. Осыдан келіп өнер әулеті сол қатал заманның өзінде екіге жарылды. Бір әулет өнердің (таза өнердің) аңсарларына (идеалдарына) қолдан келгенше адал болуға тырысты. Зорлықшыл жүйеге амалсыз бас иіп, көне отырып, өнердің басты белгілерін сақтауға тырысқан бұлар – шын өнерпаздар. Екінші әулет – билікке арқа сүйеп, сол арқылы қай саланың да маманы болып жүре беруге болатынына көзі жеткен, заманның осы орасан кемшілігін өз пайдасына асырған алаяқтар. Орыс тілінде аталған әулеттің болмысы мен табиғатын айна-қатесіз бейнелейтін «мимикрирующие приспособленцы» немесе «мимикрирующее приспособленчество» деген тамаша термин бар. Мимикрия – жәндіктерге тән қабілет. Мысалы, кейбір жәндіктер, қауіп төнгенде ағашта тұрса сол ағаштың, жапырақта тұрса сол жапырақтың жасыл түсіне, жерде отырса топырақтың түсіне ене алады, терісінің бедерін өзгерте алады. Сол жәндікті аулап келе жатқан басқа жәндік, оны жапырақтан, бұтақтан, немесе топырақтан ажырата алмай қалады. Осылайша, жәндік өзінің жанын сақтайды. «Мимикрирующее приспособленчество» – қандай да болмасын саяси жүйеге, әлеуметтік ортаға, қандай да болмасын заң жүйесіне лайықталып, өзінің түсін өзгертіп отыратын, осылайша қандай да болмасын жүйеде жанын сақтап, өз тіршілігін ары қарай жалғастыру қабілеті деген сөз. Мысалы, кешегі Ресей империясының адал құлдары Кеңес заманында коммунизм идеалдарына ең адал адамдарға айналса, кеңес заманындағы ең ымырасыз коммунистер бүгінде, мысалы, Ресейде христиан дінінің ең қажырлы қорғаушылары болып отыр. Міне, мимикрия деген осы.

Билікке жеткеннен кейін өнерді, өнер адамдарын өзінің айтқанымен жүргізетін ол заман келмеске кетті десеңіз қатты қателесесіз. Себебі, қайталап айтайық, Сталин өлгенімен, сталинизм басқа атпен өмір сүріп отыр, тіршілігін жалғастырып жатыр. Ол не десеңіз айтайын – біздің санамыздағы, басқаның пікіріне, дүниетанымына, басқаның табиғаты мен болмысына деген өштіктің шын аты – сол баяғы сталинизм.

Алайда, «күн жаманы кетеді» дегендей, бұл құбылыс та тозады. Әлемдік, халықаралық деңгейде, «үшінші дүниенің», езгідегі халықтардың, нәсілдердің, ұлттардың құқықтары қалай мойындала бастаса, күнделікті өмірде, мәдени тұрмыста, қоғамдағы, өнердегі өмірдің көпталғамды, көпстильді екендігі де ақырындап мойындалып келеді.

Ендігі заманның сыны, бұрынғы дағдысынан, өнер шығармасына, ал шындығында суреткердің тағдырына үкім айтатын сұмдық әдетінен арылуы керек. Көркем шығармаға үкім айту мүмкін емес. Қандай да болмасын жаңа шығарманы, яғни, қандай да болмасын жаңа көркемдік әлемді тек түсіндіруге болады. Орыстың бір ақынының айтқаны бар, «Табиғаттың жаман күні жоқ» («У природы нет плохой погоды») деп. Сол айтпақшы, жаман шығарма болмайды. Жаңа шығарма түсініксіз болуы мүмкін. Алайда, түсініксіз болу – жаман болу деген сөз емес. Сіз сол түсініксіз шығарманы пайымдау, ақырсоңында түсіну барысында танымның жаңа биігіне көтерілдіңіз. Өзіңіз үшін мүлдем бейтаныс, жаңа әлем аштыңыз, рухани өрісіңіз кеңейді. Керемет емес пе!

Әлбетте, біз бұл жерде қағазға түскеннің барлығын талдап, түсіндіру керек деп отырған жоқпыз. Әрине, барлық нәрсені түсіндіруге болады. Бірақ, барлық нәрсені түсіндіріп керегі жоқ. Кейбір адам көркем шығарманың орнына өзінің психикалық ауруларының тарихын ұсынады. Ойымызша, ондай шығарманы әлеумет емес, басқа оқырман, басқа сыншы оқу керек.

Ең әуелі қандай да болмасын тексті пайымдай бастағанда, ол, өнер топырағынан өсіп шыққан ба, өнердің егемендігінде тұр ма – осыларды анықтап алу керек. Талдау, түсіндіру, содан кейін.

Бүгінгі жас ұрпаққа осы айтқан кеңестеріміз де (ақыл айту емес) жетер деп ойлаймыз.

Жетпіс жылдық нигилизм, кеңестік жахилиет заманы қайталанбасын десеңіз, жаныңызда жүрген адамға, оның мұқтажына, пікіріне, болмыс-бітіміне бет бұрыңыз. Адамзатты сүймеңіз – жаныңызда жүрген қарапайым адамды құрметтеп үйреніңіз. Себебі, «мен», қашанда «сен»-нен басталады.

Дереккөз: Otuken.kz

Байланысты жаналықтар

Таласбек Әсемқұлов. Боз бетеге, сұр соқпақ...

12.12.2024

Таласбек Әсемқұлов. Сүгірдің әулеті (ІІ)

11.12.2024

Таласбек Әсемқұлов. Сүгірдің әулеті (І)

11.12.2024

Таласбек Әсемқұлов. Күйші Жанғали

10.12.2024

Таласбек Әсемқұлов. Сұлулықта ояну

07.12.2024

Таласбек Әсемқұлов

16.11.2024
MalimBlocks
Таласбек Әсемқұлов. Боз бетеге, сұр соқпақ...

Таласбек Әсемқұловтың таңдаулы мақалаларын ұсынамыз.

Таласбек Әсемқұлов. Сүгірдің әулеті (ІІ)

Таласбек Әсемқұловтың мақалалары

Таласбек Әсемқұлов. Сүгірдің әулеті (І)

Таласбек Әсемқұловтың таңдаулы мақалалары

Таласбек Әсемқұлов. Күйші Жанғали

Таласбек Әсемқұловтың мақалалары.

Таласбек Әсемқұлов. Сұлулықта ояну

Таласбек Әсемқұлов

Жазушы, күйші, кинодраматург, мәдениеттанушы Таласбек Әсемқұлов (1955-2014) 1955 жылы 1 тамызда Семей облысы Аякөз ауданы «Ақтоғай» теміржол стансасында дүниеге келген.