Әзербайжанның елшісі Ресей СІМ-не нота тапсырды

Мәскеудегі Әзербайжан елшісі Рахман Мустафаев ресейлік құқық қорғау органдарының Екатеринбургтегі әрекеттеріне байланысты ресми Бакудың наразылық нотасын Ресей Сыртқы істер министрлігіне тапсырды. Бұл туралы Әзербайжан СІМ баспасөз қызметінің жетекшісі Айхан Гаджизаде мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Нотада Әзербайжан тарапы Ресейден құқық қорғау органдарының әрекеттерін жан-жақты әрі объективті тергеу және кінәлілерді Ресей заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тарту бойынша шұғыл шаралар қабылдауды талап еткен.
Сонымен қатар, елші ресейлік тарапқа «Спутник-Әзербайжан» кеңсесінде өткізілген іс-шараларға қатысты Әзербайжанның ұстанымын жеткізді. «Әзербайжан құқық қорғау органдары агенттік кеңсесінде жүргізген жедел-іздестіру шаралары еліміздің заңнамасына және халықаралық міндеттемелерге толық сәйкес келеді», – деді Гаджизаде.
Айта кетейік, бұған дейін Ресей СІМ Әзербайжан елшісіне Бакудың соңғы "достыққа жат" әрекеттеріне, екіжақты қатынастарды әлсіретуге бағытталған саналы қадамдарына байланысты ресми наразылық білдірген болатын.
Фото: Media.Az


Ең көп оқылған
