КХДР Украинадағы соғыста Ресейді қолдайтынын мәлімдеді

Корея Халық Демократиялық Республикасы (КХДР) Ресейге, соның ішінде Украинадағы соғыста да, қолдауын жалғастыра беретінін мәлімдеді. Бұл туралы Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын Пхеньянда Ресейдің Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Сергей Шойгумен кездесу кезінде айтты, деп хабарлайды Malim.kz dw.com-ке сілтеме жасап.
«КХДР үкіметі Ресейдің ұстанымы мен сыртқы саясатын халықаралық деңгейдегі барлық маңызды саяси мәселеде, ең алдымен Украина төңірегіндегі жағдай бойынша, бұлжытпай қолдай береді», — деп хабарлады Солтүстік Кореяның орталық телеграф агенттігі (ЦТАК) 4 маусымда.
Ким Чен Ын Украинадағы соғыс туралы айта келе, Ресейге «әділетті әрі қасиетті күресте міндетті түрде жеңіске жетуді» тіледі.
ЦТАК пен Ресей Қауіпсіздік кеңесінің сайтында жарияланған ақпараттарға сәйкес, Ким мен Шойгу Курск облысындағы ұрыстарды да талқылаған. Онда КХДР сарбаздары Украина Қарулы күштеріне қарсы соғысқан. Ресейлік тарап бұл кездесуде «корей жауынгерлерінің ерлігі мен ержүректігін есте қалдыру» мәселесі көтерілгенін мәлімдеді.
Пхеньянда КХДР әскери қызметкерлері Ресей сарбаздарымен бірге бір окопта шайқасып, Курск облысын азат ету операциясына қатысып, бұл аймақты өз Отандарындай қорғағаны айтылды.
ЦТАК пен Ресей Қауіпсіздік кеңесі бұл мәлімдемелерінде 2024 жылғы 19 маусымда Владимир Путиннің КХДР-ға жасаған сапары кезінде қол қойылған Мәскеу мен Пхеньян арасындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімге сүйенеді. Келісімде тараптардың бір-біріне қарулы шабуыл жасалған жағдайда әскери және өзге де көмек көрсетуі қарастырылған.
2024 жылдың күзінде КХДР әскері Курск облысына келіп, Украина Қарулы күштеріне қарсы ұрыстарға қатысқан. Алғашында Ресей билігі олардың қатысуын жоққа шығарғанымен, 2025 жылдың сәуірінде бұл фактіні Ресей Қорғаныс министрлігі мен Сыртқы істер министрлігі, кейіннен Владимир Путиннің өзі де растады. Сол кезде Пхеньян аталған операцияның «жеңіспен аяқталғанын» мәлімдеген.
Айта кетейік, Сергей Шойгу Пхеньянға бұған дейін 2023 жылдың шілдесінде, Ресейдің қорғаныс министрі қызметін атқарған кезде де барған. Сарапшылар сол сапар кезінде-ақ тараптар Украинаға қатысты әскери қолдау мәселесін талқылай бастаған болуы мүмкін деген пікір білдірген.
Фото: KCNA/REUTERS

Ең көп оқылған
