457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

АҚШ Иранға ядролық соққы жасау мүмкіндігін қарастырып отыр

АҚШ президенті Дональд Трамп Тегераннан толық және сөзсіз капитуляция талап етті, Malim.kz Дойче Веллеге сілтеме жасап.

Fox News тілшісі Джеки Хайнриктің хабарлауынша, Ақ үй өкілі 19 маусымда Иранның Фордо қаласындағы уран байыту зауытына қарсы тактикалық ядролық қару (ТЯҚ) қолдану нұсқасының қарастырылып жатқанын растаған. Бұл нысан аса тереңде орналасқан, сол себепті әдеттегі соққылармен жою қиын. Десе де, АҚШ әскері GBU-57 атты жерасты бункерлерін жоюға арналған қуатты бомбаның тиімділігіне күмән келтірмейді.

Осылайша, Трамп әкімшілігі британдық The Guardian басылымының бұған дейінгі мәліметін жоққа шығарды. Онда Ақ үй басшысы тактикалық ядролық қару қолдануға үзілді-кесілді қарсы деген ақпарат тараған болатын.

Ал Axios сайтының дерегінше, Трамп шын мәнінде GBU-57 (салмағы 13,6 тонна) бомбасының Иранның 90 метр тереңдіктегі ядролық объектісін толығымен жоюға қабілеті бар екеніне сенімсіздік білдірген. АҚШ Қорғаныс министрлігіне қарайтын Әскери қатерді азайту агенттігі (DTRA) де бұл зауытты жою үшін алдымен әдеттегі бомбалармен жерді жұмсартып, артынан ядролық зарядпен соққы беру қажет екенін болжаған.

The Wall Street Journal басылымы 17 маусымда Трамптың Иранға әскери соққы жасау жоспарын мақұлдағанын, бірақ әзірге оның орындалуына бұйрық бермегенін жазды. АҚШ президенті Тегеран ядролық бағдарламадан ерікті түрде бас тартар деп үміттеніп отыр. Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливиттің айтуынша, нақты шешім алдағы екі аптада қабылданады.

Бұған дейін Трамп Иранның жоғарғы басшысы аятолла Әли Хаменеи туралы да мәлімдеме жасаған. Оның айтуынша, АҚШ Ислам Республикасының әуе кеңістігін толық бақылауда ұстап отыр және Хаменеидің қайда жасырынғанын біледі. Трамп оны "жеңіл нысана" деп атап, бірақ АҚШ-тың оны өлтіру жоспары жоқ екенін айтқан.

Жауап ретінде Хаменеи:

«Иран ешқашан берілмейді және АҚШ президентінің талаптарын орындамайды. Америкалық әскери агрессияның кез келген түрі ауыр және орны толмас салдарға алып келеді. Иран күштеп таңылған соғысқа да, күштеп таңылған бейбітшілікке де қарсы тұрады. Біз ешқашан ешқандай қысым алдында бас имейміз», — деп мәлімдеді.

Бұл жағдай Иран мен АҚШ арасындағы шиеленісті жаңа, аса қауіпті деңгейге көтеріп отыр. Сарапшылар мұны ядролық қақтығыс қаупі бар ең күрделі дипломатиялық дағдарыс деп бағалауда.

Фото: U.S. Air Force/AP/picture alliance