Германия Ауғанстан азаматтарын елдеріне қайтармақ

Германия үкіметі Ауғанстан астанасы Кабулде тәліптермен Ауғанстан азаматтарын елден депортациялау туралы келіссөздер бастады, деп хабарлайды Malim.kz DW-ге сілтеме жасап
«Ауғанстанға депортациялар тұрақты түрде жүргізілуі тиіс! Сондықтан қылмыскерлер мен қауіпті тұлғалар бұдан былай жүйелі түрде елден шығарылуы үшін біз енді тікелей Кабулде келіссөздер жүргізіп жатырмыз», — деді Германияның ішкі істер министрі Александр Добриндт (Alexander Dobrindt) Bild am Sonntag апталық басылымына берген сұхбатында.
Сұхбат 28 қыркүйек, жексенбі күні жарияланды.
Басылым мәліметінше, қазан айында Германия ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Кабулге ұшып барып, радикалды исламшыл режим өкілдерімен кездесуі тиіс. Бұл ақпаратты министрліктің ресми өкілі де растады.
Бұған дейін тек «ауған өкілдерімен техникалық деңгейде» келіссөздер жүргізіліп келген, алайда олардың нақты қайда өткені айтылмаған еді.
Кабулде тікелей келіссөздер өткізу шешімі даулы болып отыр, өйткені Германия мен тәліптердің арасында ресми дипломатиялық қатынас жоқ.
«Талибан» қозғалысы 2021 жылдың тамызында билікке оралғаннан кейін Ауғанстан халықаралық оқшаулауға түсті. Бұған басты себеп — адам құқықтарының, әсіресе әйелдердің құқықтарының жүйелі түрде бұзылуы.
Соған қарамастан, Германия бұған дейін де ауғандарды елден шығарып келген. Мәселен, 2024 жылдың тамызында Берлиндегі билік әлі де социал-демократтар, «жасылдар» мен еркін демократтардан құралған коалицияның қолында болған кезде, Кабулге 28 сотталған қылмыскер депортацияланған.
Ал шілде айында депортациялық рейспен Ауғанстанға 81 ер адам жіберілген. Федералдық жерлер билігінің дерегінше, олардың арасында кісі өлтіргендер, жыныстық қылмыс жасағандар, зорлық-зомбылық әрекеттері үшін сотталғандар және есірткі саудагерлері болған.
Фото: EHL Media/IMAGO