Таласбек Әсемқұлов. Сұлулықта ояну

Аялдар Күнтуған

  • 07.12.2024

Бүгінгі кітап саудасы

Кезінде мүмкін болғанынша әлем әдебиетін қадағалап отырушы едік. Бұл жерде ескерте кететін бір жайт бар. Мен, заманында шет тілдерді меңгере алмаған қазақ жазушыларының әулетіненмін. Батыстың, Шығыстың классикасын түпнұсқадан оқи алмадық, тіл білмегендіктен. Алайда, кем-кетігімізді орысша оқып толтырдық, себебі, орыс мәдениеті әлемдегі үйренуге, игеруге татитынның барлығын қадағалап, үйреніп, игеріп отыратын сергек мәдениет. Сол себепті біз әлем мәдениетінің басты құбылыстарын орысша оқып таныдық. Ұлы мәдениет қандай да болмасын әлеуметтік формацияны өзінің пайдасына асырады. Орыс мәдениеті, әдебиеті социализм кезінде де алдыңғы қатарлы мәдениет болды, әдебиет болды, елеулі кемшіліктеріне қарамастан. Ал социалистік жүйе күйреп жаңа әлеуметтік құрылымға көшкеннен кейін, тағы да биікке шықты. Біз бұл жерде Ресейдегі кітап өндірісін ғана айтып отырмыз. Ресейдің кітап саудасы жүйесінен артылып қалған, бізге, Қазақстанға әкелініп, сатылып жатқан қиқым-сиқымының өзі ұшан-теңіз әдебиет. Бүгінгі Ресейдің аударма мектебі – әлемдегі ең ірі мектеп. Естуімізше әлемдегі бір де бір ел орыстардай аудармайды екен. Осыншама көп аудармайды екен. Әрине, осыншама уақыт «темір перденің» бер жағында, әлемдік әдеби, мәдени процестен қалыс қалып келген елдің сусынын қандыру үшін көп аудару керек. Міне, орыс аудармасының қайтадан белең алуының себебі осы. Алайда, бұл жерде енді бір проблема бой көтереді. Орыс аударма мектебі шетелдің классикасымен қатар жанрлық әдебиетті де көп тәржімалай бастады. Нәтижесінде, жақсысы бар, жаманы бар – шетелдің әдебиеті Ресейге теңіз болып ақтарылды. Бұрындары «оңай» еді, себебі Мәскеуде отырған әдебиет иелері кеңес адамы нені оқу керек, нені оқымау керек – барлығын солар шешетін. Сол себепті бүкіл әлем әдебиеті «Всемирная литература» («Әлем әдебиеті») деп аталатын 300 томдық серияға сыйып кетті. Әрине, серияның негізін қалаған Максим Горький әлемдік әдебиеттің жаршысы, өте білімді, оқымысты адам болған. Аталмыш серия шынында да әлемдегі ең елеулі әдеби құбылыстарды бойына сіңірген топтама еді. Алайда, ұлаңғайыр әлемдік әдебиет 300 томдық серияға сыймайтындығы ақиқат. Бұның сыртында біздің идеологиямызға жаққан шетелдің «бақытты» ақын-жазушылары болды. Оларды том-том қылып шығаратын. Ал жақпағандары сырт қалатын. Мысалы, біз, жапонның классик жазушысы Юкио Мисиманы кеше ғана білдік. Белгілі қаламгер Әбдіжәміл Нұрпейісовтің қызы Шұға, көзі ашық, оқымысты, білімді адам. Қазақ интеллектуалдарын Мәскеудің традиционалистерімен (дәстүршілдерімен) таныс қылған осы Шұға еді. Юкио Мисиманың «Алтын сарай» («Золотой храм») романын 90-шы жылдардың басында Алматыға алғаш алып келген де осы Шұға болатын (бұл кезде Алматыда жаңа тұрпаттағы кітап саудасы енді ғана қалыптасып жатқан, сол себепті аталған жапон классигінің Алматыда аты да, заты да жоқ болатын, ол кезде жақсы кітапты жолы түсіп Мәскеуге барған адамдар арқылы алдыратынбыз). Яғни, қарапайымдап айтатын болсақ, кеңес заманындағы біздің білімділігіміздің, эрудициямыздың жарымынан астамы – идеологиялық білімділік, идеологиялық эрудиция еді.

