Құрғатқыш ұнтақтың дауы. Британдар Johnson&Johnson компаниясын сотқа берді.

IMAGE: ©dw.com
3 мыңдай адам Johnson&Johnson АҚШ фармацевтикалық компаниясын сотқа берді. Бұл туралы DW - Неміс толқыны жазыпты.
Британдар шамамен 1 млрд фунт-стерлинг өтемақы талап етіп отыр. Талап арызда - Johnson&Johnson шығарған балаларға арналған құрғатқыш ұнтақтың құрамындағы талькта канцероген асбест болды делінген. Жәбірленушілер осының кесірінен өздері немесе туыстары обыр ауруына шалдықты дейді.
Талап арызда, компания өз өнімінің құрамында асбест барын 50 жылдан астам уақыт білгенін, бірақ пайда табу жолында сатуды тоқтатпағанын айтыпты. Бұл ұнтақты сату АҚШ аумағында 2020 жылы тоқтаған. Ал 2023 жылы - Ұлыбритания аумағында саудадан алынды. Ал 2024 жылы ДДҰ талькті обыр тудыруы ықтимал заттар қатарына қосты.
Johnson & Johnson өкілі болса, ұнтақтың жылдар бойы тәуелсіз зертханалардың тексеруінен өтіп тұрғанын, оның ішінде - Ұлыбритания және әлемнің университеттері мен меморгандары болғанын алға тартады.
Айта кету керек, биыл сәуірде аталмыш компания Америкадағы 90 мың адамға осындай талап арыз бойынша 8 млрд доллар өтемақы төлеуге келіскен еді.