Путин қаруланып жатқан Еуропаға жауап қататынын ескертті

Ресей президенті Владимир Путин үш жылдан астам уақыт бұрын өзі бастаған Украинаға қарсы соғыстың әлі жалғасып жатқаны үшін Еуропаны айыптады.
«Әзірге, өкінішке қарай, ұрыс қимылдарын тоқтату мүмкін болмай отыр, бірақ бұған жауапкершілік көпшілік елдерде емес, азшылықта, ең алдымен қақтығысты үнемі ушықтырып отырған Еуропада жатыр», – деді ол бейсенбі, 2 қазан күні өткен "Валдай" халықаралық пікірсайыс клубының отырысында.
Сонымен қатар, Путин АҚШ президенті Дональд Трамптың бейбіт реттеу жолындағы соңғы әрекеттеріне де сілтеме жасады.
«Еуропа мен жақында ғана болған АҚШ әкімшілігінің әрекеттерінен айырмашылығы – әлемнің көпшілік елдерінің ұстанымы. Олар бір тарапты қолдаудан бас тартып, әділ бейбітшілік орнатуға шынайы көмек көрсетуге ұмтылады», – деді Ресей президенті.
Максималистік талаптар
dpa агенттігі Трамп бірнеше ай бойы Украинадағы қақтығысты реттеуге арағайындық жасап, соңында Кремльдің ұстанымына көңілі толмағанын айтқанын еске салады.
Ол: «Путин соғысты тоқтата алар еді, егер өзі қаласа», – деген болатын.
Соған қарамастан, бейбіт бастамалар жайлы мәлімдемелерге қарамастан, Ресей ымыраға келуге дайын екендігін көрсеткен жоқ.
Кремль өз максималистік талаптарында тұрып алған: оған Украина НАТО-ға кіруден бас тартуы және өз аумағының бір бөлігінен айрылуы кіреді.
Путин Еуропаның қайта қарулануына жауап қататынын ескертті
Сөзінде Кремль басшысы Еуроодақ елдеріндегі әскери шығындардың өсуіне қарсы қарымта шаралар қолданатынын мәлімдеді.
«Еуропаның қарқынды милитаризациясын мұқият бақылап отырмыз. Бұл жай сөз бе, әлде нақты әрекеттер керек пе оны да анықтаймыз. Германия, мысалы, армиясын Еуропадағы ең қуатты әскер ету керек дейді. Жақсы, тыңдап отырмыз, не айтқысы келгенін көріп отырмыз. Ешкімнің күмәні жоқ шығар – Ресейдің жауап шаралары көп күттірмейді. Қауіпке жауап өте нақты және сенімді болады», – деді Путин. Алайда, ол қандай нақты шаралар жайында ашық айтқан жоқ.
Іс жүзінде бұл - НАТО-мен соғыс
Ресей президенті АҚШ президенті Трамптың Ресейді «қағаз жолбарыс» деп атаған сөзіне де тоқталды.
Путиннің айтуынша, «қазіргі уақытта Ресей армиясы әлемдегі ең жауынгер армия болып табылады».
«Ресейді "қағаз жолбарыс" деуге болмайды, өйткені ол іс жүзінде бүкіл НАТО блогымен соғысып жатыр, өзін сенімді сезінеді. Мен айттым ғой, Ресей бұл жылдар бойы Украина Қарулы күштерімен емес, іс жүзінде НАТО елдерімен соғысып келеді», – деді ол.
«Егер біз бүкіл НАТО блогымен соғысып, сонда да алға басып, сенімді әрекет етіп отырсақ, бұл “қағаз жолбарыс” болса, онда НАТО дегеннің өзі не? Ол не болып қалады сонда?» – деп риторикалық сұрақ қойды Ресей президенті.
Фото: РФ Президентінің баспасөз қызметі