457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Анкориджде Путиннің АҚШ-қа сапарына қарсы митинг өтті

Анкоридж қаласында Трамп пен Путиннің кездесуінің қарсаңында Украинаға қолдау білдіру үшін шамамен 140 тұрғын митингіге шықты. Митингке қатысушылар Ресей президентін Аляскада құшақ жая қарсы алмайтынын айтып, Владимир Зеленскийді күтетіндерін жеткізді.

14 тамыз, бейсенбі күні Анкоридж қаласында Украинаға қолдау көрсету мақсатында митинг өтті, деп хабарлайды DW. Қатысушылар жол жиегіне Украина туы мен плакаттар іліп шықты. dpa агенттігінің есебі бойынша, акцияға шамамен 140 адам қатысты.

Путиннің Аляскаға келуіне қарсы митингке қатысушылар
«Бұл жерде Зеленский болуы керек. Ал шетелдік болсын, жергілікті болсын, диктаторларды Аляскада ешкім күтіп отырған жоқ», – деді митингке қатысушылар. «Путин – әскери қылмыскер, оның Аляскада орны жоқ», – деді тағы бір қатысушы әйел. Тағы бір бойжеткен алдағы саммитті «біздің демократиямызға жасалған қорлық» деп атады.

Путин мен Трамптың Аляскадағы келіссөздері
15 тамыз күні Аляскада Ресейдің Украинаға жасаған толыққанды басқыншылығынан кейінгі АҚШ пен Ресей президенттерінің алғашқы кездесуі өтеді. Трамп пен Путин Анкоридж қаласындағы Элмендорф-Ричардсон АҚШ әскери-әуе күштері базасында келіссөз жүргізеді.

Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаковтың мәліметінше, келіссөздер жергілікті уақытпен 11:30-да (Мәскеу уақытымен 22:30) Трамп пен Путиннің аудармашылар қатысуымен тет-а-тет форматында басталады. Кейін келіссөздер делегациялар деңгейінде жалғасып, жұмыс таңғы асы ұйымдастырылады.

Ресей тарапынан делегация құрамына: сыртқы істер министрі Сергей Лавров, Юрий Ушаковтың өзі, қорғаныс министрі Андрей Белоусов, қаржы министрі Антон Силуанов және президенттің шетел мемлекеттерімен инвестициялық-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Кирилл Дмитриев кіреді.

Фото: Hasan Akbas/Anadolu/picture alliance