freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Таяу Шығыстан қанша қазақстандық елге қайта алмай жатыр? СІМ дерегі

Қоғам
Таяу Шығыстан қанша қазақстандық елге қайта алмай жатыр? СІМ дерегі
HinHua

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев Таяу Шығыс елдерінен Қазақстан азаматтарын эвакуациялау жөнінде баспасөз мәслихатын өткізді, деп хабарлайды Malim.kz.  

Қазіргі уақытқа дейін ҚР азаматтары арасында зардап шеккендер немесе қаза болғандар туралы ақпарат жоқ. Эвакуация жұмыстары кезінде зейнеткерлерге, ата-анасымен бірге жүрген балаларға, жүкті әйелдерге, кәмелетке толмағандарға және денсаулығында шектеулері бар адамдарға басымдық беріледі. 

– Бүгінгі таңда Иранда 47 қазақстандық, Израильде – 163, Қатарда – 3 мыңнан астам, Біріккен Араб Әмірліктерінде – 4 мыңнан астам, Сауд Арабиясы корольдігінде шамамен 1800 ҚР азаматтары бар. Олармен тұрақты түрде байланыс бар және ахуалға қажетті ұсынымдар берілуде, - деді Е. Жетібаев.

Ресми өкілдің айтуынша, бүгінгі күнге дейін шиеленіс аймақтарынан 946 азамат аман-есен шығарылды. Жақында Оман астанасы Маскат қаласынан Алматыға 314 қазақстандық мінген рейс ұшып келеді.

– Кейін дәл осы бағыт бойынша шамамен 230 азаматымыз мінген екінші лектің ұшуы жоспарланған. Осылайша Оманнан бүгін-ертең 500-ден астам ҚР азаматы жеткізіледі деп күтіліп отыр, - деп толықтырды ол.

Сонымен бірге, бүгін ертең Жидда-Атырау, Жидда-Ақтау бағыттары бойынша эвакуациялық рейстер жоспарланған. Олармен 326 азамат елге қайтарылады деп күтіліп отыр. 

– Қазақстандықтар жерүсті жолдар арқылы да эвакуацияланып жатыр. Атап айтқанда, Тегеран, Ашхабад және Горган қалаларындағы шетелдік мекемелеріміз 15 азаматты Иран-Түркіменстан шекарасы арқылы өткізді. Әрі қарай олардың Ақтауға жетуі үшін көмек көрсетіледі. Әуе кеңістігіне қойылған елеулі шектеулерге байланысты белсенді әскери іс-қимыл тоқтап, жағдай толық қалпына келгенше Таяу Шығыс елдеріне сапарлаудан бас тартуға кеңес береміз, - деді министрлік өкілі.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан өз азаматтарын Таяу Шығыстан эвакуациялауды күшейткенін хабарлаған едік. 

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу