АҚШ пен ЕО-ның сауда текетіресі: Қазақстанға әсері қандай?

АҚШ пен Еуропалық Одақ (ЕО) арасындағы сауда шиеленісі тек екіжақты қатынастарға ғана емес, жаһандық экономикаға да ықпал етуде. Әлемдік нарықтағы кез келген өзгеріс шикізат экспорттаушы ел ретінде Қазақстанға да әсер етпей қоймайды.
АҚШ-тың мақсаты не?
АҚШ әкімшілігі импортқа жалпы тариф енгізуді жоспарлап отыр. Бұл қадам америкалық өндірушілерді қолдап, сауда теңгерімін жақсартуды көздейді. Негізінен болат, алюминий және ауыл шаруашылығы өнімдерін қорғауға бағытталған бұл саясат жылына 550 миллиард доллардан асатын ЕО-ның АҚШ-қа экспортына үлкен соққы болуы мүмкін.
ЕО қалай жауап беруі мүмкін?
Брюссель АҚШ-тың еуропалық болат пен алюминийге 25% тариф енгізуіне жауап ретінде 26 миллиард еуро көлемінде баж салығын енгізді. ЕО да қарап қалмай, тағы да ойластырып, АҚШ-тан келетін тауарларға қарсы тарифтер енгізуі мүмкін, бұл жаһандық нарықтардағы белгісіздікті арттырып, экономикалық тұрақсыздық қаупін күшейтеді.
Қазақстанға ықпалы қандай?
Шикізатқа сұраныстың төмендеуі.
Сауда шиеленісі әлемдік экономиканың баяулауына әкелуі мүмкін. Бұл мұнай мен металдарға сұраныстың азаюына, тиісінше Қазақстанның экспорттық кірісіне, теңгеміздің әлсіреуіне және инфляция деңгейіне кері әсер етуі мүмкін.
Сауда айналымының өзгеруі.
Қазақстан мен ЕО арасындағы сауда қарқынды өсіп келеді. 2024 жылы тауар айналымы 41,4 миллиард долларды құрап, 23%-ға артты. Президент Тоқаев 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 50 миллиард долларға жеткізуді тапсырған. Алайда, еуропалық нарықтағы тұрақсыздық Қазақстанның экспорт көлемін төмендетуі ықтимал.
Уран экспортына шектеулер қаупі.
АҚШ ұлттық қауіпсіздік мүдделерін алға тартып, уран импортына шектеу қоюы мүмкін. Қазақстан – АҚШ-тың негізгі уран жеткізушілерінің бірі. Егер бұл шектеулер енгізілсе, “Қазатомөнеркәсіптің” кірісі азайып, ел экономикасына кері әсер етуі мүмкін.
Не істеу керек?
Қазақстан шикізатқа тәуелділікті азайту, сауда бағыттарын әртараптандыру және өндірістік секторды күшейтуге назар аударуы тиіс. Жаһандық өзгерістер тек қауіп емес, жаңа мүмкіндіктер де ұсынады. Сондықтан, икемді саясат пен стратегиялық қадамдар маңызды.
Ерлан Жұрынбаев, сарапшы
Фото: bcs-express.ru
Байланысты жаналықтар
MalimBlocks