Енді системаның күйреуімен бірге жаңа құбылыс өрістеп отыр. Орыс аудармашылары, көбі қазіргі алпауыт баспалармен шартқа отырғандар, енді «тез оқылатын», «тез сіңірілетін» тобырлық әдебиетті де көптеп аудара бастады. Нәтижесінде қазіргі тәжірибесіз оқырман осы нөпір әдеби өнімнің ортасында, бағыт-бағдардан айрылып қалқиып тұр. Бұрынғы цензор, идеологияның қызметшісі болса да талғамы бар білімді адам болып келуші еді. Ол цензор енді жоқ. Енді әдеби ағымда кім жөн-жоба көрсетпек? Осы жерде, әдебиеттегі жөн-жобаны білетін адам – сыншы емес пе, біздің сыншыларымыз қайда, деген сауал бой көтереді. Әлбетте, кеңес заманындағы сын тақырыбы – өте күрделі тақырып. Кеңестік әдеби сынның жайын арнайы, кешенді үлкен зерттеулер арқылы ғана түсіндіруге болады. Болашақта біздің жас оқымыстыларымыз бұл кем-кетігімізді толтырар деп ойлаймыз. Біз бұл жерде кеңестік әдеби сынның жалпы сұлбасы, бітімі, табиғаты жайында үстірт қана мағлұмат беруді жөн көрдік.

Бұрынғы сын

Егерде қазан төңкерісіне дейінгі патшалық Ресейдегі әдеби ахуал мен төңкерістен кейінгі Кеңес одағындағы әдебиет жайын салыстырсаңыз, патшалық Ресейде бостандықтың әлдеқайда көбірек болғанын байқар едіңіз. Патшалық Ресейде М.Лермонтов «Қош бол беті жуылмаған қожалақ Россия, құлдар мен қожайындардың елі» («Прощай немытая Россия, страна рабов, страна господ») деп жазған. «Патшалардың тәжі домалап жерге түсетін сол қаралы жыл келеді әлі» («Придет тот год, России черный год, Когда царей корона упадет») деп жазған. Сыншыл реалистік бағыттағы демократияшыл әдебиет Ресей империясының барлық мерездерін аяусыз ашып көрсетіп отырған. Сол кездегі орыс қоғамын Гогольдей мазақ қылған жазушы жоқ шығар. «Өлі жандардағы» карикатуралық бейнелер орыс қоғамында әлі де актуальді. Достоевский мен Чехов, біреуі гротесктік, біреуі биязы мәнерде орыс мінезінің ең тұңғиық, түнек сырларын ашып, ақтарып берді. Бұндай сыншылдық, бұндай әдебиет, совет қоғамында мүмкін бе еді? Әрине, мүмкін емес.

Кейбір зерттеушілердің пікіріне қарағанда Кеңес қоғамында о баста-ақ әлеуметтік пікір ескерілмеген екен. Февраль революциясы басталып, Ленин Ресейге қайтайын деп тұрғанда Германияның әскери үкіметінен Батыс майданды күйрету, орыс империясын құлату жөнінде егжей-тегжейлі нұсқау алады. Сол жерде пролетариат көсемі өзінің неміс қожайындарына «Бара сала ең алдымен әлеуметтік пікірді жоямын. Ресейде ондай нәрсе атымен болмайды» деп уәде береді.

Ленин айтқанын орындап уәдесінде тұрды. Соның нәтижесінде біздің қоғам, біздің өзіміз осындай болып қалыптастық.

