Путин мен Макрон 2022 жылдан бері алғаш рет сөйлесті

Путин Макронға қоңырау шалып, екі президент Таяу Шығыстағы және Украинадағы жағдайды талқылады, деп хабарлайды Malim.kz.
Кремльдің Telegram арнасындағы ақпаратқа сәйкес, РФ мен Франция президенттерінің бұл - 2022 жылдың қыркүйегінен бергі алғаш рет телефон арқылы сөйлесуі.
Араға үш жыл салып, телефон арқылы байланысқан президенттер мына мәселелерді талқылады:
Көшбасшылар Иран-Израиль қақтығысы мен АҚШ-тың Иранның ядролық нысандарына жасаған соққыларын қамти отырып, Таяу Шығыстағы жағдайды талқылады. Путин мен Макрон БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелері ретінде аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау бойынша өз елдерінің жауапкершілігіне де тоқталды, деп хабарлайды Кремль.
Украина айналасындағы жағдай талқысында Владимир Путин Батысты Ресейдің қауіпсіздік мүдделерін елемейді әрі Киевті жақтайды деп айыптады. Ол қақтығыстың бастапқы себебі жойылғанда, "жаңа территориялық шындық" есепке алынғанда келіссөздерге даяр екендіктерін жеткізді.
Кремльдің пікірінше, әңгіме сындарлы сипатта өтті. Көшбасшылар позицияларды үйлестіру ықтималдылығы бойынша арадағы байланысты жалғастыруға келісті. Француз бұқаралық ақпарат құралдары да Макрон Путинмен байланысты жалғастыруға ниетті екенін хабарлайды.
Фото: kremlin.ru


Ең көп оқылған
