Жоғары табысы бар тұрғындар әлеуметтік төлемдерді көбірек төлеуі мүмкін

Еңбек министрлігі жоғары табысы бар ФРГ тұрғындары көбірек әлеуметтік аударымдар төлеуі тиіс, деп хабарлайды Malim.kz DW-ге сілтеме жасап.
Германияда әр ай сайын қызметкерлер табысының бір бөлігін зейнетақы сақтандыру жүйесіне аударады. Алайда қазір ең жоғарғы шек – айына салық салынғанға дейінгі 8050 еуро. Яғни, бұдан жоғары табыс тапқандар қосымша жарна төлемейді. Еңбек министрі Бербель Бас бұл шекті 8450 еуроға дейін көтеруді жоспарлап отыр. Сондай-ақ міндетті медициналық сақтандыру мен күтімге байланысты сақтандыру үшін төлем жасалатын табыс шегі де өседі – 5512,5 еуродан 5812,5 еуроға дейін.
Бұл шешімді ФРГ-нің билеуші коалициясына кіретін Христиан-демократиялық одақтың (ХДС) еуропарламент депутаты Деннис Радтке қолдады. Ол Tagesspiegel басылымына берген сұхбатында үкіметтің “жалақы динамикасына сай әрекет етіп отырғанын” айтты. Еңбек министрлігінің дерегінше, 2024 жылы Германияда жалақы 5,16%-ға өскен.
Алайда Бербель Бастың бастамасын Салық төлеушілер одағының басшысы Райнер Хольцнагель сынға алды. Ол Bild таблойдына берген пікірінде ұсынысты “сандырақ” деп атап, ең алдымен ол білікті жұмысшылар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға соққы болатынын айтты. Балама ретінде Хольцнагель әлеуметтік төлемдерге жұмсалатын шығындарды қысқартуды ұсынды.
Фото: freepik.com

Ең көп оқылған