Кейбір мәдениеттанушылардың пікірінше саяси режимнің қаталдығы әдебиет, театр мен киноның өркендеуінің басты себебі болып табылады. Бірде Асқар ағамызға бір жас әдебиетші осы тақылеттес сұрақ қойған. Сонда Асекең аз-маз ойланып барып, «Олай болса – не проблема бар? Езгіні күшейтсе болды, өнер өз-өзінен жетіле береді. Алайда, менің ойымша, тіпті солай болған күннің өзінде сол системамен, сол саяси режимменен тіресетін талантты адамдар болу керек. Қатал саясат механикалық түрде өнерді тудыра алмайды» дегені бар еді. Владимир Войновичке бір сұхбат кезінде осындай сұрақ қойылады. Сонда әйгілі диссидент былай деп жауап береді: «Қаталдық, болғанның өзінде ақылға сыймайтындай болмау керек. Белгілі дәрежеде бостандыққа жол берілуі керек. Николай І-ші патшаның кезіндегі қатал деген саяси ахуалдың өзінде Пушкин, Лермонтов, Гоголь, Достоевский, Чехов сияқты жазушылар халыққа өзінің негізгі ойын жеткізе алды. Яғни, патша үкіметі өзінің саяси жауларын, террористерді аяусыз жазалағанымен, өнерге келгенде толерантты болды. Сталиндік биліктің өнерге деген қаталдығы шамадан тыс, аяусыз еді. Сол себепті тиранның (Сталиннің) өлімінің қарсаңында бізде әдебиет те, театр да, кино да жоқ еді. Өнер, Сталиннен кейінгі «жылымық» кезінде барып өзінің түнек ұйқысынан оянды. Бірақ, өкінішке орай, бұл, шала-шарпы «ояну» еді. Неге бұлай болғанын, мен қазір түсіндіріп айтып бере алмаймын. Менің ойымша, қандай да болмасын жазушы, егерде ол аз да болса шындықты айтуға ниеттенген адам болса, өз заманының тіршілігінен көптеген кемшілік, мін табады. Ал бұл, өмір шындығын қағаз бетінде емес, қалағанынша қолдан жасап отырған әміршілерге ұнамайды».

Осы жоғарыда айтылған жылымыққа дейінгі әдеби сынды, жалпы арткритиканы (өнер сынын) сын деп айтудың өзі қиын еді. Кеңестік тоталитарлық режим үш кезеңнен өткені белгілі. Алғашқы кезең Азамат соғысы аяқталған 1920 жыл мен Сталин өлген 1953 жыл аралығын қамтиды. 33 жылдық бұл кезең – жаман түстей ең қорқынышты кезең. Бұл кезде шындықтың үні өшкен, жалпы ой атаулы семген. Тек қана тоқтаусыз репрессия. Мағжан ақынның сөзімен айтсақ, «Түн. Толқыған қан». Бұл кезде көркем сын туралы айтудың өзі әбестік. Барлық көркем ойдың орнын Лениннің «Партиялық әдебиет» мақаласы алмастырған. Әдебиет қана емес, жалпы өнер әулетінің жалғыз иманшарты – осы «кемеңгер» нұсқау. Партияға, коммунизм идеалдарына адалдық, көркемдіктің орнына жүреді. Көркем сын менен цензураның арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Әдетте цензурадан, одан кейін баспадан (ол баспаның өзінің идеологиялық күзетшілері бар) өтіп жарық көрген кітаптан ешқандай мін таба алмайсыз. Себебі ол кітап Лениннің өсиетіне, коммунизм идеалдарына адалдығын дәлелдеді – болды. Оның көркемдігі де, мұраты да, батасы да, несібесі де – осы. Бұндай шығарма туралы бұдан артық ештеңе айту мүмкін емес. Бұдан кейін «жылымық» кезең келді. Тоталитарлық жүйе сәл босаңсыды. Бұл кезеңде сыни ойдың алғашқы үлгілері пайда бола бастады. Әлбетте, бұнда да көшбасшы – орталықтағы әдеби ұйым, Ресейдің жазушылары еді. Социалистік қорадан қанша жер ұзап шығуға болады – бұны басқалардан құқығы аз да болса артықтау орыс әдебиетшілері белгілейтін.

