Иран «Хезболлаға» неге болыспайды?
Иранның қазіргі ұстанымы осыдан екі ай бұрынғы ұстанымынан өзгеше
Соңғы аптада Ливанда «Хезболла» бірнеше мәрте соққыға ұшырады. Бұл соққылар ұйымды соңғы төрт он жылдықтағы ең қиын кризиске әкелген көрінеді.
Алдымен «Хезболла» мүшелерінің пейджерлері мен рациялары жарылып, ондаған адам қаза тауып, жүздеген адам жарақат алды. Одан кейін іле-шала Израиль «Хезболланың» нысандарына әуеден соққы жасап, жоғары женді командирлердің көзін жоя бастады. Басқаша айтқанда, топ үшін бұл 2006 жылдан бері ең ірі қантөгіс болды.
«Хезболла» - ең ірі әскерилендірілген топ, бұл Израильге қарсы аймақтық қарулы топтардың коалициясы. Оны көбінесе «әлемдегі ең қуатты мемлекеттік емес армия» деп те атайды. Ол құрылған кезден бастап Иранның толық қолдауына ие болған еді. Сондықтан Израиль жойқын соққы жасай бастаған кезде көпшілік Ираннан да жауап күткен. Бірақ Иран үнсіз қалды.
Иранның ресми тұлғалары бұл жайлы не дейді?
Иранның ұстанымы туралы Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясына қатысқан ел президенті Масуд Пезешкианның соңғы пікірлерінен аңғаруға болады.
Американдық журналистермен кездесудің аудиожазбасында Пезешкиан ерекше мәлімдеме жасады. Ол егер Израиль де солай етсе, Иранның әскери күш қолданудан бас тартуы мүмкін екенін түсіндірді.
Бұл екі айдай уақыт бұрын айтылған Иранның ұстанымынан мүлдем өзгеше. Ол кезде Тегеранда ХАМАС көшбасшысы Исмаил Хания өлтірілгеннен кейін Иран Израильге қатаң жауап беруге ант еткен.
Иранның бұрынғы сыртқы істер министрі, қазір елдің вице-президенті Мұхаммед Джавад Зариф әлеуметтік желіде Пезешкианды қолдады, ол президенттің «Израильдің қылмыстарын» айыптағанын айтып, Иранды бейбітшілік үшін күресуші және аймақтағы ядролық қарусыздануды жақтаушы ретінде көрсетті.
Зариф Израильді Иранның ниеті туралы жалған әрі қауіпті көзқарас қалыптастырмақ болды деп айыптады, демек бұл Иранның соғысқа ұмтылмайтынын білдіреді.
Пезешкианның өзі американдық журналистермен сөйлескенде: «Біз соғысты қаламаймыз» деп нақты мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл қақтығыста жеңімпаз болмайды, ал Израиль Иранды осы қақтығысқа тарту үшін тұзақ құрып жүр.
Ал Израиль мен АҚШ-қа қатысты ең қатал көзқарастарды ұстанатын Иранның жоғарғы көшбасшысы Аятолла Али Хаменеи «Хезболланың» пейджерлері мен рациялары жарылғаннан кейін көпшілік алдында сөйлеген сөзінде Ливан туралы қысқаша ғана айтты. Ол ислам мемлекеттерін Израильге қарсы бірігуге, сондай-ақ онымен экономикалық және саяси байланыстарды үзуге шақырды.
Мұндай үрдіс әдетте Израильден кек алуға шақыратын ирандық БАҚ-та да көрініс тапты. Олар қазір ислам бірлігі сияқты идеяларға көбірек назар аударады.
Соған қарағанда бұл күрделі операциялар Иран билігін біршама ойландырып тастаған көрінеді. Яғни, Иран кек алудан бас тартуы мүмкін. Бірақ Иран кенеттен соққы жасап кек алмақ деген де болжам бар.
Фото: bbc.com