Еуропа Ресейге қарсы санкцияның 19-пакетін ұсынды

Еурокомиссия (ЕК) Ресейге қатысты жаңа, 19-пакет санкцияларды ЕО-ға мүше елдердің бекітуіне ұсынғанын хабарлады. Бұл ақпаратты ЕК баспасөз қызметінің жетекшісі Паола Пиньо жұма күні, 19 қыркүйекте Брюссельде өткен брифингте растады, деп хабарлайды Malim.kz.
«Біз комиссияның Ресейге қарсы жаңа санкциялар пакетін – есеп бойынша 19-ншыны қабылдағанын растай аламыз», – деп келтірді оның сөзін AFP агенттігі.
ЕК төрайымы Урсула фон дер Ляйен және ЕО-ның сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Кая Каллас 19 қыркүйек күні соңына дейін баспасөз хабарламасында толық мәлімет береді, деп жазды The Guardian.
Reuters агенттігі ЕО-дағы дереккөздерге сілтеме жасап, жаңа санкциялар пакеті аясында Мәскеуге қарсы шара ретінде Ресейдің сұйытылған табиғи газын (СТГ) импорттауға 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап тыйым салу ұсынылуы мүмкін екенін хабарлады. Бұл – бастапқы жоспарланған мерзімнен бір жыл ерте.
Жаңа шектеулер Ресейдің тағы бірқатар танкерлеріне, криптовалютаны пайдалануға, ресейлік және орталықазиялық банктерге, қытайлық мұнай өңдеу зауыттарына, сондай-ақ қосарланған мақсаттағы тауарларды Ресей Қарулы күштеріне жеткізуге мүмкіндік беретін кедендік олқылықтарды пайдаланған бірқатар экономикалық аймақтарға қатысты болуы ықтимал.
Дереккөздердің бірі СТГ импортына тыйым салу 16 қыркүйекте ЕК төрайымы фон дер Ляйен мен АҚШ президенті Дональд Трамп арасындағы телефон әңгімесінен кейін «басымдыққа» айналғанын атап өтті.
Бұған дейін ЕО ресейлік СТГ-дан кезең-кезеңімен 2028 жылғы 1 қаңтарға дейін бас тартуды ұсынған еді. Алайда Трамп Еуроодақты бұл қадамға жедел баруға бірнеше рет шақырып, Мәскеуге қысымды арттыру үшін жол ашуды көздеді.
Reuters мәліметінше, бүгінде Еуропа сатып алатын газдың 19%-ы Ресейден жеткізіледі – «Түрік ағыны» құбыры арқылы және танкерлермен СТГ тасымалдау жолымен. 2022 жылғы ақпанда Украинада соғыс басталғанға дейін Ресейдің үлесі Еуропаға газ импортында 45% болған.
Қазіргі таңда Испания, Бельгия, Нидерланды және Франция ресейлік СТГ сатып алуда. «Түрік ағыны» арқылы газ Венгрияға, Словакияға және Болгарияға жеткізіледі. Өткен аптада француздық энергетикалық компания Totalenergies басшысы Патрик Пуянне ресейлік газға кем дегенде 2027 жылдың соңына дейін сұраныс болатынын айтты. Оның сөзінше, одан кейін оны басқа жеткізушілердің отынымен алмастыруға болады, әрі бұл бағаға айтарлықтай әсер етпейді.
Фото: Valerio Rosati/Zoonar/picture alliance