Алайда, «бюллетеньнің өзін дұрыс оқи білу керек» дегендей, бұл жерде де байқау керек болатын. «Юпитерге рұқсат етілген нәрсе – бұқаға рұқсат етілмейді» («Что позволено Юпитеру, то не позволено быку») деген мақал бар. Орысқа ғана айтуға болатын нәрселер бар, басқа халықтың өнер адамдары бұл қатерлі аймақтан алысырақ жүруге тырысатын. Бірақ қалай болғанда да осы кезеңде жарқын ойдың азынаулақ үлгілері жарық көрді. Содан кейін 1986 жылдың желтоқсанынан басталған әлеуметтік бұлғақ кезеңі. Ресей желтоқсан оқиғасының тарихи мәнін әлі күнге дейін мойындағысы келмейді. Алайда, шындықтың аты шындық, Кеңес одағының күйреуіне себеп болған ерекше оқиғалар тізбегі, осы, Алматыдағы желтоқсаннан тамыр тартады.

Кеңес одағынан әркім әртүрлі еншімен шықты. Егеменді ел болғанымызға ширек ғасырдай уақыт, алайда қазақтың көркем сыны әлі күнге дейін айрықта, әлі күнге дейін тоғыз жолдың торабында тұр. Біздің, егемендік туралы түсінігіміз түсініксіз. Пайымымызша 1992 жылы егеменді ел бола салыппыз. Иә, бола салдық. Халықаралық құқық тұрғысынан. Бірақ санамыз әлі егеменді емес. Егемендік (біз бұл жерде рухани егемендікті айтып отырмыз), біреудің біреуге бере салатын нәрсесі емес. Қырық құлаш зынданның түбінде отырып та еркін, егемен болуға болады. Бәрі де адамның ішкі бостандығына байланысты. Біздің көркем сынымыз біздің осы ішкі бостандығымыздан, рухани егемендігімізден бөлек тұрған нәрсе емес. Дәлірек айтқанда ішкі дүниеміздің әдеби сындағы көрінісі. Демократиялық мәдениетіміздің деңгейі, көлемі қанша болса – сонша ғана демократиямыз бар. Осы орайда басымнан өткен мынадай бір оқиға есіме түсіп отыр. Сексенінші жылдардың ішінде шамамен он екі баспа табақ болатын алғашқы прозамды «Жалын» баспасына тапсырдым. Айта кетейін, «Жалын» о баста жас әдеби күштерге арналған, жас ақын-жазушылардың алғашқы шығармаларын басып шығаратын баспа болып ұйымдастырылған. Үмітім мол еді. Қолжазбам баспада алты жыл жатты. Жыл сайын жабық рецензиямен құлатылады, шкафқа салынады, келесі жылға дейін, яғни, келесі құлатылғанға дейін мұқият сақталады. Менің бағыма орай сол кезде «Жалын» баспасына, бас редактордың орынбасары қызметіне белгілі жазушы Құрманғазы Қараманұлы келді. Бірде проза бөлімінің қолжазбаларын қарап отырып Құрекең менің әңгімелеріме ұшырасады. Оқиды. Содан соң бөлім бастығын шақырып алып, – Мына қолжазбаны неге алты жылдан бері ұстап отырсыңдар? Мынау қалыптасқан жазушы ғой, – деп сұрайды.

Бөлім бастығы «жабық рецензия» дегенді айтқан екен, оған Құрманғазы аға, «мен жабық рецензия дегенге сенбеймін, сендер не қарап отырсыңдар, прозадан хабарларың бар, түптеп келгенде редакцияның өз пікірі бар емес пе» дейді. Сонымен қолжазбаны өндіріске дайындауға жарлық береді. Айта кетейін, проза бөлімінің бастығы немесе аға редакторы ма, есімде жоқ, атын Қамысбай деп қояйық, шындығында жақсы, инабатты адам еді. Көп ұзамай жарық көре алмай жатқан екі авторды үстіме қосып, сонымен үш адам «Ерте келген күз» деп аталатын ортақ кітап шығардық.

Арада бірқатар жыл өтті. Енді егеменді өмірімізден бір мысал. Бірде «Жұлдыз» журналындағы қызметімнің кезінде редакцияға келген бір автормен қақтығысып қалдым. Ол авторды шартты түрде Айранбай деп алайық. Әңгімеден әңгіме шығып отырып, ақырында кеңес заманында кітап шығарудың қандай қиын болғандығын еске түсірдік. Мен жоғарыдағы хикаяны, жалғыз ғана кітабымның тағдырын айтып бердім. Осы кезде жаңа ғана менімен жарасымды әңгіме үстінде отырған Айранбай нілдей бұзылған.

