Бірқатар БАҚ Ахмадинежадтың өлімі жайлы ақпарат таратты

Иранның экс-президенті Махмуд Ахмадинежадтың қаза тапқаны туралы хабар шетелдік бірқатар БАҚ-та тарады. Алайда бұл мәліметті Иранның бірде-бір ресми басылымы не телеарнасы растаған жоқ.
БАҚ-тағы мәлімдемелерге сүйенсек, Ахмадинежад, оның жұбайы мен екі баласы 17 маусым күні Тегеран қаласында бетперде киген қарулы адамдардың қолынан қаза тапқан.
Алайда осы уақытқа дейін Иран билігі де, елдің ресми ақпарат құралдары да бұл оқиғаны растамады.
Араб тілді ақпарат көздерінің жазуынша, әлеуметтік желіде, соның ішінде X платформасында тараған көптеген хабарлама жалған ақпарат болуы мүмкін. Бұл Израиль мен Иран арасындағы әскери және ақпараттық қарсылықтың күшейіп тұрған шағында әдейі жүргізіліп жатқан дезинформация науқаны болуы ықтимал.
Ахмадинежад Иран президенті қызметін екі мерзім – 2005 жылдан 2013 жылға дейін атқарған. Елдегі билік иерархиясында президент – екінші маңызды тұлға саналады. Ол елдің атқарушы билігін басқарып, халықаралық өкілеттік міндеттерін орындайды.
Еске салсақ, Израиль мен Иран арасындағы қақтығыс бесінші күнге жалғасып жатыр. 13 маусымда Израиль “Күн көтерілген арыстан” операциясын бастап, Тегерандағы ядролық нысандарға баллистикалық зымырандармен соққы жасады. Салдарынан, бірнеше әскери қолбасшы мен ядролық ғалым қаза тапты.
Иран билігі елде төтенше жағдай жариялап, жауап ретінде Израиль қалаларына – Тель-Авив, Хайфа және Петах-Тикваға зымырандар атқылады. Тегеран билігі атысты тоқтату туралы келіссөздерге бармайтынын мәлімдеді.
Халықаралық қауымдастықтың деэскалацияға шақыруына қарамастан, тараптар қақтығысты жалғастырып жатыр.
Фото: AzTV

Ең көп оқылған