– Сен байқап сөйле, бауырым, – деген түсі бұзылып, – Мен онымен бір баспада істегем. Ол (яғни Қамысбай) керемет адам. Тіліңді тигізбе.

Қайран қалдым.

– Менің қолжазбамды алты жыл астына басып шығармай отырғанын айттым. Бұл тіл тигізу бола ма екен? – дедім істің жайын түсіндірмек болып.

– Өтірік айтасың, – деді Айранбай. – Оның ондайы жоқ. Ол керемет жақсы адам.

– Мен оны жаман адам деген жоқпын ғой, бар болғаны кітабымды тежеп шығармай тастағанын айттым, – дедім мен. – Оның жаман мінезін көргем жоқ. Ізетті, инабатты адам.

Айранбай енді ірі сөйлеуге көшті.

– Бауырым, сен аузыңды жап. Не деген тоңмойын адамсың өзің. Мен айттым – болды.

Кенет менің басыма тамаша ой келді. Айранбай екеуміздің арамыздағы әңгіме шындығында қазақ егемендігінің емтиханы екен. Қазақтың адам құқығы, сөз бостандығы, пікір бостандығы жайлы түсінігін осы бір ғана әңгімеден білуге болатынын түсіндім. Ақырын, еппен Айранбайды түрлі тесттен өткіздім. Сынақ таңғажайып нәтиже берді. Енді Айранбайдың жаратылысы немесе тұғыры, немесе табиғаты дейсіз бе, қысқасы Айранбай дегеннің неден тұратынын екі ауыз сөзбен айтып беруге тырысайын.

Айранбай дүниеде бір ғана таным, сол танымнан өрістейтін бір ғана пікір бар деп біледі. Ол – Айранбайдың танымы, пікірі. Оған қарсы келуге болмайды. Оның досы ең соңғы подонок болуы мүмкін, бірақ сен Айранбайдың көңіліне қарап ол туралы ештеңе айтпауың керек, айтсаң – тек «жақсы жақтарын» айтып мақтауың керек. Айранбай жарықтық, жүрген жерінде осы өзінің ғана танымын мойындатады. Менімен дос болу, яки менімен бір қоғамда болу деген – осы дейді. Көнсең – осы, ал көнбесең… Ар жағы – «қазақша күрес». Зауалдың қай жақтан келгенін білмей қаласың. Және ең кереметі, Айранбай демократияға, плюрализмге, яғни, пікір, сөз бостандығына сенеді.

Бір күні Алмалы ауданының әкімшілігіне бара қалдым. Жұмысымды тындырғаннан кейін, түскі үзілістің кезі еді, тамақ ішейін деп асханаға кірдім. Асханада бірнеше адаммен Айранбай отыр екен.

– Райыңнан қайттың ба? – деген маған алая қарап.

Қамысбайды айтып отыр. Күлдім. Райымнан қаттым дедім. Неменеге күлесің деді. Лаңдатын шатақ іздеп отыр. Сізге емес, басқа бір нәрсеге күлдім дедім. Жарайды онда деді. Сырт көзге – мен қорқақпын. Бірақ олай емес. Мен Айранбай сияқты, асқынып қатерлі ісікке айналған мейманадан қорқам. Биттей қарсы пікір айттың – біттің. Бітіспейтін табандасқан дұшпан табасың. Айранбай ғана емес, кейіннен, осы, егемендікке, пікір бостандығына, сөз бостандығына, еркіндікке, санасы сарғайып, аңсап жеткен өз замандастарымның, реті келгенде адам құқығын ойланбай таптағанын талай көрдім. Содан кейін егемендіктің ауылы қазақтан әлі алыс екенін түсіндім.

Біздің бүгінгі өнер сынымыздан, жалпы өнер жайындағы түсінігімізден әлі күнге дейін тоталитаризмнің, сталинизмнің жаңғырығы естіліп тұрады. Және де, құрметті оқырман, жоғарыда келтірілген мысалдан көрініп тұрғандай, біздің өнер жайлы түсінігіміз ғана емес, қоғам, адамзат, адамдық құқық, тарих жайлы түсінігіміз, жалпы санамыз ауыр сырқатқа ұшыраған. Шекспирдің бір драмасында бас кейіпкердің айтатыны бар емес пе, «Біз раушан деп атайтын гүл, басқа атпен де солайша жұпар шашып тұра бермей ме?» деп. Құбылыстың атында не тұр, тәйірі. Сталин осыдан алпыс жыл бұрын өліпті. Бірақ одан не өзгерді? Сталинизм басқа атпен әлі жасап келеді. Біз зорлықшыл қоғамбыз. Әрқайсымыз бір-бір Сталин, бір-бір фюрерміз. Қарсы отырған оппонент, ол да адам екенін, оның да болмыс, өмір жайлы түсінігі бар екенін мойындамаймыз. Менің көңілім үшін, менің «Менім» үшін, болмағанды болған қыл, болғанды болмаған қыл дейміз. Көркемдік танымы, эстетикалық ой-талғамы бізден бөлек адамды, жер қылып жеңу былай тұрсын, өлтіріп тастағымыз келіп тұрады.

Осы ауыру, Сталин заманында туып-өскендермен бірге кетсе екен деп тілеуші едік. Олай болмады. Өкінішке орай, жоқ, өкінішке орай емес, сорымызға, бұл мерез бізге де жұққан екен. Бір оқиға есіме оралады. Өткен жылдары бір жас ақынның өлең өрнегін талдап, көлемді мақала жаздым. Арада біраз уақыт өткеннен кейін «Абай.кз» сайтында менің қатысуыммен интернет-конференция өткізілді. Сол конференцияда аталған мақала айып-айбана болып алдымнан шықты. Сауалдың барлығы «неге мақала жазасыз» дегенге саяды. Таң-тамаша қалдым. Біздің ұрпақ, «ағалар біз туралы неге жазбайды, неге елемейді, неге батасын бермейді» деп күйзелуші едік. Ал бүгінгі жас ұрпақ «сіз неге біз туралы мақала жазасыз, бізді неге елеп-ескересіз, неге бата бересіз» деп күйзеледі.

Әрине, мен біреудің нұсқауымен жазатын адам емеспін. Жастардың бұл «пікірін» үстелімнің түп жағына ысыра салдым. Дерек болып тұра берсін. Кейін керек болады.

(Басы. Жалғасы бар)

Байланысты жаналықтар

Таласбек Әсемқұлов. Боз бетеге, сұр соқпақ...

12.12.2024

Таласбек Әсемқұлов. Сүгірдің әулеті (ІІ)

11.12.2024

Таласбек Әсемқұлов. Сүгірдің әулеті (І)

11.12.2024

Таласбек Әсемқұлов. Күйші Жанғали

10.12.2024

Таласбек Әсемқұлов. Сұлулықта ояну (жалғасы)

07.12.2024

Таласбек Әсемқұлов

16.11.2024
MalimBlocks
Таласбек Әсемқұлов. Боз бетеге, сұр соқпақ...

Таласбек Әсемқұловтың таңдаулы мақалаларын ұсынамыз.

Таласбек Әсемқұлов. Сүгірдің әулеті (ІІ)

Таласбек Әсемқұловтың мақалалары

Таласбек Әсемқұлов. Сүгірдің әулеті (І)

Таласбек Әсемқұловтың таңдаулы мақалалары

Таласбек Әсемқұлов. Күйші Жанғали

Таласбек Әсемқұловтың мақалалары.

Таласбек Әсемқұлов. Сұлулықта ояну (жалғасы)

Таласбек Әсемқұловтың таңдаулы мақалалары

Таласбек Әсемқұлов

Жазушы, күйші, кинодраматург, мәдениеттанушы Таласбек Әсемқұлов (1955-2014) 1955 жылы 1 тамызда Семей облысы Аякөз ауданы «Ақтоғай» теміржол стансасында дүниеге келген.